Халықаралық білім бәйгесінде дарынымен дараланған шәкірттермен өңір басшысының кездесуі
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев халықаралық білім олимпиадасының жеңімпаздарын қабылдады. Кездесуге халықаралық жеңімпаз атанған дарынды оқушылар, олардың ата-анасы мен жетекшілері, аудан және қала әкімдері мен білім саласының өкілдері қатысты.

Химия және математика пәндерінен халықаралық дәрежедегі олимпиада биыл шілде айында өтіп, оған қатысқан облысымыздың “Білім-Инновация” лицей-интернатының бес бірдей шәкірті жеңімпаз атанған болатын. Атап айтқанда 1959 жылдан бері өткізіліп келе жатқан ең беделді халықаралық IMO-2022-математикалық олимпиадасын алғаш Румыния мемлекеті ұйымдастырса, биылғы 63-ші Халықаралық математикалық олимпиадасын Норвегия астанасы Ослода өтті.
Оған әлемнің 104 мемлекетінен 58 оқушы қатысты. Аталған олимпиадаға математика пәнінен алты оқушы таңдалып алынған. Соның бірі, Маңғыстау облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Абу Аділет қола медальді жеңіп алған еді. Бұл жеңіс математика пәні олимпиадасында бұрын-соңды республика тарихында болмаған.

Ал, Халықаралық химия олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді, биыл Қытай халық республикасының Тяньцзинь қаласында ұйымдастырылған 52-ші Халықаралық химия IСhO-2022 олимпиадасы қашықтықтан форматында өтті. Жарысқа әлемнің 83 елінен 332 білімпаз қатысты. Бұл олимпиадаға қазақстандық ұлттық құрамына химия пәнінен халықаралық, республикалық жарыстар мен олимпиаданың жүлдегерлерінен 4 оқушы таңдалып алынды.
Олардың бірі – 2022 жылы өткен республикалық пән олимпиадасының абсолюттік чемпионы, аталған оқу орнының 11-сынып оқушысы Нұрғалиев Санжар. Ол олимпиаданың қорытындысымен күміс медальге ие болды. Сондай-ақ, Ресейдің Якутск қаласында қашықтық форматында өткен математика, химия, физика және информатика пәндері бойынша «Туймаада» халықаралық олимпиадасына 130 қазақстандық оқушы қатысты.

Олимпиада қорытындысы бойынша аталған оқу орнының 10-сынып оқушылары Мұғалім Әліби мен Молдағұл Әділжан күміс медаль және 8-сынып оқушысы Умарбаев Нұрқожа қола медальді иеленді. Облыс әкімі аталған жеңімпаздар мен ұстаздарын және ата-аналарын жеткен жетістікпен құттықтады. – Өлкемізде талантты да дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетуде кешенді шаралар жүзеге асып келеді. Облысымызда дарынды балаларға арналған 3 білім беру ұйымы бар, солардың бірі де бірегейі -«Білім-Инновация» лицей-интернаты.
Қазақстан атын халықаралық білім додасында биік тұғырға көтерген шәкірттеріміздің жеңісі құтты болсын! Осы жеңіске баршаңыздың үлестеріңіз зор екендігін ерекше атап өткім келеді, – деген өңір басшысы облыста білім беру сапасын арттыратын жұмыстар жүзеге асырылуда екенін атап өтті. – Өңірімізде балаларға жағдай жасау және олимпиадалық қозғалысты дамыту аясындағы барлық жұмыстардың нәтижелі іске асуына, келешектегі білім додаларында жоғары деңгей көрсетуге облыс әкімдігі тарапынан әрдайым қолдау болатындығын айтқым келеді, – деді ол.

Кездесуде облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының ұстазы Ибрахим Бақдәулетұлы оқушылар заманауи жабдықталған оқу орнында жаңа білім беру әдісімен оқып жатқанын айтса, жеңімпаз оқушымыздың әжесі Нағима Нұрниязова білімді шәкірт тәрбиелеген ұстаздарға алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Жиын соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев олимпиада жеңімпаздары мен ұстаздарды және ата-аналарды Құттықтау хаттармен марапаттап, олимпиада жеңімпаздарына қаржылай сыйақы сертификатын табыстады.
Гаухар Нұрмұхаммедқызы ТАДЖИБАЕВА,
Облыстық «Дарын» қосымша білім беру
орталық басшысының орынбасары, Ақтау қаласы