Ортақ ой бөлісу – отбасы татулығын арттырады

Өмірді толқындары тулаған шалқар теңізге ұқсатсақ, сол бір асау толқындармен арпалысып шаршаған жан жанына жайлы, жүрегіне саялы мекен іздейтіні ақиқат. Ондай орын  бар ма дерсіздер? Иә, бар. Адам жанының тағат табатын орны – өз отбасы. Отбасы – адамның қым-қуыт тірліктен шаршаған сәтте сая табатын жері. Өз үйіне оралған барлық адам шаршағанын ұмытып, өзін еркін сезінеді. Осы өз үйі, өлең төсегінде ғана адам өзінің жанына сая таба алады.  Бұл ұяда айтылған, бөліскен қиыншылықтар азайып, әрбір орын алған қуанышты сәттер өмірге деген сүйіспеншілікті арттырады.

Алла Тағаланың  отбасы жарастығы, ерлі- зайыптылардың түсіністігі турасында: «Аллаһ бір-біріңмен өмір сүрулерің үшін өздеріңнің араларыңнан сендерге жұбай жаратқан және араларыңа махаббат  пен рахымдылық сыйлап қойған», – деген хадисте айтылған сөзі бар. Яғни, жанұяда ең әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың одағи беки түсіп, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөліскендіктен, тауқыметтің тәлкегі еш ауыр келмейді.

Ал алмағайып мына қоғамда отбасындағы татулықты, сенім мен сыйластықты қайткен жағдайда арттыра аламыз, бір сәтке ойланып көрдік пе? Бүгінгі заман қазақтың табиғи болмысында бар асыл қасиеттер – бауырмалдық, мейірбандық, татулық сынды құндылықтарды кері ысырып, материалдық құндылықтың рөлін арттырған кер заманға айналып барады. 

Адамдар арасындағы алауыздықты, отбасындағы бірлікті басты тірек еткен ел болсақ та ертеңгі күніміз не болар екен деген алаңдаушылық бар. Бүгін  бас қосып, ертең ажыраса салатын жастар көбейген. Дегенмен,  қоғамдағы осындай жайттардың деңгейін төмендетіп,  екі жас арасындағы дау-жанжалды тиімді шешу жолын қарастыру мәселесі бойынша  жұмыстар қолға алынуда.

Мықты мемлекет қалыптастыру үшін ең әуелі жанұялардың іргесі берік, тәрбиесі терең,  тағылымы биік болуы шарт  деп түсінетін «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің осы бағыттағы жұмыстары ауқымды. Түрлі деңгейдегі іс-шаралар арқылы шаңырақтың шайқалуына тосқауыл қойып, отбасының бірлігін сақтауды насихаттап жатыр. Сондай іс-шараның бірін жуырда бірлестіктің Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырды.

Жамбыл облыстық білім басқармасымен бірлесе ұйымдастырылған іс-шара «Салауатты ата-ана мәдениеті» тақырыбында өткізіліп,  ол жеті апталық мерзімді қамтыды. Байқауға қатысуға ниет білдірген 400-ге жуық отбасы әр аптада ұйымдастырушылар тарапынан берілген тапсырмаларды орындап, нәтижесі әділқазылар алқасынан шыққан отбасылар келесі кезеңге жолдама алып отырды. 8 адамнан тұратын арнайы комиссия мүшелері алғашқы кезеңге қатысқан 119 отбасының жұмысын қарап, оның ішінен 30 отбасын  екінші кезеңге лайық деп таныды.

Шілде айының 11-інен басталып тамыз айының 28-іне дейін жалғасқан марафонда берілген тапсырмалар: баламен отырып жоспар жасау, кешкі серуен, баламен бірге кітап оқу, шығармашылықпен айналысу, отбасылық фильм не мульфильм көріп талқылау, баланы еңбекке баулу, отбасылық қорытынды экосаяхат. Әр тапсырма бойынша 30 секундтық видео түсіріліп, ортақ whatsApp чатқа жіберілді. Сондай-ақ, өз жұмыстарын әр отбасы  @senimenbolashaq парақшасын белгілеп #сеніменболашақ Жамбыл хэштегімен салуы міндеттелді.

Барлық тапсырмаларды мұқият орындап, комиссия талабынан шыққан Жамбыл ауданының намысын қорғаған Әжібаевтар отбасы бас жүлдені жеңіп алып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Бірінші орынға Махамбетовтер отбасы ие болса, ал екінші орынды Ысқақ отбасы мен Құрманәлі отбасы өзара бөлісті. Үшінші орынға Шархан отбасы мен Бестерекбай отбасы лайық деп танылды.

Сондай-ақ Баймахамбетовтер «Мерейлі отбасы», Ақтан отбасы «Өнерлі отбасы», Көпбосын отбасы «Зерделі отбасы», Естаевтар «Іскер отбасы», Сатыбалдиевтер «Ынтымақты отбасы», Жапаровтар «Ұйымшыл отбасы», Нажмудиновтар «Берекелі отбасы» номинацияларының иегері атанды. Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде өткен марапаттау салтанатына бірлестіктің төрайымы Жансая Бердімұратқызы арнайы барып қатысып, жүлдегерлерді марапаттап, игі тілегін білдірді.

Қазақ «Отан – отбасынан басталады» деген бір ауыз сөзбен-ақ, отбасының жылуы мен татулығын бейнелеп беретін көрегенді сөз бар. Бұл байқау жанұя деген қасиетті ұғымның қадірін арттырып, салауатты ұрпақ тәрбиелеп жатқан отбасыларды үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған еді. Осындай байқаулар арқылы отбасының береке-бірлігі артып, өзара татулық қалыптасады. Байқауға бірге дайындалып, ақылдасу, ортақ ой бөлісудің нәтижесінде отбасы бірлігі, татулығы нығая түседі, – деген төрайымның сөзін қатысушылар да құптады.

Марапаттау салтанатына қатысқан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Бейқұт Тлебалдыұлы, Бірлестіктің Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжанов  барлық отбасыларға алғыс айтып, отбасы институтын нығайтып жүрген істеріне береке тіледі.  

Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ,
журналист, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий