Сабақты қалай әсерлі өткізуге болады?
География сабағында ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдаланудың өзіндік тиімділігі бар. Егер сабақ беру барысында интерактивті тақтаның барлық мүмкіндіктерін пайдалансақ, оқушының сабаққа деген қызығушылығы артады. Сонымен қатар, сабақтарымда оқушы компьютер, аудио, видео құрылғылардың көмегімен мәтінді тыңдап, бейнесюжеттерді көре алады. Аз уақытта оқушы көп ақпарат алып, уақытты үнемдейді.
География сабағында электронды оқулықтарды жиі пайдаланамын: анықтамалар, энциклопедиялар, карталар, атластар, бейнефильм, диаграмма, QR бағдарламалар арқылы оқушылардың өз бетінше білім алуға қызығушылығы артады.
Географиядан электрондық оқулықты пайдаланып өткізген сабақтарға тоқталып өтсем, 9-сынып Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясынан «Отын-энергетика кешені», «Мұнай өнеркәсібі» тақырыптарын өткенде, Қазақстандағы мұнай-газ өндірісі шоғырланған, дамыған аймақтарын, мұнайдан алынатын өнім түрлерін, мұнай-газды өндірудегі ірі компаниялардың жұмыс жүргізу тәсілдерін ғаламтордан алу арқылы сабаққа пайдаланып, электрондық оқулықтағы тақырып бойынша берілген тапсырма, тесттерді орындаттым. 10-сынып оқушылары «Жиынтық көрсеткіштер бойынша есептелетін дүниежүзі елдерінің индекстері мен рейтингі» тақырыбы бойынша берілген сарамандық жұмыстарда қосымша мәліметтерді пайдалана отырып график құруды жүзеге асырды.
График құрастыра отырып, талдап, қорытынды жасады. Нәтижесінде оқушының ой-өрісін кеңейтуіне жол ашып отырамын.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдаланудың оқушының субъектілігін дамытуында және білім сапасын арттыруда дидактикалық мүмкіндіктері көп, ерекше қолданысқа ие түрлеріне тоқталып өтетін болсақ:
– мәтіндік, графикалық, аудио-бейне, ақпараттық анимацияның бірігуі;
– оқушылардың әлеуметтік қоғамның мүшесі болуына қажеттілігін арттыра түседі;
– ғылыми жұмыстармен айналысу, қажетті материалдар табу мәселесін жеңілдетеді;
– электронды поштаны қолдануға дағдыландырады;
– конференция өткізуге, алыс қашықтықтан ұжымдық жұмыс ұйымдастыруына мүмкіншілік береді;
– мультимедия жүйелері ақпаратты пайдалануға, әр түрлі параметрлер бойынша өзгертуге мүмкіндік береді.
Жаңа ақпараттық технологияны пайдалана отырып, электронды оқулықпен білім берудегі ерекшеліктеріне тоқталсам:
– түрлі анықтамалық ақпараттар алады;
– оқушылар өздігінен білім алады;
– пәнге қызығушылығы артады, сондықтан оқу үлгерімі көтеріледі;
– оқушының шығармашылық ізденісі жоғарылайды;
– қосымша терең білім алады және өзін-өзі тексереді;
– тақырыпқа қажетті бейнекөріністі тамашалап, талдайды;
– сарамандық жұмыстарды өзбетімен жүргізуге дағдыланады;
– кескін картамен жұмыстанады;
– ҰБТ-ға дайындалуға көмектеседі;
– деңгейлік тапсырмалар орындайды;
– тесттік тапсырмалар шешеді.
Менің мақсатым – қазіргі заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу, оларды «оқи» білуге, стандартты емес жағдайлардан шыға білуге, көп материалды аз уақытта қабылдай білуге үйрету. «Қанша білсең, ізден тағы, тағы да, білікті адам жетер тілек, бағына» деген ғұлама Баласағұнның сөздері менің өмірлік қағидам. Сондықтан, әр мұғалім күнделікті сабағына өмір талабына сай дайындалып ақпараттық-коммуникативтік технологияларды кеңінен пайдалануы тиіс.
Махбара БАКАШЕВА,
Алматы қаласындағы «Өзін-өзі тану» гимназиясының
география пәні мұғалімі
Загрузка...