Алматы облысы: Білім саласының дамуы мен перспективасы

Облыста 1006 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның 101-і мемлекеттік,  802-сі жекеменшік балабақша, 103 шағын-орталықтар. Балабақшалармен 83927 бала қамтылған. Үш жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 98,6%,  2 жастан 6 жасқа дейін 94%-ды құрайды. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы негізгі проблема – балабақшаларда орын тапшылығы болып табылады. Балабақшада орын алу кезегінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі 11 726 бүлдіршін тіркелген.

2022 жылға бес мыңнан астам жаңа орын ашу жоспарланып, 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 99%-ға арттыру мақсаты қойылды. Жаңа оқу жылында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қойылатын талаптар күшейтіліп, ерекше білім беруге қажеттігі бар білім алушылар үшін жағдай жасалады..

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыстың 423 мектебінде 317446 оқушы білім алды, оның ішінде ауылды жерде орналасқан 387 (91,5%) мектепте 272 844 оқушы оқыса, 80 (19%) шағын жинақталған мектепте  6 473 оқушы білім алып, білім сапасы 65%-ды құрады. Бұл ретте қала мектептеріндегі білім сапасы – 60,2%, ауыл мектептеріндегі білім сапасы – 66,0% көрсеткішті көрсетіп отыр.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында алдымызға қойылған міндеттердің бірі – орта білім беру сапасын арттыру: өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту. Аталған міндетті жүзеге асыруда облыста «Білім беру сапасын арттыру және тиімді жұмыс істеудің режимі»  жобасы әзірленді.

Жобаны іске асыруда шалғай жатқан ауылдарда орналасқан мектептер аймақтарға бөлініп, облыстағы дарынды балаларға арналған лицей, гимназияларға  ауыл мектептері магниттік мектеп болып бекітілді. Жыл бойында лицей, гимназия педагогтері бекітілген ауыл мектептері педагогтерінің сабақтарына қатысып, пән бойынша ұсыныстар беріп, озық тәжірибелерімен бөлісті.  І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетімен бірлескен кешенді жұмыс жоспары бекітілген.

Жоспарға сәйкес каникулдық мектеп аясында педагогтерге білім алушылардың білім сапасын арттыру, олқылықтарды жою және толықтыру бойынша жұмыстарды үйлестіру, әдістемелік қолдау көрсетіліп, тізбектелген шаралар өтті. Білім алушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толықтыру, білім сапасын жақсарту жаңа оқу жылында да өзекті болып қала береді. Бұл тұрғыда нақты жұмыстар қолға алынатын болады. Аймақта отыз бір мыңнан астам педагог жұмыс жасайды.

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі», – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, бүгінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігін, беделін көтеру, оларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Мәселен, облыс әкімі тарапынан «Жылдың үздік мұғалімі», «Жыл сынып жетекшісі», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік балабақша», «Үздік білім беру ұйымы» конкурстары аясында жеңімпаз  атанған педагогтер мен білім беру ұйымдарына қаржылай сыйақылар тағайындалады.

Бұл ұстаздарымыздың, шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұжымдардың өз жұмысына деген ынтасының артатыны анық. Сондай-ақ, өткен оқу жылында 4 мыңнан астам жас маман облыс мектептеріне жұмысқа орналасты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылды жерлерге жұмысқа орналасқан жас мамандарға бүгінде жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Дегенімен, орыс тілі мен әдебиеті, математика, ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне, орыс тілінде оқытылатын мектептерде бастауыш сынып мұғаліміне қажеттілік бар.

Сол себепті, облысымыз  салалық министрліктің педагог кадрлар тапшылығы бар өңірлерді қолдау шараларының тиісті пакетімен үздік мұғалімдерді тарту бойынша арнайы бағдарламасына қатысуда. Жаңа оқу жылында пән мұғалімдерімен білім алушылардың метапәндік дағдылары мен құзыреттерін қалыптастыруға және дамытуға, ерте кәсіптік бағдар беруге, инклюзивті орта мәдениетін қалыптастыруға да баса назар аударылады.

Қазіргі таңда  1776 педагог «Мектептегі сабақтар: басымдықтар мен жетілдіру стратегиялары»  оқыту курсынан өтті. Курстан өткен педагогтерге курстан кейінгі қолдау жұмыстары үздіксіз жүргізілетін болады. Білім беру жүйесінде мектеп, колледж және балабақшаның бірінші басшыларын ротациялау институты қолға алынды. Аймақта мемлекеттік білім беру ұйымдарының 506 басшысы қызмет етеді. Ағымдағы жылы білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау басталды.

Ротация білім беру ұйымына өзгерістерді енгізуге және басшының жұмыстағы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Білім алушылардың білім сапасына ауқымды бағалау мен талдау мақсатында PISA, TIMSS, PIRLS халықаралық салыстырмалы зерттеулері  жүргізілуде. Өткен оқу жылында бастауыш сынып оқушыларының мәтінді оқу және түсіну деңгейі мен сапасын салыстыруға  бағытталған PIRLS зерттеуіне облыстың 21 жалпы білім беретін мектебі, TIMSS-2023 зерттеуінің апробациялық кезеңіне төрт мектеп, ICILS-2023 зерттеуінің апробациялық кезеңіне 4 мектеп,  PISA-2022 зерттеуінің негізгі кезеңіне жиырма мектеп пен бір колледж  қатысты.

Биылғы наурыз айынан бастап жасөспірімдер арасында құқықтық  тәрбиені күшейту, құқықбұзушылықтың, қараусыз-қадағалаусыз, панасыз қалудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында облыс бойынша аралас тілде оқытатын  43 мектепке  құқық қорғау органдарынан зейнеткерлікке шыққан қызметкерлер «Құқықтық тәрбие менеджері» ретінде жұмысқа қабылданып, жоспарлы жұмыстар атқаруда. Және бұл, өз кезегінде, оң нәтиже беруде.

Балаларға адамгершілік-рухани және жалпымәдени құндылықтарға бағытталған тәрбие беруде  қосымша білім беру ұйымдарының алатын орны ерекше. Облыста 25 қосымша білім беру ұйымы және 18 сауықтыру лагерьлері жұмыс жасайды.  Жалпы білім беретін мектептерде сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін 3501 спорттық секциялары мен үйірмелерге қызығушылықтары бойынша  128 312 бала (40,4%) қатысады. Сондай-ақ, жиырма балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 21 мыңнан астам бала спортпен шұғылданады.

Қосымша білім беру тек балалардың спорттық, шығармашылық және әлеуетін іске асырып қоймайды, сонымен бірге, балалар мен жасөспірімдер арасында бақылаусыздықтың, құқық бұзушылықтың да алдын алуда маңызы зор. Бұл бағытта алдағы уақытта да балаларды қосымша біліммен барынша қамту жүйелі жүргізіледі. Облыс бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 0-18 жас аралығында 8 847 бала бар, оның ішінде 3 489-і  мүгедектігі бар балалар. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесіне жеке-дара тоқталып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау керектігін атап өтті.

0 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді диагностикалауға және оларға кеңес беру, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға арналған білім беру бағдарламасының түрін анықтау, психофизикалық кемістігі бар балаларды тереңдетілген тексеру, емдеуге және медициналық қызмет көрсету, дамуында кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерге уақытылы психологиялық-педагогикалық түзету көмегін көрсету мақсатында 8 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 13 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс жасайды,

оның ішіндегі 4 консультация  және 2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті былтыр қазан айында ашылды. Мемлекет басшысының психологиялық-медициналық педагогикалық консультациялар ашу стандарттарын алпыс мың баладан 50 мың балаға дейін төмендету туралы тапсырмасына сәйкес және  «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылы Іле ауданында тағы 1 ПМПК ашу жоспарлануда. Биыл даму мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзетіммен 4 424 бала қамтылатын болады.

Мемлекеттік тапсырыс есебінен арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзетумен  мүмкіндігі шектеулі 885 баланы қамту жоспарлануда. Биылғы балалар жылына байланысты “Білімді бала”, “отбасы-қауіпсіз мекен”, “Дені сау бала”, “Жетімсіз ел”, “Жайлы мекен”, “Bala QORGAY”, “BALA_TIME.KZ” бағыттар бойынша балалардың сапалы білім алу үшін жағдай жасауға, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдауға, балалардың арасында спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға, шығармашылық дамуға және тағы да басқа бағыттардағы іс шаралар жүзеге асуда.

Бұл шараларға аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар және басқа да санаттағы балалар қамтылуда. Дарынды және талантты жастарды қолдау мақсатында  «Ел Үміті» аясында Алматы облысында «Елбасы медалі», «Мың бала», «Бірге оқу», «Қабілет» жобалары жүзеге асырылып, көптеген оқушылардың білімдері мен дағдыларын дамыту арқылы нақты мақсаттарын анықтай алды.

Ағымдағы жылы ауылдағы дарынды балалар үшін сапалы білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасында 131 оқушы жеңімпаз атанды. Елу төрт оқушы мамандандырылған білім беру мекемелерінде оқуға ниет білдіріп, құжаттарын тапсырды. Олимпиада жеңімпаздары еліміздің үздік мектептерінде білім алуға, сондай-ақ қашықтан академиялық қолдауға қол жеткізуге мүмкіндік алды.

Облысымыздың білім алушылары жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық деңгейдегі республикалық олимпиадалар мен конкурстарға қатысып, 586 дарынды оқушыларымыз жүлдегер және жеңімпаз атанды. Жаратылыстану-математикалық циклы пәндері бойынша XIV Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінде бір білімгер, республикалық ғылыми жобалар конкурсының төртінші кезеңінде 7 жоба (тоғыз оқушы)  жеңімпаз атанды.

Дарынды балаларды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 5,8 миллион теңге қаржы бөлініп, 61 оқушы қаржылай марапатқа ие болды. Өткен оқу жылында олимпиадалар мен конкурстарды ұйымдастыруға және өткізуге жергілікті бюджеттен 20,1 миллион теңге бөлінді. Институционалды реформаларды жүзеге асыру қадамдарының бірі – экономиканың басым бағыттары бойынша кәсіби мамандарды дайындау. Сондықтан, қазіргі  таңда  мемлекет  алдында  техникалық  және  кәсіптік  білімді жаңғырту бойынша маңызды міндет тұрғаны баршаға мәлім.

Аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беру саласында 44 колледж қызмет атқарады. Колледждер 54 мамандық 98 біліктілік бойынша кәсіптік білім беруде. Тиісті құзырлы мемлекеттік мекемелердің, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және аудан мен қала әкімдіктерінің сұраныстары мен мамандардың болжамды қажеттілігі бойынша жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша биылғы жылы  колледждерге 4360  студент қабылдау жоспарланды, оның  1310-ы «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы шеңберінде білім алатын болады. 

«Жас маман» жобасына енген бес колледжіміз қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталды. Жоба негізінде оқу-тәжірибе бағдарламасының мазмұны өзгерді. Білім алушылар жұмыс берушінің талаптарына сәйкес даярланған бағдарлама бойынша білім алуда. Бұл кәсіби және техникалық білім беру ұйымдарының базасында құзыреттілік орталықтары ашылып, «WorldSkills» чемпионаты өтізіледі. Бүгінде құзыреттілік орталықтарында педагогтерге біліктілікті арттыру курстарын, тәжірибе  алмасу шараларын ұйымдастырып, шағын цехтар ашып, жер телімдерін өңдеу жұмыстарын жүргізіп, оқу жылының қорытындысы бойынша 667 студентпен демонстрациялық емтихан өткізді.

Облыс әкімінің қолдауымен жаңа мамандық ашуға,  мамандықтары бойынша базаларын нығайтуға қомақты қаржы бөлінді. ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан колледждердің материалдық-техникалық базаларын жаңарту мақсатында «Жас маман – 2» жобасына қатысу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл біздің  сапалы мамандар дайындауымызға берілген үлкен  мүмкіндік. Дуальды оқыту жүйесі облыста бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Әр жыл сайын оның бағытын жаңғырту мақсатында колледждер облыстағы кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, бірқатар ақпараттық жұмыстарды атқарды.

Осы жұмыстың нәтижесінде өткен оқу жылында кәсіпкерлер палатасымен бірлескен дуальды оқытудың жол картасы құрылып, 22 колледж  25 мамандық бойынша  2646 студентті дуальды оқытумен қамтып,  300 кәсіпорынмен келісімшартқа қол қойды. Биыл оқуын аяқтаған  985 түлектің 890-ына мамандық бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік берді.

Салтанат Дауысбекқызы БЕСПАЕВА,
Алматы облыстық білім басқармасының
басшысы, Дінмұхаммед Қонаев қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий