Балабақшада ойын арқылы қазақ тілін үйретудің маңызы
Болашағы зор егеменді елімізідің өршіл талабына сай мемлекеттік тілді меңгеру, оқытуға, оның ішінде өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету ерекше мән берілуде. Тәуелсіз мемлекетіміздің келешегі – жас ұрпаққа сапалы білім беру – оны қазіргі заманға сай білімді, жан дүниесін рухани бай етіп тәрбиелеу сияқты қиыны мен қызығы бірдей іс – педагогтар еншісінде.
Жалпы білім беру жүйесінің алғашқы сатысы болып есептелетін мектепке дейінгі мекемелерге өзге ұлт балаларына қазақ тілін үйрету өзекті мәселелердің бірі. Болашақ ұрпаққа оқыту және тәрбиелеуді қоғам мүддесіне үйлесімді түрде қайта құру міндеттері жүзеге асырылуда. Мектепке дейінгі мекемеде орыс тілінде оқытып, тәрбиеленетін балаларға қазақ тілін оқыту мақсаты – балаларды қазақ тілінде ауыз-екі сөйлесе білуге үйрету, сөйлемдерді дұрыс айту, мұғалімнің сұрағына дұрыс түсініп, жауап беру тәсілдерін меңгерту.
Осыған орай, балабақшада қазақ тілі оқу қызметін тиімді жүргізу үшін оқу қызметі барысында жүйесінде ойындар қолданылады. Әрбір оқу қызметін өткізуде мұғалімнің шығармашылығы, әдіс-тәсілдері тиімді пайдалануы, оқу қызметін түрлендіріп ұйымдастыруда дидактикалық ойындарды қолдану, сөздік-қимылды ойындар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар қолдану балалардың қиялын шарықтатып, жеке басын дамыту үшін олардың психологиялық ерекшеліктерін ескеріп, оларға берілетін білімнің көлемі мен сапасына назар аударылады.
Білімді меңгеру үстінде баланың ойлау қабілеті ұшталады. Дидактикалық материалдар мен балалар жаттыққан сайын, олардың зейіні, тапқырлығы, ынталылығы, өздік ойлау жұмысы дами түседі. Мысалы: «Ойыншықтар» тақырыбын өткенде «Кім қандай ойыншықтарды біледі?», «Керекті дыбыспен ойыншықты ата», «Жаңғырық» атты ойындар қолданылады. «Жануарлар» тақырыбын өткенде «Ненің дыбысы?», «Төлдерін ата», «Қайсысы артық» – атты ойындар қолданылады.
Бұл ойындар барысында бала көзбен көріп, есте сақтау қабілетін дамытып, түр-түсін айыра білуге, сөздік қорын молайтып, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айыра білуге үйренеді. Қазақ тіліндегі таныс ертегілерді сахналау арқылы балалардың тілі ғана дамып қоймай, қиялын дамытып, кейіпкердің эмоциясын, сезімін сезінеді. Бұл жастағы бала тек еліктегіш, үлгі тұтатын нәрсенің бейнелі жағына көңіл аударғыш келеді, бұл мұғаліміне еліктейді деген сөз. Сондықтан мұғалім оқу қызметін әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеріп ұйымдастыра білгені жөн.
Қазақ тілі оқу қызметінде балалардың шаршап, жалықпауын қадағалау үшін ойын – тапсырмалар, оқылатын әдеби шығармалар олардың жас даму ерекшелігіне сәйкес болуы көзделеді. Оқу қызметінде балаларды ұлттық салт – дәстүрлермен таныстырып, мерекелерде іс жүзінде көрсетіледі. Қазақ тілі оқу қызметін ойын арқылы жүргізу адамгершілік мінез-қылықты қалыптастыруға ықпал етеді; сыпайы түрде сәлемдесуге баулу, достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Қазақтың ұлы ғұламаларын біліп, құрметтеуге тәрбиелеу, қазақ тіліне деген құрмет пен қызығушылықтарын арттыру ескеріледі. Беріліп отырған жұмыс балаға бағдарламаның мазмұнының терең үйренуге бағыт береді ойын және ойын тәсілдерін енгізіп мектепке дейінгілердің тілдерінде сөзді ойлап қолдануына мүмкіндік береді.
Ж. САУТБЕКОВА,
№4 ясли-бақшасының қазақ тілі маманы,
Жетісу облысы, Талдықоған қаласы