Еңбекшіл ұстаз – ел құрметтісі

Ұстаз – адамдардың өмірге көзқарасын, сенімін қалаптастыратын, оларға өмірден өз жолын дұрыс таба білуге көмектесетін, айналасына білім мен тәрбие нәрін шашып, адамгершілік нұрын төгетін қоғамдық қайраткер, ойшыл тұлға. Ол жеке адамдардың өмірі дұрыс бағытта дамып, көркеюіне себепші болып, олардың тағдырына шапағатты із ұялататын өмір тәжірибесі мол әрі дана адам болып табылады.

Ұстаз үшін бақыт – алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәті.Бүгінгі білім мен білік, бәсекелес заманында ұландардың биіктен көрінуіне күнделікті істегі жаңашылдық пен тынымсыз еңбегі арқылы қол жеткізіп, ұстаздық пен ұлылықты тең ұстанған жандардың бірі Баймаханова Назым Орынбайқызы 80 жылдан асқан тарихы бар, қасиетті қара шаңырақ Төретам кентіндегі № 80 мектеп-гимназиясында тарих пәні мұғалімі, директордың бейінді бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады.

«Жақсы шәкірт – ұстазының мұраты» дегендей, оқушылардың жеңіске жетіп, биіктерден көрінуін алдына мақсат, мұрат етіп қойған  Назым Орынбайқызының еңбегі қашан да елеулі. Атап айтар болсақ, жаңа 2022-2023 оқу жылының қарсаңында “Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет” тақырыбында ұйымдастырылған тамыз кеңесінде Назым Орынбайқызы Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары және білім саласында қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.

Білім нәрімен сусындатып, бар білгенін үйретуден талмаған ұстаздың шәкірттері түрлі бәйгелерден оза шауып, биік белестерден көрініп жүр. Жетекшілік еткен сыныбы 2020-2021 оқу жылындағы ҰБТ қорытындысы бойынша аудан көлемінде 104,21 баллмен І орынды иеленіп,әріптес, оқушы, ата-ана тарапынан зор құрметке ие болды. Білімді маман,білікті басшы,сыйлы әріптес ретінде танылған, сан түрлі сындарлы, келелі жұмыстардың ұйытқысы болып жүрген Назым Орынбайқызының еңбек жолының қашан да жемісті боларына сенімім мол.

Мақпал Мергенбайқызы ЖҮНІСОВА,
80 мектеп-гимназияның қазақ тілі
және
әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Қызылорда облысындағы Қармақшы
ауданының Төретам кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий