Орталық ғылыми кітапхананың негізі қаланғанына биыл 90 жыл

Биыл «Ғылым ордасы» РМК жанындағы Орталық ғылыми кітапхананың негізі қаланғанына 90 жыл толып отыр. Қазір кітапхана қорында отандық және шетелдік басылымдардың, диссертациялардың, ғылыми еңбектердің, сирек кездесетін кітаптардың, Қазақстан ғалымдарының жеке кітапханаларының жинақтарын қосқанда 6 миллионнан астам еңбек бар, – деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Кітапхана 7 бөлімнен тұрады. Мысалы, сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінде 7 мыңнан астам қолжазба, 60 мыңға жуық орыс және шет тілдеріндегі сирек кітаптар, шығыс және араб тілдерінде жазылған 10 мыңға жуық сирек қазақ кітаптары бар. Сирек кездесетін басылымдардың хронологиясы – 12 ғасырдан бастап 1940 жылға дейін.
«Хандар шежіресі» – сирек кітап қорының ең көне әрі маңызды қолжазбаларының бірі. Онда араб, парсы және түркі-моңғол дәуіріндегі хандар мен халифтердің тарихы сызылған. Бұл қолжазба 1964 жылы алынған, оны кітапхана қызметкерлері қалпына келтірген. Қағазға, әріптің сызуына және стиліне қарап, бұл 18 ғасырдың туындысы деп болжауға болады.
Сонымен бірге кітапханада діни қолжазбалар да бар. Мысалы, Торо – еврей дінінің заңдары – еврей тіліндегі Мұсаның бесінші кітабы. Ұзындығы шамамен 26 метр. Бұзау терісінен жасалған сирек жәдігер Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын жерде 70-жылдардың ортасында табылған.
Қордағы ең кішкентай кітап – Қасиетті Құран. Оның ұзындығы – 3,4 см, ені – 2 см, қалыңдығы – 1,2 см. 1900 жылы Ыстанбұлда жарияланған. Кітапта Құранның барлық сүрелері жазылған. Әріптердің кішкентайлығы соншалық, оларды тек үлкейту әйнегі арқылы оқуға болады.
– Бүгінде Орталық ғылыми кітапханасы республикадағы жаратылыстану, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы ірі ақпараттық-кітапхана орталықтарының арасында жетекші орындардың бірін алып, ғылым мен білімнің, мәдениеттің дамуына зор үлес қосып келеді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий