Күй құдіретін танытқан талант

Күй – көне замандардан күні бүгінге дейін халқымыздың рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы. Күй – өте көне өнер. Халқымыздың  сонау сақ дәуірінен бастап басынан кешкен небір зобалаң тағдыры да күй арқылы бізге жеткізілгені тарихтан мәлім. Ал осы күйді  жүйелеп, заманауи бағытта дамытып, бүгінгі жас ұрпақтың кәдесіне  жарату және оны әлемдік деңгейде насихаттау бағытында еңбек ету – ерлікке тән.

Халық күйлерінің әуендік сипаты, көркемдік образы, философиялық ой тереңдігі, халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін көрсетеді. Осы жерде жас буынға күйді қоңыр үнмен жеткізетін аспаптың бірі – домбыра аспабы. Қазақ халқын басқа халықтардан ерекшелеп тұратын да осы – қасиетті қара домбыра. Әр қазақ шаңырағының төрінде ілініп тұратын  домбыраның шанағынан төгілтіп күй орындамаса да, домбыра шертпейтін қазақ кемде-кем. Бүгінгі таңда бабадан мұра болып қалған домбыраның қасиетімен күй күмбірін жеткіншек ұрпаққа аянбай үйретіп, жеткізіп жүрген  өнер қайраткерлері аз емес. Солардың бірі  Атырау қаласындағы «Дина  Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің  оқытушысы, Б.Рзаханов  атындағы халық аспаптары оркестрінің жетекшісі, профессор – Сәлімгерей Бақытғалиұлы Садықов.

 Садықов Сәлімгерей Бақытғалиұлы – 1973 жылы 10 шілдеде Атырау қаласында дүниеге келген. 1980-1988 жылдары қаладағы Ю.А.Гагарин атындағы орта мектепте білім алды. 1985-1988 жылдары №1 балалар музыка мектебінде домбыра мамандығы бойынша қосымша (ұстазы Ж.Батырхайырова) оқыды. 1988-1992 жылдары аралығында Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка училищесіне оқуға түсіп, домбыра мамандығы бойынша (ұстазы Б.Мұхтарова) тәмамдады. 1992-1997 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің, музыка факультетінің толық курсын (ұстаздары Б.Рзаханов, Ұ.Естаева) аяқтады.

С.Б.Садықов – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын екі мамандық (домбыра және оркестрді дирижерлау) бойынша 1997 жылы оқуға қабылданып 2001 жылы (профессорлар К.Сахарбаева, Т.Әбдірашевтардың класынан) тәмамдап, осы жылдан бастап Домбыра кафедрасына ұстаздық қызметке қалдырылды.

2001-2003 жылдар аралығында профессор Қ.Ахмедияровтың класынан ассистентура-стажировка курсы бойынша (домбыра) білім алды.  2005 жылдан Халық музыкасы факультеті, Домбыра кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы, 2007 жылдан Домбыра кафедрасының меңгерушісі, профессор, «Мәдениет қайраткері», «А.Байтұрсынов» атындағы медальдың иегері.

Консерваторияда қызмет жасаған жылдар ішінде С.Садықов өзін өте жақсы деңгейде көрсете білді. Сыныбынан білім алған студенттері оқу талабына сай сынақ, емтихандарды мерзімінде тапсырып, консерватория қабырғасындағы әр түрлі деңгейдегі шараларға белсене араласуда, бірқатары республикалық сайыстардың лауреаттары. Атап айтсақ: Рүстем Наурызов, Айнұр Зайнуллина, Жалғас Егізбаев, Әсет Әбдірахманов, Әйгерім Оспанова, Сардарбек Абилов, Шалқар Рысханов, Құрманғазы Қалиев, Сымбат Әлімбетова, Алмас Нұғманов, Серік Әлібеков, Темірлан Кубат, Мәди Тулев, Қайрат Жұмағалиев және магистратура бойынша Ерасыл Қауымбаев, Ақтөре Ибрагимов т.б. Консерваторияның толық курсын аяқтап, түлектер де өнер саласы бойынша Республиканың түкпір-түкпірлерінде мектеп, колледж, филармонияларда абыройлы еңбек етуде.  

С.Б.Садықов – радионың және теледидардың алтын қорына көптеген дәстүрлі ән-күйлерді жазып, сонымен бірге түрлі деңгейдегі концерттерде өз өнерін көрсетіп, ұлттық өнерді дәріптеуде. 2001 жылы Батыс Қазақстан облысында өткен, Дәулеткерей атындағы І-ші Республикалық домбырашылар сайысының лауреаты. 2003 жылы Құрманғазы атындағы оркестрдің құрамында Ресейдегі «Қазақстан жылының» ашылу салтанатына арналған Мәскеу қаласында және Башқұртстан, Татарстан Республикаларында болып өнер көрсеткен.

2004-2018 жылдары шетелдегі Қазақстан елшіліктерінің шақыруы бойынша Швейцария, Германия, Оңтүстік Корея, Чехия, Англия, Гонконг, Қытай, Финляндия, Франция, Италия, Америка, Голландия, Индия, Португалия, Испания, Австрия, Дубай, Туркия мемлекеттерінде және Тәжікстан, Азербайжан, Өзбекстан, Қырғыз Республикаларында гострольдік сапарлармен болып, концерт берді.

Орындаушылық өнерін оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстар мен ұштастырып жүрген маман. Осының айғағы ретінде С.Садықов «Ұстаздық машықтану», «Дайындық курсына мамандық пәнінен талаптар», «Дәстүрлі ән-күйлерді аспаптандыру», «Домбырашылар ансамблі», «Мамандық», «Концерттік орындаушылық шеберлік»-пәндері бойынша оқу талабына сай бағдарламалар жазып шықты, бұл еңбектері ғылыми кеңестен өтіп, оқу жүйесіне енгізілді.

Халықаралық және республикалық дәрежедегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларда көптеген мақалалары және баяндамалары оқылып, жарық көрді.2008 жылы «Қазақстанның Батыс аймағының домбырашылық дәстүріндегі Меңзер күйлері» (ғалым Б.Сарыбаевтың 80 жылдығына арналған конференция), 2011 жылы «Қазақстанның Батыс өңіріндегі халық композиторларының тың туындылары» (күйші Динаның мерейтойына арналған «Дәстүр және даму» атты конференция), «Күй өнеріндегі «Қоңыр» жанрының қалыптасуы мен дамуы», «Республика бойынша күйді оркестрге лайықтау үрдісінің дамуы»,2014 жылы наурыз айында Англияда өткен халықаралық конференцияда авторлармен біріккен мақаласы (6 international and Practical – 2014 (К.Сахарбаева, А.Үлкенбаева, А.Жұмағалиева) шықты.

Сонымен қатар, көптеген ән-күйлерді нотаға түсіріп, хаттап жарыққа шығуына ат салысып жүр. Хатталған ән-күйлері, төменде көрсетілген құрастырушылардың жинақтарында жарыққа шықты. Атап айтар болсақ, Қ.Ахмедияров, С.Өтеғалиева, К.Сахарбаева, Т.Құдайбергенов, Б.Нұржанов, К.Дүйсекеев, Б.Жұманиязов, А.Қоразбаев, А.Жайымов, Е.Нұрымбетов, Б.Тұрмағамбетова т.с.с. «Атырау ән-күй мұхиты», «Шашақты найза, шалқар күй», «Ұнатамын мен сені», «Құрманғазы», «Күйші Қали», «Ұстаздардың ұстазы», «Аманат», «Туркменские кюи в домбровой традиции Западного Казахстана», «Домбыра үйрету әдістері», Қазақстанның мәдени мұрасы көптомдығы жобасының 5 томында халық композиторларының бірнеше күйлері нотаға түсіріліп енгізілді, «Толғау», А.Райымбергенов «Қазанғаптың күйлері», «Домбыраға арналған хрестоматия», «Өрісті өнер өнегесі», «Атырау өлкесінің күйлері» (ІІ том), Дәулеткерей «Бапас», Қ.Ахмедияров «Мәңгілікпен сырлассын күй ғұмырың…», Дина «Әсем қоңыр», Е.Сақтанов «Домбыраға арналған шығармалар», Т.Тоқжанов «Көшпенділер», «Өткінші»жинақтарында «Алғы сөз»-ін жазушы, пікір білдіруші және музыкалық редактор ретінде еңбек етті.

2005 жылы құрылған «The magic of Nomads»(Көшпенділер құпиясы) этно-джаз тобының белді мүшесі, топтың негізгі мақсаты қазақ халқының дәстүрлі музыкасын шет мемлекеттерге насихаттау. 2008 жылы топтың алғашқы «Бұлбұл заман» атты альбомы, Лондондағы «Abbey Road»дыбыс жазу студиясында жазылған.

С.Садықов – аспаптандырушы, өңдеуші (инструментовщик, аранжировщик) ретінде де қазақ ұлт-аспаптары оркестрлеріне 100-ден аса шығармалар мен ән-күйлерді лайықтап түсіріп оркестрлердің репертуарларын молайтуда.

Дәстүрлі және кәсіби өнер бағытындағы келелі мәселелер және айтулы тұлғалар жөнінде жазылған танымдық мақалалары мерейтойлық жинақ, журнал, газет беттерінде жарық көріп, қалың оқырмандарға жол тартты. Атап айтсақ: «Жүрегінен жылылық арылмаған адам еді» (ұстазы профессор М.Қалауовқа арналған), «Ұстаз ұлағаты» (ұстазы профессор К.Сахарбаеваға арналған), «Академик Ахмет Жұбанов есімін ұлықтайық», «Қазақ өнерінің аяулы қызы еді» (қобызшы әрі досы Жанар Ермағамбетоваға арналған), «Асыл аға» (ҚР халық артисі Тұяқберді Шәміловке арналған), «Тарлан талант» (Ардагер ұстаз Боздақ Рзаханұлына арналан), «Найзағай ғұмыр…» (ҚР Мәдениет қайраткері Ж.Ермағамбетоваға арналған) т.с.с.

2008 жылдан Халықаралық және Республикалық фестивалдар мен сайыстарда және Республикалық пәндік Олимпиадаларда қазылар алқасының төрағасы және мүшесі ретінде абыройлы қызмет атқаруда. Мысалы: Халықаралық «Бозторғай» фестивалі (Алматы),«Күй-қағаны» атты Республикалық Р.Ғабдиев атындағы домбырашылар сайысы (Атырау), Респбликалық жоғары оқу орындары арасындағы пәндік Олимпиада (Алматы), Халықаралық Қ.Ахмедияров атындағы «Күй Ұран» атты халық аспаптарында орындаушылар сайысы (Атырау), Халықаралық «Тұлға» атты фестиваль (Қарағанды), Қазанғап атындағы Халықаралық «Ақжелең» атты күйшілер сайысы (Ақтөбе), Республикалық «Көшпенділер әуені» халық аспаптарында орындаушылар сайысы (Алматы), Республикалық «Дельфии ойындары» байқауы (Алматы), Облыстық «Домбырашы қыз» сайысы, Республикалық колледждер арасындағы сайыс (Нұр-Сұлтан).

Республика бойынша орта оқу орындары түлектерінің мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы ретінде шақырылып тұрады. Өскемен музыка колледжі, К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған арнайы мамандандырылған музыка мектебі (Алматы), А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған арнаайы мамандандырылған музыка мектебі (Алматы), Маңғыстау өнер колледжі, «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжі.

2010 жылы жарық көрген«Халық аспаптары оркестріне лайықталып түсірілген күйлердің партитуралары», 2015 жылы шыққан «Домбыраға арналған шығармалар» (аға оқытушы А.Жұмағалиева мен бірге), 2021 жылы шыққан «Домбырашылар ансамбліне лайықталып түсірілген күйлер» атты оқу құралдарының авторы.

2019 жылы Атырау қаласына қоныс аударып, Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінде жұмыс жасады. 2020 жылдан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметте. 2021 жылдан бері колледждің Б.Рзаханов атындағы халық аспаптары оркестрінің жетекшісі.

Ұлтты танып, бағалай білу – осы өзің туған өлкені, сол өңірдегі ақын мен жазушыны, күйші мен жыршыны танудан басталады.Сондықтан, халықтың рухани көзін ашып, атадан қалған көне дүниені жаңғыртып жүрген кәсіби маман Сәлімгерей Бағытқалиұлының біз үшін орны ерекше. Ұстаздың еліміздің мәдениет саласына қосқан үлесі орасан зор. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, Б.Мұхтарова, Б.Рзаханұлы, Ұ.Естаевасынды ұстаздардан білім алған ағамыздың бізге ұстаздық еткенін мақтанышпен айтамын.

С.Садықовтың халықаралық және республикалық дәрежедегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жарияланған мақалалары мен оркестр, ансамбльге лайықтап жасаған оқу құралдары мәдени саласындағы  өнер мамандарына таптырмас еңбек оқулығы. Колледж қабырғасында  дәріс алып жүрген студенттері де бұл күндері түрлі республикалық,халықаралық конкурс жүлдегерлері.

Еңбек жолында бір жүрген әріптесі Төлепберген Тоқжановтың:

– Жасы кіші болғанымен сабырлы, мәдениетті, өз мамандығының хас шебері, пайым-парасаты биік ұлтжанды азамат екен. Ұлылардың ізін жалғаған ,көненің көзіндей болған Сәлімгерей қандай қызмет пен лауазымға да лайықты, – деп дәріптеуінің өзі ұстаздың  даралығының тағы бір дәлелі.

«Өнерде шәкірттік сезімін ұмытқан адам – ұстаз да бола алмайды»деп Әбіш Кекілбаев айтқандай ағамыз салған сара жолмен жүру менің де адамдық борышым. Сәлімгерей Бақытғалиұлынан дәріс алатын әр шәкірті ұстаз жөнінде тек жылы лебіздерін айтады. Өнер ордасында құрылған Боздақ Рзаханов атындағы оркестрдің жоғары орындаушылық шеберлігі тыңдарман қауымның сүйіспеншілігін тудырып, оларды халқымыздың бай музыкалық мұраларымен, отандық және классикалық озық музыка үлгілерімен таныстыруда. Болашақта  оркестріміз тарихтан ойып тұрып орын алатын  оркестр болатынына сенімім мол.

Күй отаны – Атырау өңірінен шыққан, күй құдіретін танытқан тұлға Сәлімгерей Бақытғалиұлы – өмірін өнермен өрнектеген парасатты ұстаз. Шәкірттері үшін тек ұстаз ғана емес, үлгі тұтар жоғары мәдениет өкілі саналатын өнер иесіне шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілеймін.

Дамир ЖОЛДАСҚАЛИ,
Ұстаз Сәлімгерей Садықовтың шәкірті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий