Саналы ұрпақ – ұлт болашағы: Ата-аналарға арналған тамыз конференциясы

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ортақ мақсаттағы үйлестіруімен өткен аптаның сәрсенбі күні еліміздің барлық аймағынан келген белсенді ата-аналарға арналған тамыз конференциясы ұйымдастырылды.

Сегіз жүзден астам адам бас қосқан алқалы жиынға ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары Ляззат РАМАЗАНОВА, ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат НҰРБЕК, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана НҰРЖІГІТ, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері  Нұркен АСАНОВ және тағы да басқа танымал тұлғалар қатысып, сөз сөйлеген болатын.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге өте маңызды міндеттер жүктеді. Соның бірі – құндылықтар мәселесі. Президент айтқан құндылықтарды барлық бағдарламаға енгізіп, дамытып жатырмыз. TIMSS және PISA сияқты әртүрлі халықаралық зерттеулер балалардың  үлгерімін анықтайтындығымен көптеген елдердің қолданысына ие. TIMSS зерттеуі бойынша екі жыл бұрын 4 сынып оқушыларының үлгерімін қарап, сабақ үлгеріміне қандай факторлар әсер етті деген сұраққа жауап іздедік, – деді Асхат Қанатұлы.

– Зерттеу нәтижесінде орташа есеппен алғанда үйдегі ата-аналары ұл-қыздарының сабақ оқуына көмектесіп, дұрыс білім алуын қадағалайтын отбасындағы шәкірттердің бағалары әлдеқайда жоғары болды. Ал перзентерінің сабағына немқұрайлы қарайтын ата-аналардың балаларының орташа бағасы  20-25 баллды құрады. Бұл нақты көрсеткіш. Салалық ведомства жетекшісінің мәлімдеуінше баланың кәсіби жетістікке жетуі оның ата-анасымен бірге кітап оқуы мен білім алуға деген жағдайының толықтай жасалуына тікелей байланысты.

Биылғы оқу жылынан бастап мектепте өтетін ата-аналар жиналысының форматын өзгертіп жатырмыз. Егер ата-ана алдына келгенде, мұғалім әр баланың қай пәнді ұнататыны, бірақ оны меңгеруде қандай проблемаға тап келіп жатқаны туралы мәлімет беріп отырса, ол ата-анаға өте маңызды ақпарат болар еді. Тек бағаны айтып шыққаннан бұл әлдеқайда тиімді. Сондықтан биылдан бастап осы жұмысты қолға аламыз.

Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім Академиясы жүргізген түрлі талдауларға жүгінсек оқушылардың 60 пайызының ата-анасы мектепте не үйретіп жатқанына мән бермейтіні белгілі болды, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі. – Аптаның соңындағы сенбі және жексенбі күндері ұйымдастырылуы белгіленген түрлі мәдени және спорттық тағылымды шараларға оқушыларды ғана қатыстырмай ата-аналарды белсенді тарту тәжірибесін кеңінен енгізу көзделіп отыр. Ата-аналардың ұстаздар қауымына құрметі отбасылық тәрбиеде ерекше маңызға ие.

Ас үйде мұғалім туралы айтылған жағымды әңгіме баланың пән мұғаліміне дұрыс қарым-қатынасын қалыптастыратындығы анық. Демек шәкірт пен педагог арасындағы байланыстың жақсы болуы ұстаздың біліміне, кәсібилігіне ғана емес, ата-ананың қиын да күрделі мамандық иесінің білім мен тәрбие саласындағы өлшеусіз еңбегін оң бағалауына байланысты.

– Кез келген жоғары университеттің үш миссиясы бар. Біріншісі – білім беру. Екінші миссиясы – ғылым. Негізі білім мен ғылымды ұштастыратын орталық – университет. Шетелде қызық тәжірибелер бар. Олар ата-аналармен де бірегей әрі бекем байланыс ортатқан. Жасы келген ата-аналарға қолдау көрсетіп, қажетті көмектер жасайды. Көкшетау университеті біздің еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқы қатарда күміс моделіне көшуде, – деді Саясат Нұрбек.

– Басты мақсаты зейнетке жақындаған аға буын өкілдермен ортақ мақсаттағы жүйелі жұмыстарды бірлескен түрде жұмыла жүргізу. Үшінші миссия, ата-аналарға әдістемелік-педагогикалық көмек беруді қолға аламыз. Жоғары оқу орындарында педагогика, психология, физиология саласында  жинаған тәжірибе мен ғылыми ізденістерді бөлісіп отырамыз. Қазіргі кезде халықаралық деңгейдегі педагогика саласы тек балалармен жұмыс істейтін шектеулі орта емес, көп функционалды қыры бар маңызы зор жауапты әлеуметтік құрылым ретінде сарапшылардың басты назарына айналды. 

– Ұрпақ тәрбиелеу – ұлы міндет. Ұлы міндет қашаннан да ұлы күреспен ғана жүзеге асырылады. Болашақтың жастарын тәрбиелеуде білімге деген талап пен талғамның ерекше болуы шарт. Бірлестіктің аты да айтып тұрғандай, «Сенімен болашақ», болашағымыз – бүгінгі жастарымыз. Бала бақытының кепілі – ата-ананың өнегелі тәрбиесінде. Болашағымыз жарқын болуы үшін ата-аналар боп, бірлестік құрдық.

Қай заманда болса да әрбір ата-ана баласының өмірден өз орнын тауып, адам болғанын қалайды. Әр ата-ана ұл-қызы кіммен араласады, не істеп жүр, не нәрсеге қызығады, ортасы, дос-жараны қандай екенін білгісі келеді.  Өзім де қызымның мектептегі өмірін жақын таныған соң біраз жайтты түсініп, біраз жайттың куәгері болдым. Сондағы түйген ойым, ата-ана балаға қанша жақын болса, баланың сабаққа, өмірге деген құлшынысы да өте жоғары болады екен, – деді Нұркен Жарылқапұлы.

Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы жиналғандарға байырғы бабаларымыз балаңды тәрбиелеп әуре болма, бәрібір өзіңе ұқсайды, сондықтан ең алдымен өзіңді тәрбиеле дегенді бекерге айтпағанын еске салды. Себебі адам идеал емес, әр адамның өзіндік кем-кетігі болады. Екіншіден, қазіргі қоғамда тек өз балаңды ғана тәрбиелеу жеткіліксіз. Сенің перзентің де қоғамның бір мүшесі.

Сыныптағы отыз шәкіртті айтпағанда, мектептегі үш жүз оқушының тәлім-тәрбиесі білім алуға қатар баратын түрлі әлеуметтік жағдайда өмір сүретін әрбір отбасының жеке дара баласына әсер етпей қоймайды. Бала тәрбиесі туралы көп кітап оқып, небір әдіс-тәсілдерді меңгеру арқылы баламды тұлға ретінде тәрбиелеймін деу қате пікір. Ең алдымен үйден, ауладан, мектептен бастап балаға жайлы орта қалыптастырған дұрыс. Саналы ата-ана бала тәрбиесіне қатысты қандай құнды нәрсе білсе, соны өзгелермен бөліседі.

– Негізі баланы киіндіріп, тамағын беріп, «аутсорсингке» (балабақша тәрбиешілері мен мектептегі мұғалімдер) беріп қою әрбір ата-ана үшін өте қиын жағдай. Өкінішке орай қазіргі кезде ата-аналардың дені барлық жауапкершілікті білім беру ұйымдарындағы педагогтердің иығына артып, тек талап қоятындығын көоудеміз. Жаһанның әр ақпараты бала бойына жылдам сіңіп, оның миын ашытып жатқан заманда әр ата-ана бала тәрбиесіне араласпаса, оны араласатын ортасы тәрбиелеп кетеді.

Ал баланың ата-анасымен қарым-қатынасы тығыз, шынайы болса, ондай балаға қоғам әсер ете алмайды.  Ал біздің мақсат – әрбір ата-ананы жақсы орта тәрбиелеуге жұмылдыру, – дейді Нұркен Асанов. – Әрбір ата-ана қоғамға үлес қосқан кезде ғана тәрбиелі, жақсы, жайлы орта қалыптасады. Ұл мен қызымыздың тұлға болып қалыптасуының сексен пайызы ата-ананың отбасылық тәрбиесіне тікелей. Себебі бала балабақшаға барғанша, мектепті бітіргенше ата-ананың жанында болады.

Ата-ана балаға бар мейірімін төгіп, өсиетін айтып, қамқорлығын шын сездіре алса, бала жаман болмайды. Баланың дарынын анықтап, оның біліміне инвестиция салу – баласы болашақта табысты болғанын қалайтын ата-ананың негізгі міндеті деп жатамыз ғой. Бұғанасы қатпаған балаға жақсы мен жаманды айрып беру де – ата-ананың міндеті. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді ең алдымен бала әке-шешеден үйренеді.

– Пандемияның да қайыры бар. Үйде отырып ата-аналар балаларымен әңгіме-дүкен құрып, сырласып, ой бөлісуге мүмкіндік алды. Жұқпалы індеттен сақтанудағы шектеулердің бірнеше пайдасы болды десек, айрықша атап айтуға тұрарлық бірегей бастама осы. Авторы – мықты меценат Нұркен Асанов. Баласынан «Бақыт деген не?» деп сұрағанда, «Бақыт деген – сізбен сөйлескен уақыт» депті. Перзентімен сөйлескеннен кейін туған идея осындай үлкен қозғалыс, ата-аналар бірлестігінің құрылуына алып келді.

Балаларға керегі – ата-ананың көңіл бөлуі. Қазір барлығымыз жұмыста отырмыз, ал балаларымыз болса әрине телефон, теледидарға телміріп, уақыт өткізіп жатыр. Сондықтан ата-аналар балалары үшін ең маңызды тұлға екенін есте сақтау қажет. Балалар жылына орай барша ата-аналардың басын қосып жатырмыз. Бұл тек биылмен шектелетін дүние емес. Мен ата-аналардың тамыз конференциясын дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастыруды ұсынамын, – деді Дана Өмірбайқызы.

– Халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз дедік.  Ал бұл дегеніміз не? Ол билік және қоғам деген сөздің арасындағы шекараны бұзу. Біз және олар деген екіге жарылған қоғам болмауы тиіс. Тек біз деген қоғам болуы керек. Парламент мүшелері қажетті заң жобаларын талқылаймыз. Сонымен бірге құқық жайлы, сәбіз бен картоптың бағасын айтамыз. Қантқа талас пен жанар-жағармай мәселесі туралы да ортаға саламыз. Оның бәрі күнделікті өміріміздің тыныс-тіршілігі.

Ал кеңінен талқылануы тиіс мәселенің бірі де бірегейі ол болашақтың қамы. Қоғамда ата-ананың рөлі маңызды. Мен бұл жерде депутат ретінде сөйлеп тұрғаныммен мишығымның бір жағында балам не істеп отыр екен ойдың мазалайтындығын да жасырмаймын.  

Түрлі саланы зерттеуші ғалымдар, педагогтер мен психологтар шақырылған алқалы жиында халықаралық ұйымдардың өкілдері кәсіби тәжірибелерін ортаға салып, тақырыпқа байланысты семинар-тренингтер ұйымдастырды. Және сан алуан көзқарастағы пайымды пікірлер айтылып, ұтымды ұсыныстар талқылаушылар тобының басты назарына алынды.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий