«Балдәурен» – бақытты балалар аралы

Кез келген бала лагерьге келмей тұрып, өз санасында барғалы тұрған лагерь туралы «шаблон» елестетеді. Қанша бала болса, солардың барлығы өзгеше ойлайды.

Кейбірі лагерьде қызықты уақыт өткіземін, көптеген адамдармен танысамын деп ойласа, кейбірі лагерь қызықсыз, күнде қажеті жоқ іс-шараларға қатысуға тура келеді, дос таппаймын деп ойлайды. Бірақ, лагерьге келіп, уақыт өткізгеннен кейін, баланың лагерь туралы шаблонының барлығы бұзылады. Әрбір бала өзіне кішігірім жаңалық ашады десек те болады. Өмірінде бұрынша көрмеген ғажайыптарды басынан өткізеді. Бұл сипаттап айтуға мүмкін емес ерекше сезім.

Қаншама жылдан бері талай баланың бақыт мекеніне айналып үлгерген Бурабай маңындағы «Балдәурен» лагеріндегі қызықтарды санамалап шығу мүмкін емес шығар, сірә? Десе де, біз қызықты шақтың бірсыпырасын демалушылардың өз аузынан естуді ұйғардық. Тараз қаласындағы NIS оқушысы, «Балдәурен» лагерінің демалушысы Ералы Әуесбай сәттілікке толы тәтті кезеңдер турасында былайша ой түйіпті: – «Балдауренді» бақытты балалар аралы деп бекер атамаған. Балдауреннің атының өзі бақытты уақыт өткізу деген мағынаны білдіреді. Бұл лагерьге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп демалады, балалардың алуантүрлілігінен бұл жақта бір-бірін бөліп жармайды, барлығы бірдей бақытты уақытты өткізеді. «Балдауреннің» таңбасындағы үш түрлі бала оны айқын көрсетеді. Тағы да қосарым, мұнда әр ауысым сайын жас патриоттар академиясына іріктеу өтіп тұрады. Яғни, жас патриоттар академиясының мүшелері Қазақстанның өркендеуіне волонтерлық арқылы үлес қосуф керек, – дейді Ералы.

Әрине, баланың лагерьдегі өткізілген уақыты лагерьдің өзімен тікелей байланысты. Себебі лагерьдің атмосферасы кез-келген баланы уақытша болса да, өзгерте алады. Мысалы, лагерь балалардың татуласуына командалық ойындар, басқа отрядтармен сайыстар және т.б. іс-шаралар арқылы жағдай жасаса, балалар бір-біріне тез арада бауыр басып қалады, кетерінде қимайды. Балдаурен лагерінде бұл жағдайдың барлығы жасалған десек қателеспейміз. Балалардың уақыты пайдалы әрі қызықты етіліп жоспарланған, отрядпен ән айту, үйірмелер, концерттер, далаға шығып спорттық ойындармен айналасу секілді шаралар жиі-жиі болып тұрады. Нақтылап айтсақ, «Талант шоу», «Гала-концерт», Жастар педагокикалық отрядының концерті, топтың визиткасы, репортаждар сайысы, бақытты балалық шақ тақырыбындағы плакаттар сайысы және көптеген басқа сайыстар мен шаралар. Қызықты күндер легінен алған әсерін әрі қарай тағы да Ералыдан сұрадық:

«Шаралардың көбіне балаларды қатыстырады, отрядта бірде-бір рөлсіз қалған бала болған емес. Одан бөлек, «Балдәуренде» ауысымның президенті тағайындалады. Әр топтан екі үміткер шығарылып, өздерін публикаға таныстырады, жоспарларымен бөліседі. Сол күні дауыс беру арқылы ауысымның президенті тағайындалады. Президенттің міндеттеріне лагерьдің іс-шараларына белсене қатысу, жобаларға, тематикалық күндерге идея тастау, басқа балаларды тәртіпке салу кіреді. Президенттікке ілікпей қалған балалар министр болады. Олар президентке көмектеседі. Тағы бір айтылатын нәрсе – үйірмелер. Ауысымның төрт күні өткеннен кейін әрбір бала бір үйірмені тізімнен таңдап, міндетті түрде сол үйірмеге қатысу керек. Үйірмелер алуан түрлі, ішінде дзюдо, журналистика, алғашқы көмек, тіпті браслет өру үйірмелері бар. Үйірмелер қызықты өтеді, практика, интерактив көп, балалар жалығып үлгермейді. Жалпы, «Балдәуренде» жылда он алты ауысым болып тұрады. Әрбір ауысымның тематикасы бекітілген. Мысалы, мен барған сегізінші ауысымның тақырыбы – «Ойлан, қимылда, іске асыр! Республикалық медиафорумы». Жалпылап айтқанда, тақырып журналистика, медиамен байланыс алды. Сәйкесінше, ауысымның тематикасына сәйкес жобалар өткізіледі», – деді демалушы.

Балдауренге биыл – жиырма жыл. Бір қызығы, Ералының да туған күні биыл Балдәуренде өтті. «Балдауренде туған күн иелеріне арналып өткізілетін концерт те бар. Балдәуреннің территориясында орналасқан амфитеатрда туған күні балдауренде өткізілген балаларды алдыңғы қатарға отырғызып, қойылым қояды. Балдауреннің директоры құттықтап, құттықтау қағаздарын таратып, сыйлықты қолға ұстатады. Ойымды түгендей келе түйгенім – «Балдәурен» және жалпы балалар лагерьлерінде балалар ерекше уақыт өткізеді, өмір бойы жадыда қалатын әдемі естеліктер жинайды», – деп Ералы туған күн қызықтарын да ерекше әсермен еске алды.

Шындығында да, бұл лагерь арқылы баланың санасына мәңгі мекендейтін жылы сәуле орнығады. Тәтті естеліктер, балаң көңіл, жаңа таныстықтар, шынайы эмоциялар… Мұның бәрін балалардың шынайы пікірлерінен-ақ айқын аңғаруға болады. Ата-ана үшін де, бала үшін де мұндай демалыс орындарының маңызы зор екені даусыз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий