Адамгершілікке бастар жол
Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің уығы болып қадалатын қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Бұл туралы аз айтылып жатқан жоқ. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Балалар мен жастар тәрбиесінің болашағы – олардың адамгершілік- рухани қасиеттерін дамыта отырып, нағыз Адам етіп қалыптастыруда. Сонда ғана жас ұрпақ халқын, Отанын, айналасын риясыз сүйетін, нағыз толыққанды тұлғаға айналмақ.
«Жаңа туылған нәрестенің ақыл-ойы, миы таза болады, қайырымдылық пен зұлымдықтың ешқайсысын таңдай алмайды, бұл екеуі де адамның өмір сүру үдерісінде жиналады»,- дейді әл-Фараби бабамыз. Иә, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы тиіс. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, секілді адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіруде отбасы мен ұстаз маңызды роль атқармақ.
Сондықтан да Шәкәрім бабамыз «Ғылымға ар ілімін енгізу қажет» деп тегін айтпаса керек. Өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақты мәдениетті, парасатты, білікті, көргенді, көреген етіп тәрбиелеу, олардың дүниетанымын, жоғары деңгейге көтеру, қоғамды ілгерілету үдерісінде адами ізгілік қасиеттерін дамытуға үлкен мән беру, ұлттық намысы жоғары ұлтжанды өкілдерді тәрбиелеу ісі ұстаздарымыздың еншісінде екені бәрімізге айқын.
Халқымыз тәрбие орындарынан тәлім, оқу орындарынан жоғары білім алмаса да мол өмірлік тәжірибесі мен қанға сіңген рухани-адамгершілік қасиеттерінің арқасында ата-анасын қарттар үйінде жәутеңдетпейтін, баласын жетімханада жәудіретпейтін, отбасын тастап кетіп жетімсіретпейтін, шаранасын далаға лақтырып шырқыратпайтын ұрпақтар өсіріп, тәрбиеледі. Біз қазір іспен де, сөзбен де жүзеге асыра алмай отырған ізгілендіруді оқу-тоқусыз-ақ баланың бойына сіңірткен халық қасиетіне бас имеске шараң жоқ.
Кісіге екі дүниеде пайдалы (нәрсе) –
Ізгі іс немесе мінезі түзулік.
Екіншісі – ұят, үшіншісі – әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады,- деген бабамызЖүсіп Баласағұнның сөзі жоғарыда айтқанымыздың айғағы секілді. Жиырма бірінші ғасыр адамдары арасындағы қарым-қатынастағы үлкен қасіреті – балаларға деген ата-аналар, ұстаздар тарапынан эмоционалдық жылулықтың жетіспей жатуы. Ата-аналар тіршіліктің қамымен жұмысбасты болып, балаларын тек телефонмен немесе бала күтуші арқылы ғана қадағалауға мәжбүр болып отыр.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі қағазбастылық тәрбиешілердің балаға ата-анасынан ала алмаған мейірім мен жан- жылуын берулеріне кедергі келтіріп жатады. Қазіргі уақытта ата-аналар материалдық қажеттілігін қанағаттандырумен шектеліп, балаларының жан-дүниесіне көп жағдайда мән бермеуде. Мұғалімдер қағазбастылықпен, басшы алдындағы беделін сақтаумен әуре болып жүргенде, бала үнемі өз проблемасымен өзі қалып қояды. Осы жағдайда баланың қуанышы мен реніші мұғалімнің зейіні және процестің орталығы болуы тиіс.
Әрбір ұстаз алдында отырған баланың өміріне ене отырып, сүйіспеншілік нұрын шашуға, кез-келген жағдайда көмек қолын созуға немесе бірге қуануға міндетті. Себебі, ұстаз бала болашағының қамқоршысы болып табылмақ. Мұғалім балаға тек жай ғана білім беріп қана қоймай, психологиялық жылулықпен нәрлендіруге, оның өзіне деген сенімділігін арттыруға шын жүрекпен көңіл бөлуге тиіс. Ұстазы мен ата-анасының махаббаты баланың қорғалған, сенімді, жарқын, бақытты болашағының кепілі.
Мұғалім ең алдымен жүзі жылы, айналасындағыларға әрқашан мейірім шуағын шашып, балаларға жылы шыраймен, әдемі күлкімен әсер беретін, ұлағатты ұстанымдары арқылы жас ұрпақтың жүрегіне өмірге деген бауырмалдық, достық секілді ізгі қасиеттерге тәрбиелейтін ерекше тұлға болуы қажет. Әлемдегі ең басты құндылық – адам, ол өмір сүру үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралған. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына- жақсы адам болуға баланы жастайынан үйрету керек.
Бұл тұрғыда мұғалімнің рөлі аса зор. Өйткені ол оқыту мен тәрбиелеудің қазіргі әдістемесін жеткілікті меңгеріп, балалар психологиясын терең талдай отырып, белгілі бір жастағы балаларға бағытталған педагогикалық үдерісті ұйымдастыра алады. Оқушының жас ерекшелігіне сәйкес өзін тануға, өзін дамытуға бағытталған жұмыстар мектепте ғана емес, отбасында да ата- аналардың көмегімен жалғасын тауып, өзара ықпалдастық бағытта жүргізілуі керек. Осындай бірлескен әрекет жеткіншекті жарық дүниеде өмір сүріп, Адам екенін терең сезінуге, адамдарға қуаныш сыйлай білуге баулиды.
Жанында жүрген аяулы адамдардың бар екенін ұғынуға көмектеседі. Адамдардың сезіміне ие болу және оны ақтай білугеүйретеді. Борыш пен парызға адал болуға тәрбиелейді. Артыңда өшпейтін ізгілікті із қалдыруға талпындырады. Қабілетіңді, бойыңдағы дарынды, азаматтығыңды дәлелдеуге итермелейді. «Рухани мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды», демекші, заман ағымы талап етіп отырған ата- бабаларымыздан қалған әдеби мұраларымызды, халқымыздың өсиетін, өнегесін дәріптеп, дәстүрін, таңғажайып тапқырлығын, олардан қалған ескірмейтін көне сөздерді, мақалдар мен мәтелдерді рухани-адамгершілік білім беруде тиімді қолдануымыз қажет.
Біздің болашағымызды сеніп тапсыратын, ақжелкенді үмітіміздің шамшырағын жағатын жас жеткіншектеріміз бен жасөспірімдеріміздің бойына адамдықтың гүлін егіп, адалдықтың нәрін сіңіру, жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарды дарыту біздің ең негізгі мақсатымыз. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз, болашағыңның жарқын болатынына сенгің келсе, бекер өмір сүрмегеніңе көз жеткізгің келсе бала жасынан бастап болашағыңды адами қарым-қатынас нормаларымен, жалпыадамзаттық адамгершілік қағидаттарымен таныстыр, олардың бойында азаматтық мәдениет пен имандылық қасиеттерді қалыптастыр және дамыт.
«Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы гуманитарлық колледжіндегі оқу-тәрбие үрдісі түгелге дерлік студенттерге ізгілікті білім беру мақсатында құрылған. Әрине, оған толықтай негіз бар, себебі біздің студенттер – болашақ педагогтар, бір сөзбен айтқанда ізгілікті білімнің негізін қалаушылар. Біз олардың ары таза, адал, парасатты, ұстамды, кешірімді, ой-өрісі кең, білімді, теорияны өмірмен байланыстырып, білім мен ғылымды ізгілікке бағыттай алатын, бар білгенін шәкірттеріне риясыз сүйіспеншілікпен ұсынатын ұстаз дәрежесіне жетулерін басты мақсат етіп қойдық.
Бізде дәстүрлі түрде өтіп отыратын іс-шаралар рухани-адамгершілік тәрбиені студенттердің, олар арқылы болашақ ұрпақтың бойына сіңіруге, жалпыадамзаттық құндылықтар туралы түсініктерін кеңейтуге бағытталған. Тәжірибелі оқытушылар ізін басып келе жатқан жас мамандарға үнемі ақыл-кеңестерін беріп отырады. «Қандай пәнді оқытсақ та ең маңыздысы балаларды оқытатынымызды есте сақтауымыз керек және ар-ұжданның үніне сәйкес өмір сүретін, ізгі мінезді тұлға тәрбиелеуіміз керек.
Бала кішкентай кезінен әр нәрсені білгісі келіп, білімге құштарлығын танытады. Кейін өсе келе сол баланың білімге деген қызығушылығы азаяды. Халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағашқа айналғанда түзете алмайсың», деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен біздердің, ұстаздардың рөлі маңызды болмақ», – дейді ұстаздарымыз.
Бүгінгі жас ұрпақты оқытып қана қою аз, оны жан-жақты дамыту, жаңаша дағдыларға тәбиелеу қажет. Әлемдік даму, ғылыми технология адамның ұшқыр ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді. Сондықтан рухани- адамгершілік тұрғысынан білім беру әр тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып, олардың кез-келген ортада белсенділік көрсете алатын қабілеттерін жетілдіруді көздейді.
Бүгінгі күні біздің елімізде ұлттық және азаматтық құндылықтардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту, жеке адамдардың күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қажетті жағдайлардың барлығы да жасалуда. Осы бағытта жұмыс жасап отырған біздің гуманитарлық колледждегі тәрбиенің де басты мақсаты әр адамның ішкі құндылығын, тұлғалық қасиетін ашып, бағалауға үйрету.
Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», – деді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз. Рухани- адамгершілік білім беру- жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілі, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет- дарынының ашыла түсуіне, ақыл- парасатын дамытуына яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді.
Адам өмірі баспалдақ сияқты, бір жақсы қадам жасасаң, бір баспалдақ жоғары шығып, тағы да алдыға ұмтыласың. Алдыға қойған мақсатыңа тек адамгершілік құндылықтар, ізгілік арқылы жетуге тырысасың, себебі ізгіліктің жауабы ізгілік болмақ. Осыны балаға түсіндіру, баланы ізгілік жолымен жүруге үйрету ұстаздың еншісіндегі ұлы міндет.
Гулим Сембековна МАГУЛЫМОВА,
«Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық,
білім беру және сауықтыру орталығы
гуманитарлық колледжі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары,
филология магистрі