Сәт сапар, Ризабек!

Жақын күндері Физикадан халықаралық олимпиаданың (IPHO) екі дүркін күміс жүлдегері, Атырау қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының түлегі Ризабек Алпамыс Корей еліне оқуға аттанбақ. Дарынды оқушы шетелде оқуды мақсат тұтса да, ҰБТ-дан ең жоғары 132 ұпай жинап, білімінің жан-жақты екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

– Халықаралық жарыстарда көзге түскендіктен мені Оңтүстік Корея мен Гонконгтың ғылым және технология бағытындағы алдыңғы қатарлы университеттері оқуға шақырды. Мен – Кореядағы UNIST-ті (Ulsan National Institute of Science and Technology) таңдадым. Өйткені UNIST салыстырмалы түрде жас университет болғанымен, ғылыми репутациясы жоғары, әлемдік ТОП-200-ге кіреді. Инженерия және ғылым факультетіндегі заманауи жабдықтар студенттерге ғылыми жобаларды толыққанды жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. Екінші жағынан, университет Кореяның әйгілі брендтік компанияларымен тығыз қарым-қатынас орнатқан, – дейді Ризабек.

Болашағына нық сеніммен қарайтын дарынды оқушы электр инженериясы мен ІТ саласының білікті маманы болғысы келеді. – Мақсатым – жаңа технологияларды ойлап табуға өз үлесімді қосу. Қазақстандағы ғылым мен техника саласын дамытуға атсалыссам деген ойым бар. Бос уақытымда бағдарламалар құрастырғанды, футбол ойнағанды жақсы көремін. Бірақ уақытымның көбін ғылыммен айналысуға арнаймын, – дейді болашақ ғалым.

Қуантарлығы, Ризабек Кореяға жалғыз бармайды. Халықаралық додаларда оза шауып жүрген атыраулық Нұрдаулет Хаженов, Әділ Султанов, Әділет Зауытхан да дүниежүзі бойынша небары 15 түлекке берілетін грантқа ие болған. Бүгінде дарынды жігіт кәріс тілін үйренуге мықтап кірісіп кетті. Біз «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан Ризабек Алпамысқа сәттілік пен сәт-сапар тілейміз!

Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий