Жетісу облысы: Инновациялық жобалардың тиімділігі
Бүгінгі таңда облыста 20 062 педагог қызмет істейді. Қазіргі уақытта пән мұғалімдері білім алушылардың метапәндік дағдылары мен құзыреттерін қалыптастыруға және дамытуға, ерте кәсіптік бағдар беруге, инклюзивті орта мәдениетін қалыптастыруға баса назар аудару қажет екені белгілі. Пән мұғалімдерінің тәжірибесінде білім алушылардың ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыруда, бағалаудың теориялық және практикалық аспектілерін қолдануда әлі де болса қиындықтар кездеседі.

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – пәндерді оқытуда мұғалімнің практикалық және пәндік құзыреттілік деңгейін жетілдіру. Себебі пәндік құзыреттілігі жоғары педагог қана функционалды сауатты шәкірт тәрбиелей алады. Осыған орай қазіргі таңда облыстағы сегіз мыңнан астам педагог «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының «Педагогикалық шеберлік орталығы» және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» базасында «Мектептегі сабақтар: басымдықтар мен жетілдіру стратегиялары» оқыту курсынан өтуде.
Қазіргі білім беру жүйесінде жүріп жатқан реформалар педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуы қажеттігін айқындайды. Педагогтердің қажеттілігін ескере отырып, олардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, әдістемелік қолдау көрсету – әдістемелік қызметтің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта облыста түрлі бағытта бірнеше инновациялық жобалар әзірленіп, іс шаралар ұйымдастырылуда.
Нәтижесі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы арқылы білім алушылардың білім жетістіктерін көтеруде «Нәтижеге негізделген білім берудегі интеграция», педагогикалық менеджментті жетілдіруде «Табысты басшы», «Табысты мектеп акселераторы», математикалық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Арифметикалық логика» жобаларын айрықша атап өтуге болады.
Сонымен қатар облыста пән мұғалімдерінің 27 Ассоциациясы құрылып, тәжірибелі педагогтердің арасында кәсіби қарым-қатынас аясын кеңейтуде септігін тигізуде. Жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ұстаздарымыз республикалық байқауларда жыл сайын жүлделі орынды иеленуде. Атап айтсам, осы жылы Сарқан ауданы №1 мектеп-гимназиясының химия, биология пәндері мұғалімі Т.Станкевич «Қазақстан мұғалімі 2021» ұлттық сыйлығының он үздік мұғалімнің қатарына еніп, Қазақстан Республикасынан «Әлем мұғалімі» халықаралық сыйлығының іріктеу кезеңіне жолдама алды.
Сонымен бірге «Samruk-Kazyna Trust» «Қазақстан мұғалімі» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл мектептері мұғалімдері үшін әлеуметтік жобаларға 30 шағын грант конкурсында үш педагог 1 000 000 теңге құрайтын грант ұтып алды. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында алдымызға қойылған міндеттердің бірі – орта білім беру сапасын арттыру: өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту. Аталған міндетті жүзеге асыруда облыста «Білім беру сапасын арттыру және тиімді жұмыс істеудің режимі» жобасы әзірленген болатын.
Жоба ең табысты және табыстылығы төмен мектептер арасындағы айырмашылықты азайтуға мүмкіндік береді. Осы орайда, шалғай жатқан ауылдарда орналасқан мектептер аймақтарға бөлініп, облыстағы дарынды балаларға арналған лицей, гимназияларға (Талдықорған қаласындағы Білім-инновация лицейі, М.Арын атындағы №24 ДБАЛ, №20 ДБАЛ) магниттік мектептер болып бекітілді. Бүгінгі күні лицей, гимназия педагогтері бекітілген ауыл мектептері педагогтерінің онлайн және оффлайн өткізген сабақтарына қатысып, пән бойынша ұсыныстар беріп, тәжірибелерін жақсартуға мүмкіндіктері артты.
Білімдегі олқылықтың орнын толтыру, білім алушылардың үлгерімі мен білім сапасын арттыру тәсілдері арттыру мақсатында аталған жоба оқушы біліміндегі олқылықты анықтау диагностикалық жұмыс жүргізуде, анықталған олқылықтар бойынша жұмысты тиімді ұйымдастыруға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Ағымдағы жылы каникулдық мектеп аясында дарынды балаларға арналған лицей, гимназия педагогтері мектептерге барып, педагогтермен 392 шебер-класс, қосымша сабақтар өткізді.
Тәжірибелі педагогтер білім алушыларға пәндер бойынша қиындық тудырған тақырыптарды қайталап, оқу, математикалық, ғылыми-жаратылыстану сауаттылық тапсырмаларын орындаудың жолдарын түсіндірді. Бүгінгі күні лицей, гимназия педагогтері бекітілген ауыл мектептері педагогтеріне онлайн, оффлайн вебинарлар тізбегін ұсынды. М.Арын атындағы №24 ДБАЛ, №20 ДБАЛ, Талдықорған Білім-инновация лицейі магниттік бекітілген мектептерге білімдегі олқылықтардың орнын толтыру, ЖОО-мен кәсіби серіктестікті дамыту, құндылыққа негізделген білім беру, олимпиада есептерін шығару жолдарын ұсыну, оқушылардың функционалдық сауаттлығын дамыту, LS тізбектелген сабақтарын өткізу бойынша мазмұнды семинарлар өткізді.
Сонымен қатар ағымдағы жылы жоба аясында қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, химия, биология, география пәндері мұғалімдерінен келісім бойынша жазба жұмыстары алынды. Алынған жазба жұмыстарының қорытындысы бойынша орталық әдіскерлері тақырыптық талдау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жіберілген олқылықтар бойынша «НЗМ» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталықтарымен, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығымен», пәндер ассоциация мүшелерімен бірлесе отырып, педагогтерге каникул мектептері аясында әдістемелік қолдау көрсетуде. Осы бағыттағы жыл бойы жүргізілген жұмыстар білім сапасын жақсартуда кездескен кедергілерді шешу бойынша педагогтердің тәжірибе алмасуына үлкен ықпал ететіні анық.
Айжан Маманқызы АДАМБЕКОВА,
Жетісу облысы білім басқармасы
басшысының міндетін атқарушы,
Талдықорған қаласы