Педагогтер – білім берудің стратегиялық ресурсы

Педагогтер білім берудің негізгі стратегиялық ресурсы болып табылады. Облыста 21 мыңнан аса педагог бар. Оның ішінде 50% педагогтің педагогикалық шеберлік біліктілігі бар. Мемлекет материалдық және материалдық емес ынталандыру шаралар кешенін қабылдауда: 2020 жылдан бастап жыл сайын жалақы жиырма бес пайызға арттырылады, педагогикалық шеберлік біліктілігі, тәлімгерлік, магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төленеді, – деп хабарлайды Қостанай облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғанға дейін орташа жалақы 185 мың теңге болса, қазіргі таңда 300 мыңнан аса теңгені құрап отыр. Педагогтердің кәсіби өсуі үшін, материалдық ынталандырудан басқа, барлық жағдайлар жасалған: кәсіби деңгейін арттыру, әдістемелік сүйемелдеу және практикалық көмек көрсету, шығармашылық бастамаларды қолдау. Өткен оқу жылында облыстық, республикалық және халықаралық маңызы бар 35 түрлі конкурс өткізілді, 50-ге жуық педагог жүлдегер атанды.

Облыста оқулықтар жазу бойынша авторлық мектеп қалыптасты, Қостанай және Лисаков қалаларынан қырыққа жуық педагог ОӘК даярлауда. Мұғалімнің өзін-өзі көрсету мен өзін өзі танытуының тиімді формаларының бірі – педагогикалық тәжірибені жалпылау. Облыстық деңгейде «Ұлағат» клубы 35 үздік тәжірибені, оқу-әдістемелік кеңес 201 педагогикалық бастаманы мақұлдады. Жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында педагогтерді конкурстық іріктеу жүйесі және директорларды ротациялау енгізілді.

Бүгінгі таңда 42 басшы ротациядан өтті және 100 мұғалім жұмысқа қабылданды. Жас педагогтарды қолдау да маңызды. Бүгінде 718 жас маманға 540 тәлімгер бекітілген. Олардың табысты бейімделуі үшін «Жас педагог мектебі» жұмыс істейді. Облыста жергілікті атқарушы органдар мамандарды тарту үшін көп жұмыс атқаруда. Мәселен, Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Қайыржанұлы Өтегенов өз сөзінде өңірдегі жас педагогтарға қызметтік тұрғын үй берілетінін, «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы жұмыс істейтінін атап өтті.

Жергілікті бюджет есебінен педагогикалық мамандықтар бойынша 15 студент оқытылуда. Мұның бәрі мұғалімдердің ауылдағы жұмысқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ облыста «Үздіксіз білім берудегі педагог» жобасы іске қосылған, оған мұғалім болғысы келетін 146 бала қатысады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий