Білім берудің басым бағыттары белгіленді
Өткен аптаның жұма күні елордада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ пен ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ және ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат НҰРБЕКТІҢ қатысуымен «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақыры- бында отандық педагогтердің республикалық тамыз конференциясы ұйымдастырылды.
Жыл сайынғы бұл дәстүрлі алқалы басқосуға білім басқармаларының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен қамқоршылық кеңестердің өкілдері, еліміздің әр өңіріндегі көшбасшы педагогтер, тәрбиешілер, әдіскерлер және белсенді ата-аналар шақырылған болатын.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру идеясын іске асыру міндеттері бүгінде білім беру жүйесінің маңыздылығын ерекше арттырады. Соған орай жаңа талаптар жүктеліп отыр. Елімізде 6,7 миллионнан астам бала бар, бұл республика халқының 35 пайызы. Біз мемлекетіміздің өсіпөркендеуінің тірегі болатын осы жас ұрпақтың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. «Жаңа Қазақстанды» құру – ең алдымен білімге құштар, еңбекке адал, қоғамға жауапты азаматтарды қалыптастыру арқылы жалпыға ортақ құндылықтарды қайта жаңартуға бағытталуы қажет. Бұл – оқу-ағарту саласының басты міндеті, – деді Ералы Лұқпанұлы. – Жаңа оқу жылынан бастап министрлік, облыстық білім басқармалары оқуағарту саласының, ұстаздардың барлық потенциалын алдымызға қойылған міндеттерді іске асыруға жұмылдыруы тиіс. Біріншіден, білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру. Тәрбие жұмыстары білім беру процесінің негізгі компоненті. Тәрбие ісін қамтымаған білім – оқушының рухани дамуын жетілдірмейді, қажетті адамдық құндылықтарды қалыптастырмайды. Сондықтан оқушыларды тәрбиелеу әрбір білім беру ұйымдары мен мұғалімнің басты жұмысы болуы керек. Бұл іс-шаралар өткізу ғана емес, күнделікті оқу процесінің негізінде жүргізілетін жүйелі жұмыс. Барлық басымдықтардың өзегі, ең алдымен, біздің салт-дәстүрлеріміз, рухани құндылықтарға бағытталуы тиіс. Түптеп келгенде балабақша, мектеп қабырғасындағы берілген тәрбие еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Мектептерде балалардың қауіпсіздігі мәселесі ерекше маңызды. Алдағы қыркүйек айының соңына дейінгі мерзімде балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша кешенді жоспарды әзірлеу керек. Онда нақты индикаторлар мен нәтижелер ескерілуі тиіс. Адам және бала құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың аумақтық бөлімшелерін құруды облыстық әкімдіктер барынша жеделдетуі керек.
Премьер-Министрдің орынбасары салалық министрлікке мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, педагогтердің ортақ мақсаттағы бірлестіктерге ұйымшылдықпен қатысуы бірегей зияткерлік ортаға кіруге мүмкіндік беретіндігін жеткізді. – Кәсіби дамуды жаңа деңгейге көтеру үшін педагогтердің пәндік қауымдастықтар бойынша бірігуі көмектеседі деп санаймын. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігінен оқыту пәндері бойынша педагогтердің республикалық қауымдастықтарын құру мәселесін пысықтауды сұраймын. Бұл бірлестіктер көп деңгейлі қағидаттар аясында қалыптасқаны дұрыс.
Яғни бір пән бойынша мектеп, колледж және жоғары оқу орындарындағы педагогтердің басын біріктіру қажет. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында үздік педагогикалық тәжірибелерді тарату бойынша педагогтердің республикалық әрі облыстық конгрестерін ұйымдастырудың да маңызы зор. Білім беру ұйымдарындағы біртұтас тәрбие беру тұжырымдамасын да әзірлеу қажет, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. – Қазіргі кезде еңбекке баулудың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы ерекше. Биыл жаңа оқу жылынан бірінші сыныптан бастап еңбекке баулу пәні қайта енгізілді. Сонымен қатар алғаш рет мектептерде 7-сыныптан бастап болашақ мамандықты таңдауға бағыттайтын педагог-кәсіптік бағдар беруші маманы енгізіледі. Жоба ретінде мектептер жанында жылыжайлар ашу қолға алынуда. Қазірдің өзінде 7 пайызға жуық мектептерде бұл тәжірибе бар. Білім ұйымдары осы тәжірибені таратуды, балаларды мектеп қабырғасынан бастап еңбекке баулудың басқа да формаларын дамытуды қолға алуы тиіс.
Баяндамашының ресми мәліметіне сүйенсек, еліміздің әр өңіріндегі жүз колледждің жанынан студенттердің тәжірибе жинақтауына арналған шағын кәсіпорындар құру іске асырылып жатыр. Бұл кәсіби және арнайы білім беретін оқу орындарына қажетті қамқорлық көрсету бойынша бес жүзге жуық кәсіпорынмен тараптар арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер бекітілген.
– 536 колледжге дуалды оқыту форматы енгізілді. Мұның барлығы балаларды еңбекқорлыққа тәрбиелеуге нарыққа қажетті мамандықтарды үйренуіне бағытталған. Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл басында арнайы тапсырма берген болатын. Өздерің білетіндей, халықтың табысын арттыруға байланысты ауқымды бағдарлама қабылданды. Жоба аясында балаларды мектеп қабырғасынан бастап маман дайындауға ерекше назар аударылды. Сөз жоқ, колледждегі оқуын бітірген балаларды кейін жұмысқа тұрғызу бәріміздің басты міндетіміз. Бірақ нақты өмірдің талабы басқа сұрақтарды да күн тәртібіне шығарып отыр, – деді Ералы Тоғжанов. – Ақтөбеде 188 студенттің 166-сы оқу процесі кезінде жұмысқа тұрғызылған. Өткенде Павлодар облысында болашақ мамандар ірі компаниялармен келісім бойынша тапсырысқа сәйкес жұмыс істеуде. Оқи жүріп жұмысқа орналасқан жастар екі жүз мыңнан бастап бес жүз мың теңгеге дейін жалақы тауып жүр. IT саласына маманданушы төрт бала миллионға жуық айлық алатынын айтты.

Ералы Лұқпанұлының айтуынша, биыл «Теңізшевройлда» (ТШО) жобаның аяқталуына байланысты 39 мың адам жұмыстан босайтынды және тұрғындарының білім деңгейі өте төмен аймақтардың маңызды мәселелері жоғары атқарушы биліктің басты назарында.
– Атыраудағы мұнай өндіруші кәсіпорында жобаның аяқталуы себепті жұмыстан босаған мамандар кәсіби біліктілігі мен тиісті білімі болуына байланысты тұрақты еңбекпен қамтылуда. Жұмыссыздық туралы айтатын адамдардың көбінің білімі жоқ. Бұл мәселе күн тәртібінде тұрған үлкен сұрақтардың бірі. Сондықтан білімді қоғам мәдениетін қалыптастырудың мән-маңызы ерекше, – деді Премьер-Министрдің орынбасары. – Қазақстан тарихын өзгертілген әдістемелік бойынша қайтадан қарастырып жатырмыз. Жаңадан жеті томдық әзірленуде. Отандық ғалымдарымыз жұмылған бұл ұжымдық еңбектің 85-90 пайызы дайын. Жинаққа қазақ даласындағы ең алғашқы мемлекеттердің пайда болуынан бастап нақты деректер енгізіліп отыр.
Ол қосымша білім беруді дамыту бағытында салалық министрлікке тапсырмалар жүктеп, оқушылар мен колледж студенттеріне мұғалімдердің жетекшілігімен өздерінің инженерлік идеяларын дамытуға, түрлі бұйымдар мен бөлшектерді құрастыруға мүмкіндік жасау қажеттілігін ұсынды.
– Балаларды жан-жақты дамытуда, оларды өнер мен спортқа баулуда қосымша білімнің, сабақтан тыс жұмыстардың, түрлі үйірмелер мен секциялардың үлесі зор. Бүгінде 1,5 мың ұйым, 63 мың үйірме мен спорт секциялары қосымша білім берумен айналысады. Нәтижесінде балалардың 70 пайызы қосымша білім берумен қамтылған. Келесі жылы бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін жеткізуіміз керек. Мәдениет және спорт министрлігімен бірге балаларға қосымша білім беруді дамыту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді сұраймын. Онда мектептер мен колледждер базасында фаблабтар, технологиялық үйірмелер желісін, техникалық шығармашылық орталықтарын құруды жоспарлау қажет, – деді сөзінің соңында Ералы Тоғжанов.
– 2023 жылдан бастап үш ауысымда оқитын мектептерден басқа барлық білім ордаларын бес күндік жұмыс форматына көшіру жөнінде шешім қабылдадық. Мұғалімдер екі күн демалып, жақсы тынығуы қажет. Бұл оқу жылының созылуы мен оқу жүктемесінің қысқаруы есебінен жүзеге асырылады және еңбек демалысының төлеміне әсер етпейді. Сәйкесінше 56 күндік демалыс уақыты да өзгеріссіз қалады, – деді Асхат Қанатұлы. – Президенттің тапсырмасымен биыл да жоғарылаған педагогтердің жалақысы келесі жылы тағы да жиырма бес пайызға көбейеді. Соңғы үш жылда балабақша тәрбиешілері мен жұмыскерлерінің, сондай-ақ колледж оқытушылары мен білім саласына қосымша жұмыс істеп жатқан басқа да педагогтердің еңбегі мемлекет тарапынан бағалауға бағытталған қаражаттың ұлғайтылып келеді.
ҚР Оқу-ағарту министрі мектеп пен колледждерде директорлардың тапшылығы байқалғанын жасырмай, мұғалім мамандығы бойынша жұмыс бастайтын дипломды жастарға арналған жобаның алдағы уақытта іске қосылатындығын хабарлады.
– Мектепке жаңадан келген әріптестеріміз үшін жыл бойы мамандықты меңгеру бағытында жеке бағдарлама болады. Олардың әрқайсысына жетекші бекітіліп, біліктіліктерін арттыруына барынша мән берілмек. Уақытының көбін әріптестерінің сабағына қатысуға арнайтын жас маманға толық жалақы төленеді. Сондықтан мемлекеттерде бар осы тектес жүйені елімізде енгізудің мүмкіндіктері зерделенуде, – деді салалық ведомствоның жетекшісі. – Біліктілікті арттыруға байланысты заңнамалық өзгерістерге сәйкес бес жылда бір рет емес, үш жылда бір өткізіледі. Бұл тұрғыда аттестация да үш жылда бір өткізіледі дегенді білдірмейді. Яғни бес жылдық мерзім қалдырылғандықтан курстардың санын пән құзыреті бойынша ұйымдастыру үш есеге дейін көбейтіледі.
Асхат Аймағамбетов мектеп пен балабақша директорларының тапшылығы байқалып отырғанына көңіл аударып, ротациялау жұмыстарының жүйелі түрде жалғасатындығын жеткізді.
– Әрине, пән мұғалімдерінің еңбегі мен біліктілігі өте маңызды. Бірақ біліміне білігі сай басшы болмаса жасалып жатқан жұмыстар тиісті нәтижесін бермейтіні анық. Директорлардың жалақысы мұғалімдермен салыстырғанда аз екені рас. Олардың мойнында үлкен жауапкершіліктің жүгі бар. Тексеру орындары да кейбір кемшіліктер үшін түрлі айыппұлдар салып кетеді. Сондықтан бұл бағытта маңызды мәселені шешу тұрғысында тиісті жұмыстарды атқарамыз. Еліміздің аймақтарында оқу үлгерімі төмен 500 мыңға жуық бала бар. «Цифрлық педагог» жобасы алдағы уақытта іске қосылмақ. Бұл балаларды осы жаңа жобаның негізінде толық қамтып, әр жұма сайын бірнеше пән бойынша қосымша сабақтар беру көзделуде. Оларға психологтар да көмектесетін болады, – деді сала басшысы.
– Келесі кезекте мектепке дейін білім беру ұйымдарындағы педагогтердің жалақысын көтеру мақсаты тұр. Қанат қақты жоба бойынша жиырма бес бүлдіршінді қамтитын бір топқа екі тәрбиеші жіберіледі. Күні бойы әрқайсысы оннан астам баланы тәрбиелейтін қос педагогтің жүктемесі азайып, бағдарламаны іске асыруға жеткілікті көңіл бөлетін болады.
ҚР Оқу-ағарту министрінің мәлімдеуінше, білім беру ұйымдарындағы сапаны көтерудің маңыздылығына байланысты міндетті түрде балабақшада бейнекамералардың болуы және тәрбиеленушілерге қолайлы жағдай жасауға қатысты арнайы талаптар бекітілген.
– Балабақшаларда кадрлар даярлығының жеткіліксіздігіне біліктілікті арттыру курстарының аздығы себеп болып тұр. Сондықтан арнайы курстарды үш есе көбейту арқылы жекеменшік мектепке дейінгі тәрибе орталықтарындағы педагогтерді де қамту қарастырылған. Жыл сайын қазына қаржысынан 505 миллиард теңге балаларды балабақшамен қамту үшін жұмсалып отыр, – деді Асхат Аймағамбетов. – Ваучерлік қаржыландыру жөнінде шешім қабылданды. Бірақ, ақша әрбір атаанаға аударылмайды. Мүмкін болашақта әлеуметтік әмиян болған кезде, тетіктердің бәрі цифрландырылғанда солай болуы да мүмкін. Бірақ, қазіргі уақыттағы ваучерлік қаржыландыру – білім басқармасының білім беру ұйымдары тізбесін мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін орынның нақты санын анықтамай айқындауы. Мұнан ары ата-ана қай балабақша қажет екендігін өзі таңдайды.
ҚР Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова мұғалімнің бойында эмоционалды интеллектіні дамытуға көп күш салу қажеттілігіне тоқталып, ауыл мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыруға шұғыл көшіруді сұрады.
– Мектептің мақсаты – баланы оқыту ғана емес, қазіргі заманда өз орнын тауып, бәсекелестікте өмір сүре алатын, елінің болашағына сеніммен еңбек ететін, қандай да бір қиындықтарға төзімді тұлға ретінде өсіру. Осы ретте әлеуметтік желідегі кибербуллингті реттеу – біздің депутаттық корпустың алдындағы міндет деп білеміз. Балаларға арналған жалпы психологиялық қызметтің енгізілуі дұрыс қадам болғандығын ескеріп, мұғалімдерді де қамтитын тиімді тетіктің енгізілуін ұсынамын, – деді Жұлдыз Досбергенқызы. – Білімнің теңсіздігі әлеуметтік теңсіздікті тудырмауы керек. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты қысқартуға қатысты жүйелі жұмыстар жасалып, кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Ауыл мектептерін алдағы кезде тұрақты дамытатын ауқымды шаралар қолға алынуы қажет. Әсіресе шалғайдағы білім ордаларының материалдық-техникалық жабдықталуы сын көтермейтіндіктен үздіксіз қолдауға зәру.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, еліміздің әр өңірінде жаңа мамандықтар атласы дайындалады және педагогикалық жоғары оқу орындарының білім моделін күшейту қажеттілігі күн тәртібінде тұр.
– «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында барлық облысқа арналған дербес және әр саланың жеке атласы болады. Павлодар облысында бұл бағдарлама қанат қақты жоба ретінде бастау алды. Әрбір бала мен әр отбасына нақты еңбек нарығының талабы, сұранысы, еңбек нарығы ұсынатын мамандықтар тізбесі беріледі. Біздің жоғары оқу орындарымыз жаңа білім беру бағдарламаларын осы атластармен, яғни еңбек нарығының талабымен ұштастырады, – деді салалық ведомствоның жетекшісі.
– Қазіргі кезде елу жоғары оқу орнының негізінде педагогикалық мамандар даярланады. Бүгінде демографиялық толқынды сезінудеміз. Соңғы екі жылда бір миллионға жуық сәби өмірге келген. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл табиғи өсім алдағы төрт жылға дейін тоқтамайды. 1,2 миллион бала білім жүйесіне қатысатындықтан алғашқы қысым мектепке дейінгі ұйымдарға түседі. Оларды қамтитын инфрақұрылым қажеттілігіне орай алдағы үш жылда бір мың мектеп салудың мемлекеттік жоспары бар. Үш ауысымды мектептерді толыққанды бір ауысымды білім беру мекемелеріне ауыстыру үшін кемінде үш мың заманауи ғимарат құрылысы жүргізілуі тиіс. Бұл бағытта еліміз бойынша 120 мыңнан астам мұғалім дайындаудың қажеттілігі болжанған. Демек педагогикалық білім мен ғылымды жетілдіру – біз үшін стратегиялық бағытқа айналғаны даусыз.
Саясат Нұрбектің сөзінше, орта білімнің – көлемді білім беру, әлеуметтік мақсат және шәкірттерді еңбек нарығына дайындаумен қатар кәсіптік бағыттау сынды негізгі үш тірегі бар.
– Біз білімді біртұтас ұғым ретінде санап, ұзын шынжыр деп елестетейік. Әрбір қосылатын жері өте маңызды. Егер байланысқан тұсы үзіліп кетсе немесе әлсіздігі байқалса сапа төмендейді. Осыған орай білім жүйесіндегі әр сатының атқаратын міндеті белгіленген. Мектепке дейінгі білімнің басты ұстанымы бүлдіршінді орта білімге дайындау, баланың ақпараттың қабылдауы, өзін басқара білу сынды қабілеттерін қалыптастыру, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі. – Кәсіптік бағыттау кезеңінде жоғары біліммен байланыс орнатылады. Ұлттық тестілеу орталығы арқылы оқушыларға қарымы мен қабілетіне қоса қызығушылығын анықтайтын арнайы тест енгізілмек. Үміткерлер ұсынылған тізімнен қалауындағы мамандығын таңдауға мүмкіндігі бар.
Тамыз конференциясының барысында отандық білім мен ғылым саласына еңбегі сіңген елімізге белгілі тұлғалар мен танымал жас мамандар және әр аймақтың көшбасшы педагогтері сөз сөйлеп, пайымды пікірлерін ортаға салды. Басқосу соңында еліміздің педагогика саласын ілгері дамытуға қомақты үлес қосқан бір топ азаматтарға марапаттар табысталып, жиналғандар өнерпаз оқушылардың концерттік бағдарламасын тамашалады.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы









