Тәрбиеден – өзін-өзі тәрбиелеуге
«Ұрпақ тәрбиелі болса, сол ұлттың болашағы да жарқын» дейді ата-бабаларымыз. Расында да, ел ертеңіне, ұлт келешегіне айналар саналы ұрпақ тәрбиелеудегі басты үрдіс – өзін-өзі тәрбиелеу. Мен «Өзін-өзі тану» оқу- сауықтыру кешеніңде тәрбиеші болып жұмыс жасаймын.«Өзін- өзі тану» оқу- сауықтыру кешеніне Қазақстанның түкпір- түкпірінен жетім балалар, республикамыздың экологиялық қолайсыз өңірлерінен, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан 22 күнге сауықтырылуға келеді.
Өзін-өзі тәрбиелеу үрдісінде баланың бойына адамгершілік, мейірімділік, ұлтжандылық қасиеттерін қалыптастырып, қоршаған ортамен, қоғаммен және табиғатпен біртұтас тіршілік етуге дағдыландыру маңызды қызметке ие. Өзін-өзі тәрбиелеу үрдісі балалардың күнделікті өміріндегі көкейкесті мәселелерді шешуіне, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауына көп көмек көрсетеді. Әр баланың мінез-құлқын, көңіл-күйін, мақсатын, өмірлік бағытын, болмысын түсініп, жақсы қасиеттерін аша түсуге, одан әрі дамыту жұмыстарын жүргізгенде ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады.
Тәрбие жұмысы барысында балаларға күнделікті «Шаттық шеңбері», «Өзіммен-өзім», «Сұраққа жетіп ал», «Сергіту сәті», «Ыстық орындық», «Жүректен-жүрекке» сынды әдістер мен ойын-жаттығуларды ұйымдастырамын. «Шаттық шеңбері» әдісі балалардың бойында идея немесе тілек білдіру, тыңдау дағдыларын дамытуға бағыттайды. Балаларды бір-біріне тілек айту арқылы жақындастырады, көңіл күйлерін көтереді, бауырмалдығын оятады.
«Сұраққа жетіп ал» әдісі баланың өз бетінше жұмыс жасау дағдысын қалыптастыруға, сұрақ қою дағдыларын дамытуға бағытталады. Балалар өз бетінше ойлап, ақпаратты меңгере алады. Мәтінге, әңгімеге сұрақ қою, тұжырымдау арқылы жүзеге асатын таным әрекеті үрдісінде қарым-қатынас шеберлігі дамиды. «Ыстық орындық» әдісі баланың белсенділігін арттырумен қатар әр баланың өзіндік мүмкіндіктерін ашуға, қабілеттерін, қызығушылықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Балалардың сұрақ қою дағдысы қалыптасады және сұрақ қою арқылы өзара ашық пікірлеседі.
«Жүректен-жүрекке» кезеңінде балалар игерген жаңа ақпараттарын қорытындылай келе, бір-бірімен өзара ой бөлісіп, жылы тілектері жүректен – жүрекке ұштасып жатады. Сондай-ақ, балаларды табиғат аясына, тау бөктеріне серуендету, сергіту мақсатында «Өзін-өзі тану еліне саяхат», «Табиғатпен тілдесу», «Көңілді саябаққа серуен» сынды сыныптан тыс шаралар да ұйымдастырылады. Өзін-өзі тәрбиелеу жұмыстарында ұсынылып отырған ойын-жаттығулардың басым көпшілігі балаларды мейірімділікке, достыққа, сүйіспеншілікке, сыйластыққа үйретуді көздейді.
Балалармен жеке тұлға ретінде қарым-қатынасқа түсе отырып баланы өзі туралы айтуға, баға бере білуге, өзінің сезімін, мінез-құлқын, әдет дағдысын бақылай және басқара білуге, сонымен бірге жанындағы адамдарды табиғи болмысымен қабылдау, ізгі ниет, ықылас таныта білуге дағдыландырады. Өзін-өзі тәрбиелеу жас ұрпақтың қабілеті мен мүмкіншілігін жан-жақты ашып, адамгершіліктің биігіне көтеретін, ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен өткізуге жетелейді.
Жастарға рухани тәрбие, білім беру адам дамуының тәндік, жандық, рухани үйлесімділігін, өмірді құндылық деп түсінуін өзін табиғатпен үйлесімділікте ұстай білуін, жердегі тіршілікті сақтау үшін өзінің қажеттігін түсінуді қамтамасыз ететін өзін-өзі тәрбиелеу жұмысы бүгінгі күні маңызды орынға ие болып отыр.
Назерке Нұрболатқызы ШЫНБОЛАТОВА,
«Бөбек» ҰҒПББС орталығы «Өзін-өзі тану»
оқу-сауықтыру кешенінің тәрбиешісі