Біліктілікті арттыру: Пән мұғалімдерінің күрделі тақырыптарды меңгеруі
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ-ы үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларында EdCrunch Корпоративті Университетімен бірлесе отырып, 44 пән бойынша жаңа пәндік курстар бойынша біліктілікті арттыру бағдарламасын түзген болатын.
Жаңартылған мазмұнды енгізу ел мұғалімдерінің кәсіби даму барысына әсер етті: соңғы уақытқа дейін біліктілікті арттыру курстарының басым бөлігі әдістемелік сипатқа ие болған еді. Соңғы жылдардағы ҰБТ нәтижелерін талдау мұғалімдердің көпшілігінде пәндік білім беруде елеулі олқылықтар бар екенін көрсетті. ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша Өрлеу ҰБТ мәліметтеріне сапалы талдау жүргізді және пәнді оқытудағы қиын тақырыптардың тізбесін жасады.
Ол үшін мұғалімдермен фокус-топтар ұйымдастырылып, оқытушылардың бағалауы арқылы нақтыланды. Осылайша, терең зерттеуді қажет ететін тақырыптар анықталды. Оқуға Өрлеудің 70 оқытушысы қатысты. Әзірлеу барысында 4С – төрт компонентті оқыту моделі пайдаланылды. Әзірлеушілер кері дизайн принципі арқылы білім беру бағдарламаларын әзірлеу әдістемесімен танысты, тестология негіздерін игерді, мақсаттар, міндеттер, күтілетін нәтижелер корреляциясын құрастырды, оқыту нәтижелері негізінде практикалық және бағалау тапсырмаларын жобалауды үйренді.
Математика, информатика, физика, химия, биология, география, жаратылыстану, қазақ және орыс, ағылшын тілдері, тарих және бастауыш сыныптары – барлығы он екі пән бойынша тестілік форматта 44 білім беру бағдарламасы әзірленді. Олардың отызы бейіндік ведомстваның сараптамалық кеңесімен келісілді. Жаңа бағдарламаларды дайындау барысында заманауи зерттеу тәсілдері қолданылды. Енгізіліп жатқан бағдарламалардың барлығы педагогтердің сұраныстарына толық сәйкес келеді.
Бүгінгі таңда «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша КДИ аймақтық білім беру жүйесінің негізгі үрдістерін зерделейтін және талдайтын ғылыми-оқыту, әдіснамалық және әдістемелік орталықта ғылыми дәрежелі профессорлар, доценттер, ғылым кандидаттары, магистрлер, халықаралық деңгейдегі тренерлер, «PISA, TIMSS» халықаралық зерттеулер жүргізу аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту əдістері бойынша сертификатталған тренерлер қызмет жасайды.
Аталған мамандар үстіміздегі жылдың 1 тамызынан бастап өңірдің пән мұғалімдерінің күрделі тақырыптар бойынша пәндік құзыреттіліктерін дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүргізуде.
Молдир Балгабаевна ШОЙМАНОВА,
«Өрлеу» БАҰО АҚ-ның филиалы
Түркістан облысы және Шымкент
қаласы бойынша КДИ, «Жаратылыстану
және гуманитарлық пәндерді оқыту
әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты