Айдарбек АСЕМБЕКОВ: Мақсатымыз – болашақ педагогтерге қолдау көрсету

Биылғы жаңа оқу жылында елордада жоғарғы және арнаулы кәсіби оқу орындарында білім алатын болашақ педагогтерге арналған заманауи коворкинг орталығы ашылды. Уақыт үдерісіне сай осы батыл бастаманы қолға алып, жүзеге асырған «Jelken foundation» (Желкен) қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы, білім беру саласындағы Pine Education бірлестігінде ұйымдастырушылардың бірегейі, педагог маман Айдарбек Асембековпен кездесіп, сұхбаттасқан болатынбыз.

Айдарбек Амбеұлы, игі істеріңізге сәттілік тілейміз! Әңгімемізді бұл идея қалай туындады және іске асыру барысында қандай маңызды мәселелерді реттедіңіздер деген сауалға жауап беруден бастасаңыз? – Рақмет. Ең алдымен, республикалық деңгейде танылған отандық педагогика саласында өзіндік қолтаңбасы бар және он бес мыңға жуық оқырманы бар танымал апталық басылымның бас редакторы, белгілі журналист маман ретінде қазақстандық білім беру саласын ілгері дамытуға бағытталған осы бастаманы қолдаушылар қатарынан табылып, сұхбат жасауға ниет білдіргеніңіз үшін сізге ұйымдастырушылар атынан зор алғыс білдіріп, редакция ұжымына шығармашылық жетістіктер тілеймін!
Бұл бастаманы қолға алып, жүзеге асырушылардың бәрі дерлік тәуелсіз еліміздің білім мен ғылым саласының қыры мен сырын жақсы білетін және күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің шешімін табуы жолында түрлі зерттеулер жүргізу арқылы арнайы сараптамалық жұмыстар жүргізумен айналысқан кәсіби мамандар десек те болады. Сондықтан осы салаға мемлекет тарапынан қыруар қаржылық көмек көрсетіліп, жан-жақты қолдау білдірілгенін зерделеген бизнес саласындағы әріптестер ақылдаса келіп, ортақ ұстанымға сәйкес «Астана білім академиясы» аталатын қауымдастықты құрған болатынбыз. Уақыт ұзаған соң ойласа келіп, бұл серіктестікке толық ребрендинг жасалған соң Pine Education аясына қайта біріктік.
Ендігі кезекте осы бірлестіктің негізгі миссиясы мен басты мақсатын оқырмандарға түсіндіріп берсеңіз? – – Бірінші кезекте білім эко жүйесінде талдамалық жұмыстардан бастап барлық сұраныстағы қызметтерді әлемдік деңгейде жүзеге асыруға дейін жоғары стандарттарды дамытуға бағыталған. Негізгі міндетіміз – тиімді инновациялық тәсілдер мен құралдар арқылы ең жақсы білімге қол жетімді ету. Басты мақсат – білім саласында әлемдік деңгейдегі әлеуметтік жобалар жасап, өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы елімізді үздіктердің қатарында көрсету.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен басқа да мүдделі құрылымдардың тарапынан бірлесе ұйымдастырылған олимпиадаға дайындық және кәсіби даму бойынша семинар барысында осы шараға жиналған елордадағы 30 мектеп директорларының орынбасарлары мен педагогтері алдында біздің команда мүшелері арнайы дайындаған SANA, STEAM, IoT Board инновациялық жобаларын таныстырып, қатысушылардың назарын аударды.

Біз мүмкіндігінше отандық білім жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеуге барынша мүдделіміз. Сондықтан ұсынылатын жобалар бірнеше қасиеттерге ие. Сапа бойынша айтқанда, біз тұтынушыларымыздың қалауларын ескере отырып, нарықтағы ең үздік жобаларды таңдаймыз. Екіншіден – кәсіби шеберлік. Шығармашылыққа, жоғары деңгейлі жоспарлауға назар аудару – бұл компаниямыздың сапа кепілдігі. Үшінші кезекте – инновациялар.
Компания жыл сайын ең жақсы білім беру жобаларын іздеуге, ғылыми-зерттеу бөлімі қызметкерлерінің технологиялық турларына көптеген қаржы жұмсайды. Төртіншісі, әрине, сервистік қызмет көрсету. Компанияның бизнес-процестері тұтынушыларға жедел көмек көрсетуді және клиенттің мәселелерін шешуде жеке жұмыс істеуді көздейді. Былтырғы жылдың маусым айында қазіргі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің құрамындағы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен әріптестік байланыстарды нығайту бойынша ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол қойылып, міндеттерді орындау аясындағы шаралар атқарылуда.
Pine атауының мәні мен маңызы не? – Жаңа бренд қарағай ағашының ерекше және табиғи нәзік қасиетіндегі философиялық ұғымына негізделген. Бұл ағаш күнге қарап өседі және тереңге жіберетін тамырын қара таспен де байланыстыра алады. Бурабай демалыс аймағынан жартастағы қарағайларды байқаған боларсыздар. Ол адам ағзасына аса қажетті кәдімгі ауаны өте жақсы тазартады және діңі өте мықты әрі берік. Қарағайдан салынған сапалы ағаш үйлерге жақсы күтім жасалса жүз жылға дейін шыдас беретіндігі де сондықтан.
Екінші элемент: масштаб пен нәтижені білдіретін конус таңдалды. Егер қарағай өзі компания болса, онда конус, бұл оның еншілес компаниялары. Үшінші элемент – бұл еншілес компаниялардың өнімдерін бейнелейтін жапырақ немесе конустың тұқымы. PINE үшін сапалы өнімдерді бүкіл елге тарату, қызметтері мен тауарлары арқылы танымал компания болу маңызды. PINE атауындағы тағы бір жасырын мағына-компанияның «[P]erfection [IN] [E]ducation» ұранының алғашқы әріптері. Бірлестіктің негізгі қызметі білім беру жүйесі болғандықтан бұл бағытты PINE Education деп атадық. Нәтижесінде біз түбегейлі мағынасы мен философиясы бар мүлдем жаңа брендке ие болдық.

Еліміздің астанасынан коворкинг орталықты ашар алдында қандай сұраныстарды ескердіңіздер? – Әңгімеміздің бастауында айтқанымдай, біздерде маңызды мәселелерді зерттеумен айналысатын кәсіби мамандардың тобы бар. Солардың ұсынысы мен пікірін тыңдағаннан кейін шынында да екі миллионға жуық тұрғыны мен көптеген жоғары және арнаулы оқу орны бар үлкен мегаполиске заман талабына сай келетін жаңа коворкинг орталықтың қажеттілігіне көз жеткіздік.
Ең бастысы, болашақ педагог мамандарға қолдау көрсетіп, тиісті мүмкіндіктер мен жайлы жағдайлар жасау. Осыған орай зәулім ғимараттың кең де жарық бөлмелерін қайта жабдықтап, қажетті құрылғыларға қоса білікті мамандарды дайындадық. Бұл бағалы бастаманы қуана қолдап, әріптестік байланыс орнатуға ұмтылған жергілікті университеттер мен колледж басшылар арасында ауызша жасалған келісімдерді, ресми құжат түрінде бекітуге кірістік. Бұл орталықта қосымша түрлі тақырыпта семинарлар мен педагогтердің біліктілігін арттыруға бағытталған курстар ұйымдастыру жоспарда бар.
Алдағы уақытта осындай тағы бір екінші орталықты Солтүстік Қазақстан облысында ашу бағытындағы дайындық жұмыстары жан-жақты пысықталуда. Содан соң ел Президенті тарапынан ерекше көңіл бөлінуі тапсырылған Маңғыстау облысындағы білім беру саласындағы көрсеткіштерді жоғарылату үшін Жаңаөзен қаласынан үшінші орталықты ұйымдастыруға кірісеміз.
«Jelken foundation» (Желкен) қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы ретінде де айтарыңыз бар сияқты? – Біздің бұл қайырымдылық қоры негізінен әлеуметтік осал топтың өкілдеріне, жергілікті атқарушы биліктің тізіміне алынған көпбалалы отбасылар мен қолдау мен көмекке мұқтаж басқа да азаматтарға жәрдем беруге бағытталған. Бірнеше жыл бойы республиканың әр аймағындағы жүздеген адамға шамамыз жеткенше қайырымдылық шараларын жасап, қаншама жанды қуанышқа бөлегеніміз бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты, әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуді көздейтін 9-10 сыныптың дарынды оқушыларына сапалы білім беру және тұлғалық қасиеттерді дамыту аясында іріктеу кезеңінен өткізіп, жоғары ұпай алғандарды ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтары үшін дайындық орталықтарынан тегін оқытуға қомақты қаржы бөлінді. Қостанай облысындағы күні кеше орын алған алапат өрттен зардап шеккендерге көмек қолын созған жомарт жүректі жанашыр жандардың басын біріктірген болатынбыз.
Қордың басшылығы қайырымдылық бағыттағы игілікті істердің ұйымдастырылуына жаңаша сипат беру арқылы жаңа Қазақстанның дамуына үлес қосуды зор міндеттердің бір санайды. Сондықтан түрлі мәдени шараларға да белсене араласуды бастадық. Қыркүйек айының 21-і күні қазақ жұртшылығына белгілі әнші, композитор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Эстрадалық өнер» бөлімінің жетекшісі Құрмаш Маханның елорда тұрғындарына арналған «Жан сырым» атты жеке шығармашылық кеші ұйымдастырылады.
Осы кешке демеушілік көрсетушілердің бірі де бірегейі біздің қоғамдық қор концерттен түскен ақшаны әншінің келісімімен жаңа орталықты жасақтауға жұмсамақ ниетте. Концертте халықтың сүйікті әндеріне айналған туындыларыммен қатар жаңа әндердің де тұсауы кесіледі. «Қазақстан» орталық концерт залында кешкі сағат 19:00-де басталатын кешті тамашалауға барша оқырмандарды шақырамын.
Елордада жүзге жуық кәсіпкердің басын қосқан бизнес басқосу ұйымдастырылып, форум спикерлері ретінде Ерлан Әшім, Табиғат Қаутай, Абзал Нарымбетов, Рауан Чингужанов сынды басқа да танымал тұлғалар түрлі тақырыпта ойларын артаға салып, пайымды пкірлерін білдірді. Осы жүздесудің нәтижесінде жинақталған қаражат та толығымен Солтүстік Қазақстан облысында ашылатын коворкинг жобасына жұмсалады. Негізі бұл жоба қайырымдылық аясында және кәсіпкер достарымның қолдауымен жасалып жатыр.

Сіздерді алдағы уақытта көп жұмыстардың күтіп тұрғаны белгілі болды. Бұл шараларды атқару барысында кімдермен серіктес болуды көздеп отырсыздар? – Білім саласындағы біздің бизнес болашақ педагогтердің жоғары оқу орындары мен педагогикалық колледждерден ел мектептеріндегі табысты жұмысқа бағдарлануын басты назарда ұстайды.
Сондықтан отандық ұстаздар қауымының біліктілігін арттырудан бастап, оқушылардың сапалы білімі мен саналы тәрбесі, ата-аналардың қоғам алдындағы жауапкершілігі бойынша ортақ мақсаттағы жауапты мақсат-міндеттерді адал әрі абыроймен атқару барысында кез келген мүдделі мемлекеттік құрылым мен қоғамдық бірлестіктердің ұтымды ұсыныстарын зерделеу арқылы бірлесе жұмыс жүргізуге әркез дайынбыз.
Айдарбек Амбеұлы, бірегей бастамаларыңыз баянды болсын!
Ләззат ТҮРКІСТАНОВА
Загрузка...