Білімді мұғалімнің сапалы ұрпақ дайындаудағы үлесі қашан да жоғары

Білімді мұғалімнің сапалы ұрпақ дайындаудағы үлесі қашан да жоғары. Ол үшін үздіксіз дамуды қалыптастырып, ұлт құндылығын назардан тыс қалдырмау керек. Облыстық тамыз кеңесінде білім саласындағы оң өзгерістер туралы жан-жақты талқыланды. Өнер орталығында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында облыс педагогтарының жыл сайынғы дәстүрлі тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтіп, оған 1200-ге жуық педагог, білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері, депутаттар және тағы басқалар қатысты, – деп хабарлайды Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Конференция жұмысы онлайн түрде қайталанды. Педагогтардың алдында сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жаңа оқу жылына бірқатар міндеттер қойды. “Біріншіден, Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын жандандырып жаңа жұмыс форматтарын қарастыруды жедел қолға алып, заман ағымына сай озық үлгілерге негізделген оқу-тәрбие жұмыстарына басымдық беру қажет. Тәрбиеге негізделмеген білім оқу сапасын жақсартпайды. Қазір жастар арасында суицид, қылмыс, құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, бір-бірін бопсалау, қорқыту, қорлық көрсету көбейіп кетті.

Оқушыларды тәрбиелеу, білім беру ұйымдары мен мұғалімнің басты жұмысы. Мұны әсте естен шығармауымыз керек. Оған жүйелі түрде жүргізілетін нақты жұмыстардың арқасында ғана қол жеткізуге болады. Бұл жұмыстың өзегі біздің салт-дәстүріміз, рухани құндылықтарымыз болуы тиіс. Балабақшада, мектепте берілген білім, тәрбие еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Біз бәріміз бұған мүдделіміз. Білім мекемесінде бала тәртібі қатаң бақылауда болуы қажет. Бұл бағытта Сіздерге үлкен жауапкершілік артамын”,- деді Оңдасын Оразалин.
Тамыз конференциясы барысында сапалы білім беруді қамтамасыз етудегі сын-қатерлер, үздіксіз даму мен тұрақты білім беруді қалыптастыру, ұрпақ тәрбиесі, ұлт құндылығы, академиялық дербестік, мамандар дайындау, дуалды оқыту, балабақшаларды лицензиялау, бірінші басшыларды ротациялау, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда қосымша білім беру ұйымдарының маңыздылығы секілді мәселелер көтеріліп, диалог алаңы құрылды. Облыс әкімі білім сапасын көтерудің маңыздылығын атап өтті.
“Білім сапасына нақты көңіл бөлуді талап етемін. Ұстаздар мен оқушыларға барлық жағдай жасалып, жаңа мектептер салынып, бұрыннан барлары күрделі және жеңіл жөндеуден өткізіліп, қажетті заманауи технологиялармен қамтылуда. Алайда, облысымызда білім саласының деңгейі көңіл көншітпейді. Неліктен ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші төмен? Кемшіліктер қай жерден кетіп отыр? Жалпы, бұл бағытта білім беру ұйымдары жұмысты ширатуы қажет.
Басшы өз қызметіне сай болып, мұғалімнен жұмысты дұрыс, әділ талап ете білсе, барлық мәселе шешімін табады. Мектепте балаға тиісті деңгейде білім берілсе, ата-ана баласын қосымша ақылы ҰБТ-ға дайындық курстарына бермес еді. Бұл да ойланарлық жағдай. Мұғалім де алдында отырған оқушының білім сапасына жауапты екенін ұмытпауы керек. Сондықтан сынды дұрыс қабылдап, нәтиже шығаратын, кез әбден жетті деп ойлаймын. Себебі, жаңа Қазақстанды құру мектеп қабырғасынан, отбасынан басталады.
Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған нақты міндеттер бізге белгілі, біз оны орындау үшін барлық күш жігерімізді саламыз”,- деді облыс әкімі. Бұдан бөлек өңір басшысы білім басқармасына балабақшалардың, соның ішінде жекелерінің жұмысына ерекше назар аударуды тапсырды. Аймақ басшысы “Бұқаралық ақпарат құралдарында балабақшаларда балаларға жасалған әлімжеттіктер туралы жаңалықтар жиі көрсетіліп жүр. Ондай деректерге жол беруге болмайды!
Балалар физикалық тұрғыдан да, психикалық тұрғыдан да әлімжеттік көрмеулері керек. Білім беру басқармасына осы сұрақты ерекше назарға алып, үнемі бақылауда ұстауды тапсырамын. Сонымен қатар, санитарлық-гигиеналық, өртке қарсы нормалар мен тамақтану нормаларының бұзылуына жол берілмеуі тиіс”,- деп атап өтті. Отырыс “Үздік білім беру ұйымы” байқауының жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды. 
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Дарынды жасөспірімдерге арналған облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, Ақтөбе қаласындағы №9 орта мектеп-гимназиясы, Ақтөбе қаласындағы Мәрия Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясы, Әйтеке би ауданы, Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектебі, Шалқар ауданы, Әліби Жангелдин атындағы орта мектебін марапаттап, жеңімпаздарға сертификаттар табыстады. Сонымен қатар облыс әкімі тағайындаған сыйақымен және Алғыс хатпен облысымыздың 25 педагогі марапатталды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий