Алматы облысындағы жас өнертапқыштың жетістігі
Ел Президенті биылғы Жолдауында техникалық мамандықтарға басымдық бергені белгілі. Өйткені, қазіргі таңда технология мен роботтар құрастыру ісіне қызығушылық танытқан жастардың қатары артып келеді. Жиырма бірінші ғасыр – техниканың заманы. Оны ұстаздар да, оқушылар да жақсы біледі. Сол себепті, ғылым арқылы ғаламат жаңалықтар ашуға ұмтылады, – деп хабарлайды Алматы облыстық білім басқрмасының баспасөз қызметі.

Бүгінде электроника, 3Д модель, робототехника бағытында елімізде түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Шәкірттердің техникалық шығармашылық шеберліктерін шыңдау маңыздылығын көрсетіп, түсіндіре білген сондай жандардың бірі аймақтағы Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылындағы Ә.Бейсеуов атындағы орта мектебінің физика пәні мұғалімі Бақытәлі Дәулешяр.
Жас ұстаз «Робототехника»үйірме жұмысын ұйымдастырып, түрлі жобаларды жүзеге асыру мақсатында физика ғылымына қызығушылық танытқан дарынды және талантты балаларды іріктеп, оларға бағыт-бағдар бере отырып, өз бетінше білім алуға жетелеуде. Нәтижелі үйірме жұмысы STEM бойынша жаратылыстану ғылымдарымен байланыс орнатумен жалғасын тапты.
– Жұмысқа тұрғанда мен шәкірттеріме бірден одақтас ретінде қарай бастадым. Бірнеше жобалық байқаулардан бірге өтіп, ауылда тұратын балалармен өз білімдерін бөлісе алады деген қорытындыға келдік. Өзімнің білгенімді шəкірттеріме үйретіп, оларды да физика пəніне құштар ете алдым. Сөйттік те ең алғашқылардың бірі болып мектепте сабақ арасындағы соғылатын қоңырауды автоматты түрде 45 минут сайын соғылатын етіп жасадық. Оған да біраз ізденіс пен біліктілік қажет болды.
Бұл мен ойлап тапқан өнер туындымның алғашқысы болды. Содан кейін бұл саланы одан əрі дамыту мақсатында көп ізденістер жасап, жоспар құрдым. Мектебіміздің ұстазы Алма Қаныбекқызы байқауға қатысып, 3Д принтер ұтып алды. Сол апайымыздың себепкерлігімен 3Д принтер арқылы пластиктен қол протезін жасау жобасын қолға алдым. Дегенмен, сол принтердің арқасында апайдың ұлына протез жасап, алғашқы жобам іске асып, бір қуандым. Дəл осындай қол протезін мектебіміздің оқушыларымен бірлесіп жасап Сұраншы батыр ауылының ұстазы Ғалия Қазтаеваға да беріп, сыйға тарттық, – деді Бақытәлі Даулешяр.
Осы “Биомеханикалық протез” жобасы жастардың инновациялық жобалары мен ғылыми-техникалық әзірлемелерін анықтау үшін ұйымдастырылған “Тәуелсіздік ұрпақтары” республикалық байқауында жетістікке жетіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 3 млн көлеміндегі грант иегері атанды. Сонымен қатар, бұл жобамен Ташкент қаласында өткен «Халықаралық жастар» форумында тәжірибесімен бөлісіп келді.
Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген ҚР мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай өткізілген «Республикалық патриоттар» форумына қатысып, облысымыздың абыройын арттырды. Мұндай жеңістен кейін мектебіміздің оқушыларының физика ғылымына деген қызығушылықтары артқанын байқадық. Міне, сондықтан да өнертапқыштың бар арманы- оқушылармен бірге протез жобасын әрі қарай дамытып, мұқтаж болған ауыл тұрғындарына септігін тигізу.