Ортақ мақсатымыз – патриот ұрпақ тәрбиелеу

Құрметті ұстаздар! Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының және өзімнің атымнан сіздерді дәстүрлі түрде өтетін республикалық Тамыз конференциясымен құттықтаймын! Педагогтердің Тамыз конференциясы – жаңа оқу жылының басым бағыттарын айқындайтын негізгі іс-шаралардың бірі. Тамыз конференциясы аясында педагогтер өздерінің жетістіктерімен, жұмыста кездесетін қиындықтарымен бөліседі, білім беру саласындағы ең маңызды және өзекті мәселелерді талқылайды.

Биылғы Тамыз конференциясы аясында Алтынсарин академиясы инклюзия, бастауыш мектеп, шағын жинақты және ауыл мектептері, тіл мен әдебиетті оқытудағы құндылыққа бағдарланған тәсілдер, жаратылыстану-математикалық білім беру, тарих және дене шынықтыру мәселелерін қамтитын он панельдік секция өткізді. Сондай-ақ, Академияның панельдік секцияларында «Жаһандық құзыреттер» курсының ерекшеліктері мен білім беру сапасын басқарудағы әдіскерлердің рөлі талқыланды.

Жыл бойы Академия ғалымдары аталған бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, орта білім беру мазмұнына өзгерістер енгізу, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту, инклюзивтік практиканы дамыту контексінде білім алушылар үшін қолайлы білім беру ортасын құру, білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін психологиялық қолайлы жағдай жасау және басқа да көптеген мәселелер бойынша зерттеулер жүргізілді.

2021-2022 жылдары Алтынсарин академиясы тәрбие, психология, инклюзия, шағын жинақталған мектептер және оқу пәндері бойынша 64 әдістемелік ұсыным әзірледі. 1924 жылдан бері жыл сайын Алтынсарин академиясы Орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындайды. Қазіргі уақытта «2022-2023 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік-нұсқау хат әзірленіп, білім беру ұйымдарына жіберілді.

Сонымен қатар, биыл Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында орта білім беру мазмұнына, атап айтқанда, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс басталды. Сол мақсатта Академия базасында оқу бағдарламаларын түзету бойынша жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына еліміздің түкпір-түкпірінен келген білім беру саласының 300-ден астам жоғары білікті маманы кірді.

Олар – ғылым докторлары мен кандидаттары, педагог-шеберлер, педагог-зерттеушілер, «Үздік педагог» атағының иегерлері, әдіскерлер. Жұмыс тобының мүшелері қолданыстағы оқу бағдарламаларының мазмұнына талдау жүргізіп, құрылымы мен мақсаттарын, сондай-ақ білім алушылар мен педагогтерге қиындық туғызатын оқу материалдарын зерттеді. Қазіргі уақытта жұмыс тобының жұмысы жалғасуда, ал өзгерістерді енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Қолданыстағы оқу бағдарламаларына барлық пәндер бойынша өзгерістер енгізу МЖМБС-ның және оқу бағдарламаларының құрылымдық негізін сақтай отырып, мақсаттары мен міндеттеріне және күтілетін нәтижелерге сәйкес рәсімдеу мен мазмұнға қойылатын талаптарды сақтай отырып енгізіледі. Оқу бағдарламаларының мазмұнын жобалау кезінде білім алушылардың жас және физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, тақырыптарды зерделеуде сабақтастықты, бірізділікті, пәнаралық байланысты және интеграцияны қамтамасыз етуге баса назар аударылды.

Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын өмірдің кез келген саласының, соның ішінде, мемлекетті басқару және білім беру жүйесінің, отбасы институттарының негізіне айналдыру үшін қайта қарастыру қажеттігін атап өтті.

Бұл тұжырымды іске асыру орта білім беру мазмұнында ұлттық құндылықтар мен қазақстандық патриотизм негізінде тәрбиелік компонентті күшейтуді, білім алушылардың бойына еңбексүйгіштік, патриотизм сияқты құндылықтарды қалыптастыруға баса назар аудара отырып, «Толық адам» тұжырымы ережелерінің интеграциясын талап етеді.

Құрметті әріптестер, біздің ортақ мақсатымыз – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, белсенді және патриот ұрпақ тәрбиелеу. Осы жолда сіздерге шығармашылық табыс және сарқылмас шабыт тілеймін!

Мадина ТЫНЫБАЕВА,
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық
білім академиясының президенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий