Ағылшын тілі сабағында сандық технологияны қолданудың маңызы

Сандық білім беру ресурстары – оқу процесінің білім беру және тәрбиелік міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған графикалық, мәтіндік, сандық, сөйлеу, музыкалық ақпаратты қамтитын ақпараттық дереккөз болып табылады. Ағылшын тілі сабағында сандық білім беру ресурстарын пайдалану бірнеше мәселені шешеді. Соның ішінде оқушылардың оқу материалын жете түсінуін және есте сақтауын жеңілдетеді. Ағылшын тілі сабағында сандық технологияларды қолдану шексіз мүмкіндіктер сыйлайды.

Оқушылардың жас ерекшелігіне сай тиімді ресурсты пайдалануға болады. Мысалы, бастауыш сынып оқушыларының сүйікті ойыны Kahoot олардың лексикалық және грамматикалық білімін оңтайлы әрі қызықты түрде тексеруге мүмкіндік береді.  Әсіресе, әр тарау соңында жаңа сөздерді(target vocabulary) еске түсіріп, қайталауға таптырмас интернет қосымша болып табылады. Төменгі буын оқушыларына ағылшын тілінде грамматикаға сай дұрыс сөйлем құруға, ең көп таралған сөз тәртібін Subject-Verb-Object (SVO) сақтауға аса көңіл бөлінеді.

Оқушылар жеке, кейде топ болып ойнап, жарысады. Тілдік төрт дағдыны қатар дамытуға да тиімді: дұрыс жауапты таңдау мақсатында оқушылар ағылшын тілінде тыңдайды, жазады, оқиды және айтады. Ең бастысы, оқушылардың ағылшын тілін үйренуге мотивациясы артып, шапшаң ойлауға, ұйымшылдыққа және жеке тұлғаның жан-жақты дамуына септігін тигізеді. Сабақтың ең маңызды бөлімдерінің бірі – сабақтың басы. Ұстаз оқушылардың назарын аударып, қызығушылығын оятып, ынталандыруы қажет. Бұны қалай істейді?

Бәрімізге мәлім оқушылар диаграмма немесе сурет түрінде берілетін ақпаратты мәтінге қарағанда жақсы қабылдайды. Соның бірі Popplet болып табылады. Миға шабуыл кезінде қолданылатын бұл әдіс әр оқушы ұсынған мәліметтер, жаңа деректер немесе идеяларды қалыптастыруға, топтастыруға, нақтылауға, еске сақтауға көмектеседі. Ол – идеялар арқылы сыни тұрғыдан ойлауға және жүйелі түрде жазуға көмектесетін ақыл-ой картасының құралы.

Мысалы, 7 -сынып оқушылары Natural disasters тақырыбын өткенде табиғи апаттардың ағылшын тіліндегі атауын, ережелерін, олардың қандай жағдаяттар әсерінен болғанын және алдын алу жолдарын жазып, сынып болып құрастырды. Оқушылар Popplet-тегі жазба қабырғасын тек мәтін түрінде ғана емес фото қолданып және дайын жұмысты компьютерде PDF құжаты ретінде сақтап қойды. Жұмылып жасалған ақыл ой картасы оқушылардың белсенділігін арттырып,  өзара қарым қатынасын жақсартуға, сыйласуға және сыныпта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыруға ықпал етті.

Кейінгі кезде сабақ барысында кеңінен қолданылып, оқушыларымның арасында танымал қосымша атанған Plickers-тің орны ерекше. Ол қалыптастырушы бағалауға, мобильді дауыс беруге және өткен немесе жаңа материалдарға негізделген сабақ кезінде бетпе-бет сауалнама жүргізуге өте қолайлы. Мен 4-сынып оқушыларымен “Journey into Space” бөлімінде ағылшын тілінде әр ғаламшардың сипаттамасын жаздым, оқушылар сипаттамаға сай дұрыс жауапты таңдап, қағаз карталарын көрсетеді.

Plickers оқушылардың қағаз карталарынан QR кодтарын оқиды. Айта кетерлік жайт, QR кодтар алуан түрлі болғандықтан, оқушылар бір – бірінен көшіре алмайды. Мобильді қосымшамен жұмыс істеу бірнеше минуттан аспайды. 7-сынып оқушыларымен “Communication & Technology” тақырыбын өткенде технология атауларын және олар жайында қызықты фактілер туралы сауалнама жүргізілді. Тақтаға танымал гаджеттердің атауларын жазып, сыныптағы оқушыларға “What kind of technology do you use every day?” сұрағы қойылды.

Лезде жауап статистикасы және оның талдауына негізделген диаграмма құрылғаннан кейін, оқушылардан не себепті ол гаджетті таңдағанын, қаншалықты жиі қолданатыны туралы пікірін білуге болады. Оқушылар ағылшын тілінде еркін түрде өз пікірін ортаға салды. Жалпы, оқушылар үшін QR кодпен жұмыс істеу пәнге деген қызығушылығын, ынтасын оятып, танымдық белсенділіктерін арттырды. Сабақта ұжымдық миға шабуыл ұйымдастыруға, үйренгенді қайталауға, қандай да бір процестің немесе құбылыстың алгоритмін зерттеуге, оқиғалардың хронологиясын есте сақтауға және проблемалық мәселелерді талқылауға тиімді және ыңғайлы платформа Padlet виртуалды тақтасы. 

Қолданбаның ерекшелігі – бір  уақытта бірнеше адамның пайдалана алуында. Өз тәжірибемде оқушыларға ағылшын тіліндегі модаль етістіктерінің грамматикалық ерекшеліктерін түсінгенін және оларды дұрыс қолданып сөйлем құру үшін география пәнімен кіріктіріліп тапсырма берілді. Дүниежүзілік картадан кез келген мемлекетті тауып, сол елде не істеуге рұқсат етілген, тыйым салынады немесе орындауға міндетті туралы модаль етістіктерін(can/could/must/mustn`t/have to/ don`t have to/ may/might/should/ ought to) қолданып, сөйлем құрастыру керек болды.

Сабақ соңында оқушылар ағылшын тілінде құрастырған сөйлемдерін оқып, әр мемлекеттің заңы мен қызықты деректерін білді. Ең маңыздысы оқушылардың өзі сандық технологияларды пайдаланып, білімдерін көрсетіп, тапсырманы орындау барысында мәтінмен, графикамен, бейне және дыбыспен жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Оқушының өз бетімен жұмыс жасауынан шығармашылық және сыни ойлауы дамиды.

Padlet тақтасында сыныптағы барлық оқушылар белгілі бір тақырыпқа байланысты мәселенің тиімді шешу жолдарын ұсынып, тың ой пікірімен бөлісуге болады. Қорыта айтқанда, мұғалімдер оқушылардың үлгерімін жақсартқысы келеді және педагогикалық технология оларға осы мақсатқа жетуге көмектеседі. Олар ынтымақтастық пен байланыстың артуына, білім сапасының жақсаруы мен оқушылардың қиялын оятуға және білімін ұштауға  көмектеседі.

Оқушыларға қол жетімді ақпаратты, жылдам оқуды және үйренгендерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Сабақта және сабақтан тыс технологияны пайдалану арқылы оқушылар болашақ мамандықтарына қажетті 21 ғасырдағы техникалық дағдылары қалыптасады. Сандық технологияларды қолдану мұғалім үшін де, оқушы үшін де жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.

Айым ЖАҚСЫБАЕВА,
“Бөбек” ҰҒПББСО «Өзін-өзі тану» гимназиясындағы
ағылшын тілі пәні мұғалімі, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий