Шығыс Қазақстан облысындағы “Алтай-түркі әлемінің алтын бесігі” атты халықаралық конференция
Өскемен қаласында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, ШҚО әкімі Даниал Ахметов, еліміздің және шетелдік жетекші тарихшы ғалымдар, сонымен қатар дипломатиялық миссия өкілдері қатысты, – деп хабарлайды осы салалық ведомстваның баспасөз қызметі.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның басты мақсаты – халықаралық ғылыми қауымдастық пен қалың жұртшылықты аймақтың археологиялық әлеуметімен таныстыру. Конференцияда еліміздің беделді гуманитарлық ғылыми институттары мен жоғары оқу орындарының тарихшы-ғалымдары баяндама жасады. Іс-шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жергілікті ғалымдардың қазба жұмыстары нәтижесінде табылған құнды жәдігерлермен танысты.
– Бүкіл Еуразия кеңістігіндегі туыс халықтардың, әсіресе қазақтың тарихында асқар таулы қарт Алтайдың орны ерекше. Сақ өркениеті мен алғашқы далалық империя құрған ғұндардан басталатын Түркі дүниесі пайда болған Алтай күллі түркі әлемінің алтын бесігіне айналды. Ғалымдармен бірге Ұлан ауданындағы қола дәуіріне жататын Ақбауыр ескерткішінде болып, сақтардың ежелгі қонысын көріп қайттық. Ғалым-археологтардың зерттеу нәтижелері ғылым парақтарын жаңартатыны кәміл. Осы орайда министрлік тарапынан археологиялық зерттеулерді қаржыландыру мәселесіне 2022-2024 жылдарға арналған тарих ғылымы бойынша жалпы қаржыландыру көзделгенін атап өткім келеді, – деді Қуаныш Ерғалиев.
Конференцияның қорытындысы бойынша еліміздің жетекші археологы Зайнолла Самашевтың бастамасымен Бестерек ауылында археологиялық ғылыми-зерттеу орталығын ашу шешімі қабылданды.