Жәбірлеуге жол жоқ: Мектептегі буллингке қарсы іс-шаралар

ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (№118-VII ҚРЗ) Заңы қабылданған болатын. Енді «баланы жәбірлеу (буллинг)», «кибербуллинг» ұғымдары қазақстандық заңнамада бекітілді. Сонымен қатар баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидалары әзірлену үстінде, жуық арада бекітілуі тиіс.

Осы бағытта биылғы тамыз конференциясында мектебіміз «Қадір-қасиет» қоғамдық бірлестігімен USAID «Human Rights Focus: Women and Children» жобасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы уағдаластық шеңберінде мектеп психологі және директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары елордасында тамыз айында өткен хакатонға қатысып, жәбірлеуге (буллинг) қарсы іс-шаралар бойынша біліктіліктерін арттырған болатын.

Сонымен қатар хакатон аясында мектептің жәбірлеуге (буллинг) қарсы бағдарламасы жобасы ұсынылып-таныстырылды. 2022-2023 жылдың алғашқы педагогикалық кеңес отырысында мектебімізде «Жәбірлеуге (буллинг) қарсы бағдарламасы» талқыланып, бекітілді. Аталмыш құжат біздің мектептің білім алушыларына, педагогтеріне, қызметкерлеріне қатысты жәбірлеудің барлық түрлерінің алдын алу және онымен күресу мақсатында әзірленген.

Құжаттың негізгі қағидалары ретінде «Біздің барлық мүдделі тараптарымыз (стейкхолдерлер) жәбірлеуге (буллинг) қарсы бағдарламаны әзірлеуге қатысады және оның тиімді жүзеге асырылуына қолдау көрсетеді. Сонымен қатар біздің мектеп және оның мүдделі тараптары жауапсыз мінез-құлықтың алдын алу үшін тиімді стратегияларды жүйелі түрде әзірлеп, жетілдіретін болады», – деп алынған болатын.

Жаңа оқу жылының алғашқы аптасында мектептің «Жәбірлеуге (буллинг) қарсы бағдарламасы» жобасы аясында төмендегідей іс-шаралар өткізілді: 11-сынып білім алушылары жәбірлеуге (буллинг) қарсы комитет жұмысын талқылап, мектеп ішінде «Жәбірлеуге жол жоқ» ақпараттық науқанын бастауды қарастырды. Сонымен қатар аталмыш комитет жұмысына ата-аналарды тарту мәселесі де қозғалды.

Жәбірлеуге (буллинг) қарсы кодекс жайлы көптеген пікірлер ортаға салынды. Ал 7-сынып білім алушылары арасында мектептегі жәбірлеуді алдын алудың практикалық қырлары мен көріністері талқыланды. Және сынып сағаты аясында «Жәбірлеуге жол жоқ /JJJ – Ja’birley’ge Jol Joq» ақпараттық науқанын жүргізу бойынша пікірталас болды. Биылғы оқу жылында мектебімізде жәбірлеуге (буллинг) қарсы түрлі іс-шаралар жүргізілуі жоспарланып отыр. Осы іс-шаралар мектепте жәбірлеуді болдырмау, алдын алу, буллинг бойынша білімді кеңейту мақсатында орындалғалы отыр.

Ф.ЖУМАБАЕВ,
№2 жалпы білім беретін мектебі,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий