А. Байтұрсынұлы – 150: Ұлт ұстазы ұлықталды
Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысындағы Жангелді ауданына қарасты Ақкөл ауылында өмірге келген. Ол – қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы ғалым.

Алаш-Орда өкіметінің мүшесі атанған тарихи тұлғаның шығармашылығын насихаттау үшін жазба ақындар мүшәйрасы біздің кәсіби білім беру орталығындағы кәсіподақ ұйымының бастамасымен «Ахмет – ұлт ұстазы» тақырыбында колледжішілік жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды.
Әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлына туғанына 150 жыл толуына орай мүшәйраның мақсаты әдебиеттану саласында күні бүгінге дейін құнын жоймаған, болашақ ғылымға да сара жол сала берер тағылымды ой-пікірлер мен ғылыми тұжырымдарды соңына мирас еткен ұлт ұстазының ақындық мұрасынан, саяси-қоғамдық көзқарастарынан, ғылыми-əдістемелік еңбектерінен, тіпті азаматтық, адамдық қасиеттерінен тағылым алу, елінің ертеңі үшін күрескен ұлтжанды азаматтың өнегелі өмірін жастарымызға үлгі ету болатын.
Мүшәйраға колледждің ақындары қатысып, «Ахмет Байтұрсынұлына арнау», «Ахмет Байтұрсыновқа мадақ» атты өлеңдері оқылды. Адаева Гүлбақыт ақынның «Ғылым» өлеңін оқыса, Киікбаева Қаламқас ақынның «Қарға мен түлкі» өлеңін оқыды. Сөз сайысы барысында ақынның өмір жолы және жары Бадрисафа Байтұрсынова туралы бейнежазбалар көрсетіліп, Ахметтің еңбектері туралы мағлұматтар айтылды.
Қатысушылар өнерін бағалау кезінде ақынның сөз тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының күрделілігі және ой мен қиялдың ұшқырлығы, идеялық мазмұнына баса назар аударылды. Мүшәйра қорытындысы бойынша жазба ақындарға төмендегідей жүлделі орындар тағайындалды: І орын – Абдуллаев Еркебұлан Ерғалиұлына, ІІ орын –Қанатова Перизат Абжамиевнаға, ІІІ орын – Асатов Аманкелди Кутановичке. Жеңімпаздар мен белсенділік танытқан қатысушыларға кәсіподақ ұйымының дипломы және арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Жанна Кожагелдиевна КЫРКАБАКОВА,
Арал индустриалды-техникалық колледжінің
арнайы пән оқытушысы, Қызылорда облысы, Арал қаласы