Тұғыры биік тұлға

Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерімде, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім, – дейді Д.А.Қонаев.

 

Халқымыздың ұлы перзенті, аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанның гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосқан ұлы тұлғаларымыздың бірегейі, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Д.А.Қонаевтың ел басқарған жылдары айрықша айшықты, ерекше табысты тарихи кезең болып, жылнамаларда алтын әріптермен жазылып қалды.

Д.А.Қонаев ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Жауапты басшылық қызметте жүріп, республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылыққа толы болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын, ғылыми саласын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Алпысыншы жылдардың басында Н.Хрущевтің өктемдігімен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді.

Мансап пен байлықтан қанағат сезімін жоғары қоя білген қайраткердің барлық байлығы жеке кітапханасы еді. Д.А.Қонаевтың басшылығы кезінде Қазақстанда жұмысшы табының келешегі үшін 47 қала бой көтеріп, экономика мен мәдени өмір қарышты қадаммен алға басты. Алматыны көрікті қалаға айналдыру үшін күш жұмсады. Мұнда Республика сарайы, Медеу спорт кешені, «Қазақстан» қонақ үйі т.б. ірі-ірі ғимараттар бой көтерді.

Қазақ халқының тарихы туралы романдар жазған І.Есенберлинге қамқоршы болып, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс туралы жазып, сотталған Е.Бекмахановты, ұлы жазушы М.Әуезовты, «Аз и Я» кітабы үшін қудалауға түскен О.Сүлейменовты қамқорлығына алып, қорғап қалған. Ұлт тарихын зерделеуде кейінгі өскелең ұрпаққа тарихымыз бен оны жасаушы тұлғалар туралы, олардың артында қалған мұрасы мен келелі ой-тұжырымдарын зерттеп-жеткізу, ұлт перзенттерін ұлықтау – абыройлы парыз.

Қазақ зиялы қауымының өкілдері біздің қоғамымызда шоқ жұлдыздай жарық шоғырын құрайды. Үнемі үрдістік дамуға ұмтылып отыратын қоғамның тынысына ықпал ететін, оның алар бағытына да әсер ете алатын негізгі күш – зиялылар қауымы. Сондықтан да зиялы қауым өкілінің тарихын зерттеу, олардың ғылым мен қоғамдағы алар орны, оған қосқан үлесін саралай отырып сараптау, тағылымдық жақтарын ашып көрсету, бағалау маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Мемлекет қайраткерінің өмір тарихынан сыр шертетін мағлұматтар мен сындарлы сағатта ел үшін атқарған ізгі істері туралы деректер 10 сынып оқушыларына арналып жазылған «Қонаевтану» курсында ұсынылған. Артында өлмейтұғын іс қалдырған қыран тұлға Д.А.Қонаев туралы қанша жыр, қанша естелік жазылды. Дегенмен де, алып тұлғаның ғибратты өмірін зерттеуші ғалымдар, «қазіргі қоғамда оны насихаттау жағы кенде қалып жатыр, – дейді.

Адами қасиеттері мен адалдығын өскелең ұрпақтың бойына терең сіндіруде атқарылар іс әлі толағай, соның бірі мектеп қабырғасында «Қонаевтану» курсын енгізу жас ұрпақты отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде маңызы зор деп ойлаймын.

Әсел Асқарқызы ӘУЕЗОВА,
Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу

әдістемелік орталығының әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий