Отыз жылдық олжа: Мектептің мәртебелі мерейі
Ел болашағы білім мен тәрбие алауын жаққан мектеппен тікелей байланысты. Біздің білім ордасы үшін өткен оқу жылы – алға қойылған міндеттер нақты іске айналып, жетістіктермен айшықталды. 2021-2022 оқу жылын 594 оқушымен аяқтап, 1-11 сынып аралығында 118 оқу озаты, 190 оқу екпіндісі болды.
Білімдегі сапа елу екі пайызды құрады. 2020-2021 оқу жылымен салыстырғанда (1,5%) өсім бар. Білім білім сапасының басты көрсеткіштерінің бірі – бұл мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестіоеу сынақтарындағы білім деңгейі. ҰБТ-ге 37 оқушы қатысып, 14 оқушы грант иегері атанды. Мектептің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді. Заман талабына сай ақпараттық технологияларды пайдалануға ерекше мән беріліп, жаңа үлгіде жасақталған биология мен физика және ,химия кабинеттері сатып алынды. Кітапхана мен асханаға жиһаздар алынды.
Оқулық тапшылығы болған жоқ. Кітап қоры мектеп оқушыларына толық жетеді. Биыл жазғы демалыс лагеріне 35 оқушы Шымкент қаласына сыртқы лагерге демалып келсе, 180 оқушы мектеп лагерімен қамтылды. Мектеп оқушылары облыстық, республикалық деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Қ.Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапханасы ұйымдастырған «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы аясында А.Байтұрсынов шығармашылығына арналған «Үздік бейнежазба» сайысында 6-сынып оқушысы Рахмет Бекзат ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Облыстық ауыл жасөспірімдері ІҮ жазғы ойындарында волейболдан /сәуір 2022 /Шетпе селосы мектеп командасы ІІ орын, Аманжолұлы Алшын ІІ орын, «Үздік ойыншы» номинациясымен, Сатыпалды Дәулеткерей ІІ орын, Сатыпалды Дәулеткерей «Үздік либеро» номинациясымен, Мақаш Азамат ІІІ орын, Аманжолұлы Қожаназар ІІ орынды иеленді. Жаңа оқу жылын 602 оқушымен, 31 сынып комплектісімен бастадық.
Білім ордасының қай-қайсы да білікті маман-кадрлармен ерекшеленеді. Мектептің педагогикалық құрамы 88 (24 педагог –зерттеуші, 19-ы педагог-сарапшы және 19-ы педагог-модератор санатын алған мұғалімдер). Кадр тұрақты. Педагог кадрға қажеттілік жоқ. Мектептің материалдық –техникалық базасы жаңа кабинеттермен толығуда. Маңғыстаулық жерлесіміз қазақ мифологиясының негізін қалаушы ғалым Серікбол Қондыбайдың шығармашылығына арналған «Серікболтану» және халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығы бойынша «Әбіштану» кабинеттері ашылды.
1992 жылы іргетасы қаланған мектебімізге биыл отыз жыл. Осы уақыт аралығында Сарбалаев Уранбек Берішбайұлы, Нурмағанбетова Гуларша Жалпақбайқызы, Бердиева Рима Канатбайқызы, Әлібек Сәнеу Амангелдіұлы, Бисекенова Тоқжан Мүттахиқызы сынды алты білікті басшы ұстаздар ұжымына жетекшілік жасады. 2007 жылы Бақтыгелдиева Ақжаркын, 2010 жылы Бисекенова Айдана, 2017 жылы Меделова Әсем, 2018 жылы Меделова Айзада, 2019 жылы Әнуарбекова Акмарал, Муратбаева Мадина, Алиева Айдана, 2020 жылы Закарин Елнур,
2022 жылы Рахметова Айжулдыз «Алтын белгі» иегерлері атанды. Мектептен түлеп ұшқан шәкірттеріміздің 0,7 пайызы мемлекеттік қызметкер, 5,5 пайызы дәрігерлер, 9,6 пайызы мұғалімдер, 15,9 пайызы мұнайшылар, 0,9 пайызы кәсіпкерлер санатында тәуелсіз мемлекетіміздің ілгері дамуы жолында қалтқысыз абыройлы қызмет атқарғандары біз үшін үлкен абырой.
Айтбибі УЛЫКМАНОВА,
Мекерия Атымов атындағы №6 мектептің
директоры Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы