Талапкерлер техникалық мамандықтарға қызықпайды

Талапкерлер техникалық мамандықтарға қызығушылық танытпайды. Бұл туралы Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне қарасты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы мәлім етті,  – деп хабарлайды осы салалық ведомстваның баспасөз қызметі.

– Республикалық байқау комиссиясы өз жұмысын аяқтады. Конкурс қорытындысы бойынша мемлекеттік білім грантының иегерлері анықталды. Мемлекет бакалавриат бойынша 75 мыңнан астам грант бөлді. Қазіргі уақытта талапкерлер арасында педагогика, стоматология, саясаттану, халықаралық қатынастар сияқты мамандықтар танымал. Ал, механика, ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі технологиясы салаларына қызығушылық танытқандар аз, – деді Ержан Әмірбекұлы.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл гранттардың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталған. Сонымен қатар, Үкімет халық тығыз орналасқан аймақтар мен батыс өңірлерінен өтініш берген талапкерлерге қосымша 10 мың грант бөлді. Бүгінде оның 2 мыңнан астамы берілген. Конкурс комиссиясы қалған грантты бөлу жұмысымен айналысып жатыр.

 

Ержан Әмірбекұлының мәліметінше, мемлекеттік білім гранттарының бір бөлігі әлі бөлінбеген. Оларды тағайындау – конкурс комиссиясының құзырында. Ресми дерекке сәйкес, мемлекеттік грантқа 79 мыңға жуық талапкер өтініш жолдаған. Қазіргі таңда талапкерлердің кейбірі түрлі себептермен өз грантынан бас тартқан. Олар басқа талапкерлер арасында бөлінеді. Еске сала кетейік, бүгін мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланған болатын.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий