“Бақытты бала” тілдік лагері балаларды бақытқа бөледі
Мектеп оқушыларының жазғы демалыс уақыттарын тиімді өткізу үшін ұйымдастырылған каникул шараларының бірі – «Бақытты бала» тілдік лагері. Атырау облысы, Исатай ауданына қарасты Аққыстау ауылындағы Абай атындағы ММГИ бойынша жүргізілген бұл лагерьде бесінші сыныптың оқушылары қамтылып, түрлі тақырыптармен қызықты сабақтар желісін ұйымдастырды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ұйымдастырылған тілдік лагерьдің алғашқы күні табиғат аясында серуендеумен басталды. Көңілді эстафеталық ойындар арқылы мақал-мәтелдер мәні ашылып, жұмбақтардың шешімі табылды.

Екінші сабағы “Өлеңмен өрілген ой” тақырыбында өткізілді. Бұл сабақта балаларға кез-келген ұйқас түрлерінен мысалдар берілді, балалар сол ұйқасқа өлең құрады. Ондағы мақсат – балалардың өлеңге деген қызығушылықтарын арттырып, ақындық қабілеттерін дамыту. Балалардың қиялдарына ерік беріп, шығармашылықтарын шыңдап, ойларын жинақтап, жазу дағдылары қалыптасқандығы байқалды. Кейін лагерь тәрбиеленушілері “Жайдарлы жаз” тақырыбында шығарма жазудан өзара сайысқа түсті. Балалар берілген тақырыпқа сай ойларын жүйелеп, жадыраған жазды қалай өткізетіндерін жоспарлап, жаз қызықтары туралы сөз қозғап, тапсырманы қызығушылықпен орындады. Ал, 1 маусым – балаларды қорғау мерекесіне орай лагерь тәрбиеленушілері ауданымыздың орталығындағы “Қазақ елі” саябағының алдында ұйымдастырылған шеруді тамашалады.

Бұдан өзге, лагерь жұмысының жоспарына сәйкес, аудандағы тарихи-өлкетану мұражайына да бас сұқтық.

Саяхат барысында оқушыларға бірінші музей туралы түсінік берілді. Өлкетану музейінде оқушылар туған табиғатымыздағы түрлі аң-құстар, тарихи жәдігерлер, қолөнер бұйымдары, тарихи құндылықтармен жете танысты.

Тілдік лагерь демалушыларының әр күнін әсемдеу үшін түрлі бағыттағы тақырыптарды қамтуды жөн санағандықтан, қолөнер тақырыбын да мазмұнды қамтуға тырыстық. Халық өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан өнер шеберлерінің қолынан шыққан қолөнер туындыларын халықтың өмірінен, тұрмысынан бөліп қарау мүмкін емес. Қолөнер бұйымдарына салынған түрлі – түсті адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан қарым-қатынасын, бөлінбес бірлігін көруге болады. Мектеп оқушыларында қазірден бастап ұлттық бұйымдарды жасауға деген талпынысты қалыптастыру керек. Бұл орайда, “Шебер қолдар” тақырыбында сабақ өткіздік.

Сабақ барысында ұл балалар ою ойып қиялдарына ерік берсе, қыздар жағы бисер моншақтармен алқа, білезік, шашбау жасап, әдемілеп кесте тігіп, сонымен қатар, тоқыма өнерлерін де өте қызығушылықпен үйренді.
Кезекті сабақта оқушылар “Қазақтың ұлттық аспаптары” тақырыбымен танысып, олардың түрлері мен ойнау әдістерін үйренді. Сабақтың алғашқы бөлігінде оқушылар ән шырқап, домбыра шертіп үйренсе, сабақтың екінші бөлігінде, басқа да ұлттық аспаптармен толығырақ танысып, көзбен көріп, қолмен ұстау үшін ауданымыздағы Ш. Шәріпов атындағы балалар саз мектебіне бардық. Басты мақсат – қазақтың ұлттық аспаптарын мақтаныш тұтуға тәрбиелеу, ұлттық өнерге деген қызығушылықтарын арттырып, оны құрметтеуге баулу.
“Бақытты бала” тілдік лагерінің жабылу салтанаты да үлкен мерекелік көңіл-күйде ұйымдастырылды. Жазғы лагерьлер әр түрлі болғанымен олардың мақсаты мен міндеттері бірдей: балаларды тынықтыру, қызықтыру, денсаулықтарын нығайту, бар жақсыға тәрбиелеу. Балалар бұл аталған лагерьде жарқыраған тіршілік, шаттыққа толы күн, табиғат, жаңа достар, таза ауа, қызықты уақыттар, өнер, шеберлік бәрін бастан өткізді. Көңілді аюларды қонаққа шақырып, балалар түрлі қызықты номинациялармен маратпатталып, би билеп, ән айтып, суретке түсіп қимастықпен тарқасты.
Айкөркем ӨМІРЗАҚОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі