“Балдәурен” – балалардың бал мекені  

«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталық кешендерінің бірі Қонаев қаласында орналасқан. Орталықта демалушылар жаз кезінде  15 күннен тұратын ауысымға қатысып, естен кетпес естеліктер жинап, жазғы демалыстарын сәтті ұйымдастырды. .

«Жастар» педагогикалық тобының ұйымдастырушы ұстаздары күні-түні балалардың жанынан табылып, қызықты ойындар ойнатып, көңіл-күйлерін көтеріп, сенімді дос, ақылшы бола білді. «Jaidarman cup» КТК командалар фестивалі» аталатын жетінші ауысымға көңілді тапқырлар клубтары командаларының аудандық, қалалық, облыстық жеңімпаздары, оқу озаттары қатысты.

Құрметті қонақтар ретінде ҚР Алматы қаласы және облысы бойынша Жайдарман директоры Құлымбетов Оңдасын мен «Ұлттық құрама» жайдарман тобының мүшесі, актер, жүргізуші Нұрсұлтан Жақсыген және «Эверест» жайдарман тобының мүшесі Хаһар Бексұлтан шақырылған болатын.

«Біз – жолдағы қауіпсіздік үшін!» жас жол инспекторларының республикалық слеті» атты сегізінші ауысымға республикалық, облыстық, аудандық «Жолда жүру ережелері» жас инспекторлар командалық сайыстарының жеңімпаздары қатысты. Атырау облысынан «Тура жол», «Бағдаршам», Шығыс Қазақстан облысынан «Аман жол» деген жас инспекторлардан тұратын командалар келді.

Осы командалармен орталықта жасақталған «Жаяу жүргінші», «Сақшы», «Антикор» командалары «Қауіпсіздік алаңы» байқауына саптық түзеуден, плакат салудан, велосипедпен кедергілерден өту бойынша сайысқа түсіп, Шығыс Қазақстан облысының «Аман жол» командасы жеңіске жетті.

«Егіздер – ерекше жандар» шығармашылық егіздердің кездесуі» тақырыбындағы тоғызыншы ауысымның тоқсан егіз демалушылары «Алаш» партиясының құрылғанына 105 жыл толуына орай А.Байтұрсыновтың музей-үйіне саяхатқа барып, ұлы тұлға жайлы білімдерін жетілдіріп, қаһарман қазақ қызы Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына арналған ұрандар байқауында бақтарын сынады.

«Спорт – денсаулық кепілі» аталған оныншы ауысымға халықаралық, республикалық, облыстық спорт жарыстарының жеңімпаздары, спорт мектептерінің оқушылары қатысып, спорт түрлерінен сайысқа түсіп, грек-рим күресінен әлем чемпионы, олимпиада ойындарының жүлдегері, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Теңізбаев Нұрбақытпен және ҚР  халықаралық дәрежедегі спорт шебері, күрес түрлері бойынша Алматы облысы федерациясының президенті, Қонаев қаласындағы спорт мектебінің директоры Күзембаев Дамирмен кездесті.

Балалардың сүйікті спорт түріне айналған Октагон  лигасының Қазақстан  чемпионы,  ережесіз жекпе-жектен спорт шебері, бокстан спорт кандидаты Рузбакиев Кариммен сұхбат жүргізді. «Түрлі түсті бояулар» марафонына қатысқан демалушы оқушылар бекеттерден өткенде түрлі-түсті бояулар шашып, әдемі суреттерге түсті.

«Балаlife» ұлы дала балаларының шығармашылық кездесуі» атты жадыраған жаздың соңғы ауысымына халықаралық, республикалық, облыстық сайыстар мен фестивальдардың лауреаттары мен дипломаттары, жас әнші, биші, ақындар келді. Өнер жолындағы балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында  Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы Халық музыкалық аспаптар мұражайына барып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтадық.

Ауысымда «Creative space» шығармашылық байқауы, екінші кезеңнен тұратын «Балдәурен Talant show» байқауы, «Жұлдызды сәт» халық билер байқауы болып, балалар өз өнерлерін паш етті. Әр ауысымда белсенді болып, патриоттық іс-шараларда өз ұстанымдарын көрсетіп, көшбасшылық танытқан балалар қазақстандық жас патриоттар Академиясы құрамына қабылданды.

Айжан Бекмұратқызы САТЫМХАН,
«Балдәурен» РОСО баспасөз хатшысы,
Абай облысының Қонаев қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий