Ғылым бәсекесінің алғашқы басқышы – пән олимпиадасы
Олимпиада десе бірден есімізге әнұрандар асқақтаған спорттық олимпиадалар еске түседі. Біздің айтпағымыз, бұдан өзге атағы мен даңқы, айбыны мен ауқымы одан аласалау болса да, маңызы одан кем қалмас ғылым бәсекесінің алғашқы әрі маңызды басқышы – пән олимпиадасы. Пән олимпиадасы – ғылымның алғашқы басқышы, бала санасына ғылымның алғашқы ізденістерін қалыптастырып, болашақ ғалымдарды баулитын, ғылымға еркін бойлайтын жастарды қалыптастыратын ең үлкен және ең тамаша бағдарламалық бәсеке.
«Біз әлемнің алдыңғы елдерімен бәсекелес болу үшін ең алдымен технократтық мемлекетке айналуымыз керек» деп айтады заманның заңғар математигі Асқар Жұмаділдаев. Ғылымның тереңіне үңілу мына заманның алғы шарты десек, пән олимпиадасы алғы шарттың алғы шарты болып тұрғаны ақиқат. Білім мен интеллект бірінші орынға шыққан заманда елдің дамуын адам капиталы айқындайды. Бұл – ХХІ ғасырдың ақиқаты. Мұны озық елдердің тәжірибесінен көріп отырмыз. Бәсекелестік бәйгесіне ілесуде ұлттың зияткерлік әлеуеті маңызды рөл атқарады десек, елдің білім беру саласының сапасын арттыруда пәндік олимпиадалардың орны ерекше.
Пәндік олимпиада – білім сапасын, орта білімнің деңгейін, жоғары білімнің өресін бағалайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Білім бәсекесіне түскен ғылым — техниканың көз ілеспей дамыған мына заманында ғылымның терең сырына бастауыш сыныптан бейімдеу елдің ертеңгі деңгейіне жоспарлы дайындық болары анық. Пән олимпиадасына дайындық – адамның мидың ең жоғары қабылдау кезеңінде басталатындықтан оқушылардың логикалық ойлау формасын дамытып қана қоймай, ғылымға деген көзқарасын қалыптастырып, болашақ бағдарын айқындайтын тамаша ғылыми ізденіс. Егер сапалы және жүйелі дайындық жүргізілсе, баланың ми жасушалары сапалы қозғалысқа келіп, оқушының алғырлығы арта түсетіні ғылымда дәлелденіп келеді.
Пән олимпиадаларының елдің ертеңіне тигізер мол пайдасын сараптасақ. Ең әуелі, пән олимпиадасы елдегі дарынды балаларды анықтаудың, оларды ғылым жолына бағыттауда баламасыз жоба. Себебі, дарынды балаларды анықтау және оларды ғылымға тарту елдің ертеңіне іргетас қалау деген сөз. Екіншіден, пән олимпиадаларына дайындау балалардың ғылым жолына түсуіне көмек жасап, елдің болашақ ғылыми базасын қалыптастыруға тың үлес қосады. Себебі, спорттық олимпиадалар секілді ғылым жолына ізденіс бала жастан қалыптасқанда ғана үлкен нәтижеге жеткізері анық.
Олимпиадалық тапсырмалар оқушыларға дұрыс ғылыми көзқарас қалыптастыруға бағыт сілтеп, ғылымға деген құштарлығын арттырады. Үшіншіден, логикасы дамыған, ғылыми көзқарасы сауатты жастардың ғылыми жаңалықтар ашу мүмкіндігі өте жоғары. Ал, ғылым ХХІ ғасырдағы әлемді өз уысына ұстаған бірден-бір күш болғандықтан, бұл салаға баса мән беру елдің ертеңгі дамуы мен баяндылығына қосқан үлес болмақ. Төртіншіден, халықаралық деңгейдегі кез келген бәсеке елдің әлем алдындағы бет беделі.
Ал халықаралық сарапшылар елдің ғылымға деген көзқарасы мен әр елдің ғылымдағы рөлін, мектептердегі білім сапасын, ұлттық интеллектуалдық деңгейін осы пән олимпиадалары арқылы сараптайтындықтан елдің әлем алдындағы беделіне әсер етеді. Бесіншіден, пән олимпиадалары ұстаздардың деңгейін арттырады. Оқушының пән олимпиадасындағы деңгейі жоғарылаған сайын сәйкесті түрде ұстаздың да деңгейі жоғарылай түседі. Ал, ұзақ уақыт олимпиадаға шәкірт тәрбиелеген ұстаздың кәсіптік білімі өзгеден оқ бойы озық тұрары анық.
Бұл елдің білім сапасын арттыруға үлкен үлес болмақ. Елдің білім сапасын белгілейтін ең негізгі түйін ол – ұстаз сапасы. Пәндік олимпиадаға оқушыны ең алғаш таңдап алған кезде неге баса мән беру керек? Алғашқысы — өзгеше ойлай алатын, басқадан дара ететін ОҚУШЫ ОЙЫ. Бүгінде оны ғылыми терминде оқушы логикасы деп атап жүр. Біздің ойымызша, логикалық ойлай білу — көп санды балада туа болатын қасиет, алайда тәрбиенің әр алуандығы, бүгінгі замандағы тілдік шұбарлық, қоршаған ортадағы факторлар оқушының ойлау өресінің жетілуіне кері ықпалын тигізуде.
Пәндік олимпиадаға дайындық кезінде оқушының еңбекқорлығы өте маңызды. «Еңбек – бәрін жеңбек» демекші оқушыны ұқыптылық пен еңбекке баулу – олимпиаданың негізгі бір мақсаты. Себебі, ғылым екінің бірінің шамасы жетіп бағындыра бермейтін, кез келгеннің қанжығасында кете беретін оңай олжа емес, ұзақ ізденіс пен ұқыпты еңбектің жемісі. Бүгінгі күнде әлемнің жүзден астам елінде пән олимпиадалары өткізіледі. Елімізде оқушылар арасындағы басты ғылым бәсекесі ретінде он пәннен республикалық пән олимпиадасы ұйымдастырылады.
Солардың бірі – Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының басқаруымен “Бастау” республикалық математикалық турнирі. “Бастау” республикалық математикалық турнирі бастауыш сыныптардан математикадан дарыны бар оқушыларды анықтап, қолдау көрсетуді мақсат тұтады. Сонымен қатар, оқушылардың жеке және командалық жарыстарға қатысу дағдысын қалыптастырады. Осы мақсатта жыл сайын мектебімізде дарынды балалардан құрылған командамыз республикалық «Бастау» олимпиадасына қатысуды дәстүрге айналдырды.
Жыл сайын жүлделі орындарды иеленіп, жеңімпаз атануда. Осы орайда биылғы оқу жылындағы жеңімпаздарды атап кетсек, олар ХҮ Республикалық «Бастау» матеатикалық турнирінің жеке сынақ бойынша жеңімпаздары Ибраимова Дария І орын, Мираев Хасан ІІ орын, Хасенов Алихан ІІ орын. Болашақ қазақ ғалымдары бүгінгі олимпиада жеңімпаздарынан шығады деген үміттеміз. Әрі олимпиада жеңімпаздарынан шыққан ғалым ол болашақта қазақ ғылымына өз үлесін қосатынына сеніміміз кәміл.
Сол үшін азды-көпті шұғылданған жұмыстарымызды пайдаланып, тәжірибемізді жинақтап, пән олимпиадаларының оқушыға әсерін тереңірек қарастыруда еңбек етудеміз. Бастысы, жүйелі дайындық және тынымсыз еңбек — пәндік олимпиаданың шыңын бағындыруға қажетті ең негізгі критерий. Пән олимпиадаларының оқушысын тәрбиелеу үлкен жауапкершілікті талап ететін әрекет. Себебі, өсіп келе жатқан бала психологиясын бәсекеге, ғылымға дайындап, қабілетін ашу, оқушыны дұрыс таңдап, дұрыс бағыт-бағдар беру үлкен қабілетті және мол тәжірибені қажет етеді.
Кешегі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Жастардың тәрбиесі – ертеңнің көрінісі» деп айтса, Ыбырай Алтынсарин «мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөздерін негізге ала отырып, қарапайым мұғалімнен үздік шәкірт тәрбиелейтін ұстазға айналу әрбіріміздің арманымыз. Ұстаздың ұлы арманы ұлы тұлға болар шәкірт тәрбиелеу болса керек, менің де ұстаздық мамандықты таңдап, осы салада жұмыс істеудегі ең үлкен арманым – елдің ертеңі болар ұрпақ тәрбиелеу. Ал, осы жолда пән олимпиадасы шыңдалар майдан.
Мадина Куанышбаевна ТЕНГЕБАЕВА,
«Өзін-өзі тану» гимназиясының бастауыш
сынып мұғалімі