Қолданбалы курс – тұлғаны шығармашылыққа тәрбиелеу негізі

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының білім туралы тұжырымдамасы ойлы, өнерлі, білімді тұлғаны қалыптастыруға бағытталған және қазіргі білім жүйесі оқушылардың танымдық белсенділігін арттыратын оқытудың дәстүрлі емес, белсенді түрін және әдістерін оқу жүйесіне енгізу бағытында құрылуы тиіс.

Қолданбалы курс мектептің базистік оқу жоспарының мектеп компоненті мен оқушы компонентін жүзеге асыруды көздейтін бағдарлы оқыту процесінде маңызды орын алатыны белгілі, және, бағдарлы оқытуды жүзеге асырудың басты құралы ретінде қарастырылады. Қолданбалы курстар бағдарлы пән бойынша берілетін теориялық білімнің қолданбалы сипатын ашып көрсетуге бағытталғандықтан оған оқушылардың барлығы қатысуға міндетті.

Сондықтан, қолданбалы курстарына қажетті материалдарды таңдауда мұғалімдер өздерінің бағдарламаларын құру жұмыстарын «Оқушыға қолданбалы курс несімен пайдалы және оны оқып үйренуге қалай қызықтыруға болады?» деген сұраққа жауап бере алатындай етіп жүргізу қажет.

Алайда, қолданбалы  курсты ұйымдастырудың өзіндік әдістемелік ерекшеліктері бар. Жоғарыда айтылған сұраққа жауап бере алатындай етіп бағдарламаны құру және оны жүргізу, яғни, жүзеге асыру тіпті оңай шаруа емес. Шет тіліндегі білімді дамыту үшін білім берудің үйреншікті әдісінен оқыту процесінде оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыратын білім берудің белсенді әдісіне көшу керек. Бұл тапсырманы орындауда ағылшын тілі пәнінен қолданбалы курстың маңызы зор. Өйткені, мектептiң бiлiм беру жүйесiнде жас ұрпақты жан-жақты дамыту мен тәрбиелеуде олардың жалпы мәдениетiн қалыптастыруда, тұлғаны шығармашылыққа тәрбиелеуде, өзiнiң табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершiлiгiн сезiнуде қолданбалы курс  үлкен рөл атқарады.

Ағылшын тілін білу өмірдің өзекті мәселесіне айналып отыр. Тіл – тек қатынас құралы емес, тілін үйреніп жүрген елдің рухани байлығын меңгеруде де маңызды. 11-сыныпқа арналған ағылшын тілі  пәнінен  «The world of Britain» тақырыбындағы  қолданбалы курсының жоспары оқушылардың ағылшын тілі пәнінен сабақта алған білімдерін тереңдету, ой өрісін кеңейту, тілін оқып жатқан елдердің саяси, мәдени өмірін, білім беру жүйесін, салт-дәстүрін тереңірек таныстыруды көздейді.

Бұл қолданбалы курс аптасына 1 сағаттан, жыл бойы 34 сағат көлемінде жасалған. Бағдарлама оқушылардың ой-өрісін, сөздік қорын байытып, басқа елдердің тілі мен тыныс-тіршілігінен хабардар болып, салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелейді. Курстың мақсаты  оқушыларға шет ел халықтарының өмірі мен этномәдениетінің ерекшеліктері туралы түсінік бере отырып, ағылшын тілінде сөйлеуге дағдыландыру.  Ал, міндеттері :

  1. Оқушыларға ағылшын тілінің ғылыми негіздері лингвистикалық дүниетанымын қалыптастыру;
  2. Сөйлеу әрекетіне қажетті заңдылықтар мен талаптарды меңгерту;
  3. Ақпаратты қабылдау кезінде тілдік құралдардың бейімделу іскерлігін қалыптастыру;
  4. Ұлттық мәдениет пен тілін үйреніп отырған елдің мәдениетін үйрену.

Қолданбалы курстардың мазмұны пән тұрғысынан емес, оның практикалық пайдалылығы тұрғысынан құрылады.

     Оған үлгі ретінде оқушылардың   «English Limericks», «Borrowings in English», «Қазақтар мен британдықтардың ауа райына көзқарасы» тақырыбындағы ғылыми жоба жұмыстарын және «Great  Britain  and Northern Ireland», «Places of Interest in  Great Britain», «Customs and Traditions of Great Britain» таныстырылымдарын  алуға болады. Оқушыларды ағылшын тілі пәнінен ғылыми жобаға қатыстыру арқылы олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау, білімді өз бетінше меңгерту, оқушылардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыру және интелектуалдық іс-әрекетке әзірлеуді жүзеге асыруға болады.

Курстың нәтижесінде оқушының оқып-білуге деген қызығушылығы артып, келешек өмірден өз орнын табуға зор құлшынысы оянады. 

 

                                                  Рахима ЕРМҰХАНОВА, 

                                                  Атырау облысы, Исатай ауданы,  Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің  ағылшын тілі пәні  мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий