Жүйріктен жүйрік озар…

Жидебайда ХХІІІ республикалық Абай оқулары мәресіне жетті. Биылғы жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 126 оқушы қатысты. Байқаудың бірінші күні олар Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков пен“Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелдінің қатысуымен Семедегі Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ қонақтар балаларға экологиялық білім мен тәрбие беріп, еңбекке баулуға арналған биологиялық орталықты аралап, Семей ядролық полигон құрбандарына арналған ескерткішке тағзым етті. Екінші күн оқушылар мен олардың жетекшілері Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайы, Әуезовтің Бөрілідегі мұражай-үйі мен Ұлы ақынның кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлақта саяхат жасап, театрландырылған көріністі тамашалады.

Абай оқулары «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің ашық амфитеатрында, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының базасында, Қарауылдағы мәдениет үйі мен Абай әдеби-мемориалдық мұражай-үйінің алаңында 6 номинация бойынша өтті. Олар – Абай өлеңдерін жатқа оқуға арналған «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Көңілім әнді ұғады», оқушылардың өз шығармалары бағаланатын «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» және «Ұлылар әлемі» атты Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығына, рухани болмысына қатысты тақырыпқа эссе жазу номинациялары.

Үш күнге созылған дарындылар байқауының қорытындысы бойынша 57 оқушы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталды. Оның ішінде І дәрежелі дипломға – 12 оқушы, ІІ дәрежелі дипломға – 19 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломға – 26 оқушы ие болды. Сонымен жеңімпаздардың есімімен таныс болайық: 1.Хафиза Құдайберген, Мақсұт Жылысбаев атындағы №14 орта мектебі, Жамбыл облысы.

Құралай Қалиева, Көкбай атындағы орта мектебі, Абай облысы; Роксолана Нуркина, Ю. А. Гагарин атындағы №3 ЖОББМ, ШҚО; Ақнұр Махмутова, Міржақып Дулатұлы атындағы № 68 мектеп-гимназиясы, Нұр-Сұлтан қаласы; Ерсұлтан Аушанов, Сам жалпы білім беретін мектебі, Маңғыстау облысы; Қарақат Шалқарқызы, Қарауыл гимназиясы, Абай облысы; Дилназ Аленхан, Дарынды балаларға арналған №4 облыстық мамандандырылған «Болашақ» мектеп-интернаты, Ақмола облысы.

Айдана Қаби, Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия, Атырау облысы; Аққу Серікқызы, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернаты, Абай облысы; Айым Рамазан, Өндіріс ауылының жалпы орта білім беретін мектебі, Ақмола облысы; Жұлдыз Қалимолда, Абай атындағы орта мектебі, ШҚО; Ақшархат Эшкулова, №61 жалпы білім беретін орта мектеп, Қарағанды облысы. Абайдың әлемімен қауышып, шығармашылық шабыт алған барлық жүлдегерлер мен қатысушыларды құттықтаймыз!

Қуаныш ЕСКАБУЛОВ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий