Шымкент қаласы: Мектептердегі жөндеу жұмыстары басты назарда
Сайрам тұрғын алабындағы Ю. Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтуде. Шаһар басшысы Марат Әйтенов аталған мектептің құрылыс жұмыстары барысын тексерді. Екі мың орынға арналған мектеп 3 қабаттан тұрады. Бұл білім ошағының жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылса, шатыры мен бірнеше есік-терезесінің қойылғанына сегіз жыл болған, – деп хабарлайды Шымкент қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Биыл ғимараттың тозығы жеткен тұстары бүтінделіп, шатырының 955 м2 ауысты, электр жүйелері 100%-ға жаңарды. Информатика, физика, химия, биология, логопед кабинеттері заман талабына сай жаңғырып, 2 интерактивті тақта, 350 ноутбук, 130 компьютер, 200 планшет, 8 панель сатып алынды. Ғимарат құрылысын тексеру барысында қала әкімі бірнеше кемшіліктерді байқап, ескертулер жасады.
«Тексеруші топпен істің 100% сапалы орындалуын келіп, қайта көретін боламыз»,-деді әкім жауапты сала мамандарына. Барлық кем-кетік жойылғаннан кейін мектеп оқушыларға есігін ашпақ. Жалпы білім ошағы жаңа оқу жылына 90%-ға дайын. Қазіргі таңда аяқ жолдар төселіп, асфальттау жұмыстары жүруде.