Зияткерлік мектептердің түлектері Дильназ Камалова мен Азат Сүлейменов Digital Nomads жиынында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті

Зияткерлік мектептердің түлектері Дильназ Камалова мен Азат Сүлейменов Нью-Йоркте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары аясында Digital Nomads өкілдерімен отандық IT-саланың әлемдік трендтері мен перспективаларын талқылады, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS түлегі Азат Сүлейменов белгілі американдық Lucid Motors компаниясының озық моторлы технологиялар командасында аға инженер болып қызмет атқарады. Мектепте оның сүйікті пәні математика болды. 2010 жылы Азат Назарбаев Университетіне оқуға түсіп, химиялық инженерия мамандығы бойынша білім алды. Оқу барысында Оңтүстік Корея мен Лос-Анджелестегі Калифорния технологиялық институтында тағылымдамадан өтті.

Өз мамандығы бойынша оқуын Бостон университетінде жалғастырды. Lucid Motors стартапындағы инженер-механик лауазымына жүргізілген іріктеуде бірден көзге түскен Азат электр қозғалтқышын жасаумен айналысатын команда құрамында жұмыс істей бастады. Кейін Lucid Motors компаниясы оның көшбасшылық және кәсіби қасиеттерін назарға алып, Азатқа автокөліктің тиімділігін арттыруға маманданған бөлімшеге ауысуды ұсынды.

Дильназ Камалова Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепті аяқтады. Ол әлемнің үздік жоғары оқу орындары –  Harvard University, Stanford University, Princeton University, Lehigh University, Rice University, Duke University-ден ресми шақырту алды. Зияткердің таңдауы Стэндфорд университетіне түсті.

Дильназ көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Ол – Альцгеймер ауруына шалдыққан науқастардың өмірін жеңілдету үшін жасалған «ақылды» дәрі қобдишасының авторы. Бұл өнертабысы Google Science Fair журналының «20 үздік идея» тізіміне енді. Силикон алқабында өткен Technovation Challenge байқауында жеңіске жеткеннен кейін ол Google-дың штаб-пәтерінде корпорацияның бас директоры Сундар Пичаимен кездесті.

Digital Nomads – әлемнің ең беделді технологиялық компанияларында ел намысын қорғайтын табысты жас қазақстандықтардың IT-қауымдастығы.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий