Ақтөбе облысы: Сапалы білім, саналы тәрбие – негізгі бағдар
Білім саласының дамуы – бүгінде өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші. Адами капитал, ең алдымен, білім беру саласы арқылы қалыптасады. Оны қалыптастырудағы білім саласының үлесі кез келген басқа саладан әлдеқайда жоғары.

Ақтөбе облысы – аса қарқынды, перспективалы дамып келе жатқан өңір. Облыс білім беру жүйесінің жағдайы сапалы өзгерістердің тұрақты тенденциясын дәлелдейтін бірқатар нақты көрсеткіштермен сипатталады. Мектепке дейінгі кезеңде баланың негізгі қабілеттері қалыптасатыны белгілі. Сондықтан облыста мектепке дейінгі білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Балаларды қабылдау және кезекке қою рәсімі толық автоматтандырылды.
Сонымен қатар облыста әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Жетпіс пайыздық жеңілдікті бір мыңнан астам тәрбиеленушінің ата-анасы қолданып отыр. Бірден ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту – 87,4%, 3-6 жастағы балаларды қамту жүз пайызға жеткізілді. Сандық көрсеткішке қол жетікізілді, енді сапаға бағытталған шаралар алынуда. Білім беру саласына бизнесті тарту нәтижесінде жекеменшік балабақша төрттен 179 бірлікке артып, әр балаға жұмсалатын шығын нормативі 41 мың теңгені құрап отыр.
Мектепке дейінгі ұйымдардың менеджмент деңгейін арттыру, көшбасшылық қағидаттарын енгізу үшін Ақтөбе каласындағы № 33 “Нұрсәт” балабақшасының базасында эталондық балабақша құрылды. Дамыту моделі негізінде өткен пилоттық жоба балалардың өздігінен ойын арқылы дамуына, зерттеуіне, әрекеттенуіне қолайлы орта ұйымдастыру аркылы балаларды бақытты ету болып табылады.
Облысында дарынды балаларды қолдаудың өзіндік механизмі қалыптасқан. Атап айтқанда дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау, дарынды балалармен жұмыс істеудің жаңа білім беру бағдарламаларын, тиімді әдістемелерін, технологияларын әзірлеу және енгізу жолға қойылған. Жылма-жыл тиімділігіне қарай дарынды балалармен жұмыс түрлері өзектендеріліп, жаңа инновациялық бағыттар енгізіліп отырады.
Биыл дәстүрлі интеллектуалдық, шығармашылық, спорттық жарыстармен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жас таланттар мен көшбасшыларды қолдау және дамыту мақсатындағы «Елбасы медалі» бағдарламасы, оқушыларға олардың қабілеттерін диагностикалауға және болашақ мамандығын таңдауға көмектесуге мүмкіндік беретін «Qabilet» жобасы, «Birge Oqý» онлайн мектебі, ауылдық жерлердегі қабілетті балаларды қолдауға және дамытуға бағытталған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы, сонымен қатар «EdLight Academy» қорының жобалары жүзеге асырылды.
2022 жылы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша облыстың құрама командасы «Үздік олимпиадалық команда» атағын иеленді. Балалардың сапалы білім алуға қол жеткізуін қамтамасыз ету міндеттерінің бірі көрсеткіштері төмен мектептерге қарағанда мықты мектептердің «қамқорлығы» болып табылады. 12 ауданда шағын жинақты мектептерді қолдауға бағытталған 11 тірек мектеп жұмыс істейді. Білім сапасы жақсартуды қажет ететін мектептер тобы айқындалып, оқу жетістіктерін жақсарту шаралары алынып, функционалдық сауаттылық бойынша білім сапасына бағалау жүргізілді.
Жан-жақты мониторинг негізінде облыстың топ отыз үздік ауыл мектебі анықталып, іс-тәжірибесі жан-жақты насихатталды. Функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған тапсырмаларды шешу алгоритмі көрсетілген дидактикалық материалдар әзірленді. Пән мұғалімдері бірлестіктерінің басын қосатын, ұйымдастырушылық, әдістемелік, ақпараттық қолдауды, кеңес беруді қамтамасыз ететін «Сапалы білім», ауыл мен қала мектептерінің әріптестігін дамытуға бағытталған «Сыншыл дос» жобалары іске қосылды.
Мұғалім мәртебесіне байланысты мәселе өте өзекті. Себебі жалпы қоғамның, адами капиталдың дамуы мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. Облыста педагогтерді дамыту мен қолдаудың барлық шаралары алынып, олардың өз саласындағы жетістіктері жеке көтермеленді. Облыста, барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында 25 мыңға жуық педагог қызмет жасайды. Облыстың білім беру қызметкерлеріне жергілікті ерекшелік белгісі, атап айтқанда, «Ақтөбе облысының үздік педагогі» төсбелгісі (500 АЕК), «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» құрметті атағы (300 АЕК), біржолғы сыйақы төлемдері тағайындалды.
Ерекше балаларды білім беру ортасына қосу бағытында да нәтижелі жұмыстар жасалуда. Инклюзивтік білім беру – күрделі мәселе. Бұл – тек қана тиісті пандустар қою және материалдық жағдай жасау ғана емес. Өңір бойынша ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар 6700 балаға 27 арнайы ұйымы қызмет көрсетіледі. Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес.Сондықтан әр баланың сабақтан тыс үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігі болуы маңызды. Қосымша білім беру жүйесімен облыста мектеп оқушыларының 78% -ы қамтылған. Ал 48 қосымша білім беру ұйымына 36 896 (29,2%) бала қамтылған.
Аталған ұйымдарда 807 үйірме жұмыс жасайды. Мектепішілік 2833 үйірмеге 50858 оқушы барады. Сонымен қатар, 2970 (ауыл жерде-1721) тегін спорттық секцияға 90 118 (56%) жасөспірім қамтылған. Өткен жылы балалардың мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік ұйымдарда да қосымша білім алуына жағдай жасалады. «Білім туралы» ҚР Заңына енгізілген толықтыруларға сәйкес балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты енгізілгені белгілі.
Бұған дейін осындай жүйе арқылы қысқа мерзім ішінде мемлекет тарапынан үлкен салымдарсыз балабақшалардағы орын жетіспеушілік проблемасы айтарлықтай шешілген болатын. Оны жеке балабақшалардың даму тәжірибесінен байқауға болады. Қазіргі таңда облыста мемлекеттік тапсырыс арқылы төрт бағыт бойынша 40 түрлі үйірмеге бес мың бала қосымша білім берумен қамтылып отыр. Қосымша білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында білім басқармасына бағынысты ғылыми-тәжірибелік орталық мамандары арнайы www.odoaktobe.kz порталын әзірлеп, іске қосты.
Яғни осы арқылы құжаттарды қабылдау процесі автоматтандырылды. Аталған портал білім саласы бойынша орналастырылған мемлекеттік тапсырысты автоматтандыру мақсатында жасалған болатын. Яғни портал арқылы құжаттарды қабылдау процесі автоматтандырылды. Порталдың басты ерекшеліктері: ақпараттық жүйе мемлекеттік және ресми тілдерінде әзірленген жергілікті өнім; облыстық білім басқармасы қызметкерлерінің әзірлеуімен (шығынсыз) жасалды.
Электронды платформа ҚР БҒМ нормативтік-құқықтық актілеріне (қажетті құжаттар тізімі) сәйкес; барлық растаулар хабарлама түрінде ата-ана мен қызмет көрсетушінің жеке кабинетіне келеді; мемлекеттік қызмет ашық және айқын; қолданушылар үшін қарапайым, ыңғайлы интерфейс; ұсынылған мемлекеттік қызметтер туралы консультация үшін кері байланыс мүмкіндігі бар; «ҚазПошта» АҚ мен ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы дерекқорларымен біріктірілген, яғни жүйеге енгізіліп жатқан деректер ЖСН/БСН бойынша тексеріліп, қажетті мәліметтер деректер қорынан автоматты түрде жүктеледі.
Облыста «Ұшқыр ой алаңы» оқушылардың мәдени-білім беру жалпыұлттық дебаттық қозғалысы өте жақсы жолға қойылды. Аталған жобадан сыни және шығармашылық тұрғыдан ойлауға қабілетті, әлеуметтік жетілген, жауапкершілікті жас ұрпақты қалыптастыру және де оқушылардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру нәтижесі күтілуде. Қазіргі таңда 383 мектепте 429, 40 колледжде 53 дебаттық клубтар құрылып, жаттықтырушы жетекшілері бекітілді. Дебаттық клуб қатарына 10070 оқушы, 1804 студент тартылды.
«Ұшқыр ой алаңы» YouTube каналы іске қосылды. Облыстық дебат клубының жеңімпаздары бірнеше рет республикалық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары атанды. Сыни тұрғыдан және талдамалық ойлау дағдыларын қалыптастыру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту және бағытындағы жобасы облыс мектептерінде сәтті жүзеге асырылуда. «Оқуға құштар мектеп» тұжырымдамасына сәйкес мектеп жанындағы кітапханалардың жұмысын оңтайландыру, кітап қорын толықтыру, материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи құралдармен жабдықтау үшін былтыр 58, биылғы жылы 56 мектептің кітапханалары жөндеуден өткізіліп, жиһаздары жаңартылды.
Сонымен қатар, көркем әдеби кітаптармен толықтырылды. Жоба аясында білім беру ұйымдарында 422 «Оқуға құштар мектеп» бұрышы, 281 буккроссинг және 71 коворкинг алаңдары жасақталды. Облыс әкімдігінің бастамасымен республикада алғаш рет Ресейдің сегіз өңірі – Алтай Республикасы, Санкт-Петербург, Орынбор, Орск, Саратов, Омбы, Казань, Челябі облыстарында тұратын этникалық қазақ отбасыларынан келген отыз бала «Ана тілі» әлемі атты лагерьде 12 күн демалды.
Нәтижесінде қазақ тілінде сөйлеуді үйреніп қана қоймай, өлке тарихымен, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысты, қазақтың қолданбалы өнерінің қыр-сырын меңгеріп, домбыра тартуды, атқа мінуді, ұлттық ойындарды меңгерді. Облыс мектептерінің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын қазіргі заманғы талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Үш ауысымды, апатты мектептер мәселесін шешуге бағытталған бес жылдық жоспар бойынша 54 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған.
Оның ішінде 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 20 280 орынға арналған жиырма жеті мектеп салынады. Аталған жоспар шеңберінде жобалық қуаты 200-ден астам оқушы орнына арналған жобалар іске асырылады. Жиырма жеті жаңа мектеп іске қосылғанан кейін 4 үш ауысымды, жиырма орын тапшылығы қалыптасқан, 2 апатты және бір ескі мектептің мәселесі шешіледі.
2025 жылға дейін 282 білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы жаңартудан өтеді. 114 ауыл мектебі жаңартудан өтті. Өндіріс пен қызмет көрсету саласы үшін кадрлардың негізгі провайдері – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі. Аймақта кадрларды дайындау 82 мамандық және 121 біліктілік бойынша жүргізіледі. Жаңа кәсіптер атласына сәйкес өткен жылдан бастап Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі базасында ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлауда.
Жоғарыда аталған колледждің және Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің базасында BTS Education сарапшыларымен бірлесіп кадрларды озық даярлау бойынша бірлескен жобалар жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ірі кәсіпорындардың оқу орындарына қамқорлығы бойынша кәсіпорынға қажетті кадрларды бірлесіп салалық даярлау үшін кәсіпорындар мен колледждер арасындағы тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастық ретінде 24 меморандум жасалды.
Алты ауылдық колледждің материалдық-техникалық базасы жер қойнауын пайдаланушылардың есебінен 814 миллион теңгеге жаңартылды. Білім алуға жасалған жағдай мен білімнің сапасының жақсаруы – біздің жұмысымыздың басты көрсеткіші.
Жолдас Нұрланұлы БАТЫРХАН,
Ақтөбе облыстық білім
басқармасының басшысы