Түлектерге кеңес беру пункттері ашылды

10 шілдеден бастап маңғыстаулық түлектерді ақпараттық қолдау мақсатында Ақтау қаласы 13 гимназия ғимаратында кеңес беру пункті ашылды. Бұл туралы алдын ала Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева хабарлаған болатын. 
 
Спикердің айтуынша, ашылатын кеңес беру пункттерінде еліміздегі 43 университтің өкілдері шақырылған. Олар 10-20 шілде аралығында талапкерлерге қажетті ақпарат береді.
Жалпы, 10 маусым – 10 шілде аралығында өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында кәсіптік бағдар беру бойынша кеңес пункттері жұмыс жасауда.
 
ҰБТ-ден тиісті шектік балды жинаған түлектер еліміздегі Алматы, Нұр-Сұлтан, ШҚО, СҚО, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облысының университеттерін таңдай алады. Грантқа тапсыру 13-шілде мен 20-шілде аралығында өтеді.
 
Айта кетейік, осыған дейін Маңғыстау түлектеріне қосымша 6 мың грант бөлінгенін айтқан болатынбыз.
 
Бұл талапкерлерге үлкен мүмкіндік. Басты басымдық педагогикалық және техникалық мамандыққа беріледі. Облыста мұғалімдер тапшылығы бірнеше уақыттан бері айтылып келеді. Әсіресе, орыс тілі мен әдебиетінен жетіспейді. Сондықтан осы бөлінген грант арқылы кадр жетіспеушілігін жоюды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылы түлектердің 80%-дан астамы ҰБТ-ға қатысып жатыр. 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжат қабылдау болады,-деді Гүлмира Мамаева.
 
Сонымен қатар, 2018 жылдан бері жергілікті бюджет есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін жергілікті бюджеттен білім беру гранттары бөлініп келеді.
 
Алдағы оқу жылына жергілікті бюджеттен 175 грант бакалавр мамандықтарына бөлінді (медицина, өнер, ауыл шаруашылығы салаларына). Тамыз айында конкурс комиссиясының отырысы өткізіліп, грант иегерлері анықталатын болады. Аталған конкурс жөніндегі ақпараттар шілде айының екінші жартысында Білім басқармасының интернет-ресурстарында хабарланатын болады, – деді Гүлмира Мамаева.
 
Айта кетейік, биылғы оқу жылында Маңғыстауда 7562 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде 174 алтын белгі мен 520 үздік аттестат иегері бар.
 
Маңғыстау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий