«Бұл қызметімді басқа ешбір саламен алмастырмас едім…»
Жүйемізге жуырда ғана қосылған бұл айдарымыздың бүгінгі кейіпкері, педагог-шебер Нұрбике Ерғалиева ұстаз болуды бала күнінен армандапты. Қазір сол балалық бал шағының асқақ арманын өмірінің маңызды құрамдас бөлігіне айналдырып, ұлы қызмет тізгінін 23 жыл бойы абыройлы арқалап келеді. Атырау облысы, Исатай ауданы, Жанбай ауылындағы Х.Нәубетов орта мектебінің география пәні мұғалімі, педагог-шебер. Сымбаты мен санасы бір арнада тоғысып, білігі мен биязылығы біте қайнасқан атыраулық ұстаздың жетістікке толы өмір жолына сырлы сұхбат арқылы бірге үңілейік. Назар салыңыз!
– Нұрбике, айдарымыздың кезекті қонағы болуға келісіп, ұстаздық жолдың қыр-сырымен бүкпесіз бөлісуге бел буғаныңыз үшін рахмет! Әңгіме ауанын сонау бала шақтан бастасақ. Ұстаз болу бала күнгі арманыңыз ба еді?
– Көп рахмет! Бүгін ұстаздар қауымының сырласына айналып үлгерген «Білімді ел» басылымы арқылы қалың оқырманмен байланысып отырғаным үшін өте қуаныштымын! Оған сеп болған сіздерге рахмет! «Ұстаздық – ұлы қызмет» деп бекер айтпаса керек. Оның ұлылығына осы жолға белімді бекем буғалы бері сан мәрте көз жеткіздім. Шәкірттерім түлеп ұшқан сайын кезекті шыңымды бағындырғандай күй кешем. Енді, сауалыңызға оралайын. Ұстаз болу бала күнімнен арманым болды. Өзіме әйтеуір осы қызмет ұнайтын. Үйдің қасындағы өзімнен кіші балаларды отырғызып қойып сабақ беретінімді әлі күнге дейін ауылыма барғанда көрші апалар күліп есіне алады.
– Өз өскен ортаңыз, балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз…
– Өзім Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты Таңдай селосында туып өстім. Алаңсыз балалық шағым сол жерде өтті. Бос уақытымызда көше балалары бірігіп асыр салып ойнаушы едік, күтіп отырып теледидардан сүйікті бағдарламамыз бен кино көруші едік, ауылдық клубқа келетін концерт, киноларға барып, мектеп және ауыл кітапханасындағы кітаптарды және жазылып алдыртатын газет-журналарды оқитынбыз, мектепте керемет шаралар өтеді, соған қатыстынбыз. Қайсыбірін қозғайын, барлық адамзат баласына тән бал балалыққа деген сағыныш менің бойымды да үнемі билейтіні рас.
– Ұстаздық ұлы қызметті таңдауыңызға не түрткі болды?
– Қолыма ең алғаш қалам ұстатқан Қарлығаш апай, ары қарай білім нәрімен сусындатып тәлім тәрбие берген Бағдагүл апай, Мұрасбек ағай, Нағима апай мынды ұстаздарым осы жолды таңдауыма себепкер болды деп ойлаймын. Білікті, бала жүрегіне жол таба білетін Ұстаз болғым келді.
– Осы қызметке келгелі бергі басты жетістігіңіз қандай деп есептейсіз?
– Өте орынды сауал. Ең бастысы балаға ұлттық рухта білім мен тәрбие беріп,сол білім мен тәрбиені бала өз өмір жолында пайдалана алса менің ең үлкен жетістігім сол деп ойлаймын…
– Бұл қызметте бір орында тоқтап қалу – тоқырауға әкелетіні сөзсіз. Осы ретте, біліктілікті үнемі жетілдіріп отырасыз ба?
– Ол рас. Шындық. Білімді үздіксіз жетілдіріп, көтеріп отыру керек. Бұл тұрғыда тек өз пәнім бойынша ғана емес, жан-жақты даму керек деп есептеймін. Дамимын, оқимын деген адамға қазір барлығы қолжетімді. Кәсіби шеберлікті дамытып, үздіксіз білім алып, біліктілігімді арттырып отыру – менің басты міндеттерімнің бірі. Әсіресе, арнайы курстарға қатысып, шеберлік сағаттарына жиі қатысамын. Өз білгенімді мектебімдегі ізімізден ерген жас ұстаздармен бөлісіп, тәжірибе алмасқанды ұнатамын.
– Ал, алған марапаттарыңызбен де бөлісе отырсаңыз.
– Жас маман болып келгеннен бастап аудан, облыс, республика көлеміндегі «Жыл сынып жетекшісі», «Жыл мұғалімі», «Жыл тәлімгері», «Үздік география пәні мұғалімі», «Үздік авторлық бағдарлама», «Педагогикалық оқулар» сияқты көптеген сайыстар мен ғылыми, пракатикалық коференцияларға, яғни мұғалімдерге қатысты барлық сайысқа қатыстым десем де болады. Ешбір сайыстан жүлдесіз оралып көрмеппін. Дайындығыма, біліктлік деңгейіме сай қанжығам да қашан да майлы.
– Отбасыңыз туралы айта кетіңізші. Өз балаларыңыздың ұстаз болғанын қалар ма едіңіз?
– Отбасыма келер болсам, жолдасым да – мұғалім. Үлкен қызым Айша тілшілік тіршілікті таңдады. Одан кейінгі ұлым әкесінің жолын қуып, дене шынықтыру пәні мұғалімі болмақ. Жалпы, балаларға мамандық таңдауына еркіндік берген дұрыс деп ойлаймын. Өздерінің жүрек қалауларымен таңдауы керек деп есептеймін. Әсіресе, әке-аналарының жолымен ұстаз болуға бекінсе – құба-құп. Ұстаздар династиясы боп, ауылымыздың блім көкжиегін кеңейтуге зор үлесімізді қосып отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді…
– Қазір ұстаздардың жалақысы өсіп, жағдайы реттелді. Тіпті, ауыл-аймақтағы ұстаздардың мұнайшылардан кем жалақы алмайтынын естіп, таңырқап, бір қуанып қалғанымыз рас. Ал, бұған дейінгі 23 жыл ішінде аз жалақы алып, немесе, өзге де қиындыққа тап келген сәттерде бұл қызметтен басқа салаға кеткіңіз келген сәттер болды ма?
– Сөзіңіздің жаны бар… Шындығына келсек, ұстаздық қызметіміз үшін сол кезгі жалақының мардымсыздығын кейін жалақымыз өскен соң ғана сездік қой…. Оған дейін жалақымыз аз деген ой тіпті басымызға да келмепті. Бір күндері көтеріледі деп те күтпеппін. Барын қанағат тұттық.
Бірақ, басымызға не күн түссе де, ешқашан жұмысымды тастап басқа салаға кетем деген кезім болған емес. Бұл өз мамандығыма деген адалдығым, жақсы көргенімнен болар деп топшылаймын. Бұл қызметімді басқа ешбір слаамен алмастырмас едім…
Риясыз махаббатпен істеген қызметіңнің еш кемшілігі көзіңе шалынбайды. Қағазбастылықтан да, қоғамдық шараға жегілуден де қазір біртіндеп арылып келеміз… Оң бетбұрыстарға ішің жылып, қуанып қаласың…
– Жас мамандарға айтар кеңесіңіз?
– Мұғалімдік мамандықты кездейсоқ таңдамағаныңа сенімді бол. Ешқашан білмеген нәрсеңді сұраудан ұялма. Білімдеріңді үздіксіз жетілдіріңдер дегім келеді.
– Нұрбике ханым, рухани тұрғыдағы әдемі өрілген сұхбатыңызға алғысым шексіз! Ашық, шынайы жауаптарыңыз көрермен көңілінен шығып, көкейде жүрген сан сауалға жауап болды деген сенімдемін. Ісіңіз берекелі жалғасын таба берсін! Шәкірт санасын білім нәрімен сусындатудан жалықпай, шарықтай беріңіз!
– Сізге де, «Білімді ел» газеті ұжымына да көп рахмет! «Табысты ұстаз» айдарына шыққан әр ұстаздың өмір жолын өз басым қалт жіберместен оқып, танысып жүрмін. Келесі кейіпкері өзім болам деген ой тіпті болмаған еді. Өзгеден үйренеріміз әлі де көп қой. Бұл тұрғыда бұл айдардың бізге берері мол. Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан: Орынгүл МАХМУД
Загрузка...