Солтүстік Қазақстан облысында алты жүзге жуық мұғалімнің орны бос тұр

Солтүстік Қазақстан облысында 600-ге жуық ұстаз жетіспейді. Әсіресе математика, орыс және шет тілдері, информатика мен физика пәндерінің мұғалімдері тапшы, – деп хабарлайды осы аймақтағы салалық құрылымның баспасөз қызметі.

СҚО білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылында педагог кадрлардың жетіспеушілігіне зейнет жасындағы ұстаздардың қызметтен кетіп, орындарын босатуы себеп болған. Оқу жылының соңында облыс мектептерінде 418 зейнеткер ұстаз жұмыс істеген. Сондай-ақ, кей мұғалімдердің декреттік демалысқа кетуі және басқа елді мекендерге қоныс аударуы да мұғалім тапшылығын тудырған.

Жалпы, биыл облыс мектептеріне 400-ден астам жас маманды жұмысқа алу жоспарланған. Соның 75%-ы ауыл мектептеріне қабылданады. Педагогтердың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін СҚО әкімі мұғалім мамандықтарына грант тағайындаған еді. Биыл бюджет есебінен білім алған 46 маман дипломын қолына алды. 1 қыркүйек күні жұмысқа кіріспек. Олар шарт бойынша оқу ордаларында 3 жыл жұмыс істеуі тиіс.

– Елді мекендерге жұмыс істеуге барған жас мамандарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 100 АЕК мөлшерінде көтермеақы бар. Сондай-ақ, 1500 АЕК мөлшерінде баспана алуға бюджеттік несие беріледі. Ұстаздық қызметке енді кіріскен жас мамандар ұлттық біліктілік сынағын тапсыруы тиіс. Биылдан бастап, министрліктің №57 бұйрығына сәйкес, білім ордаларына орналасып жатқан ұстаздар конкурстан өтуі қажет. Ал шағын жинақты мектептерге педагогтер өтініш бойынша қабылдана береді, – дейді СҚО білім басқармасының бөлім басшысы Гүлшат Шаймерденова.

СҚО-да қазіргі уақытта 472 мектеп болса, соның 75%-ы – шағын жинақты. Сондықтан, оларға химия-биология, физика-математика секілді қос пәннен сабақ бере алатын ұстаздар қажет.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий