Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы оқушылар сарайындағы тәрбиеленушілермен кездесті
Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында ата-аналар мен оқушыларға «ашық есік күні» ұйымдастырылып, орталықтағы үйірмелердің жұмыстары таныстырылды. Ашық есік күні аясында ұйымдастырылған шараға облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет қатысып, ата-аналармен және оқушылармен кездесті, – деп хабарлайды осы аймақтағы салалық құрылымның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында басқарма басшысы орталыққа қарасты барлық үйірменің жұмысын көріп, тәрбиеленуші оқушыларға жылы лебізін білдіріп, ата-аналарға балаларын уақытын тиімді ұйымдастыруға атсалысып жүргендеріне өз алғысын білдірді. – Оқушылар сарайы – бұл балалардың уақытын тиімді өткізетін, барлық талаптарға жауап беретiн, заманауи білім беру бағдарламасымен жұмыс жасайтын үлкен орталық. Ондағы бiлiм беру, танымдық дәрiстер, робототехника, көркемөнер, мәдениет, шығармашылық, ойын-сауық үйiрмелерi, нақты ғылымдар орталығы – бәрi балаларға арналады. Оқушылар сарайы – балалардың бүгiнгi күнi орындалған арманы деп есептеймiн, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Айта кетейік, Оқушылар сарайы бүгінде қала мектептеріндегі оқушылардың мың жарымға жуығын төрт бағыт бойынша жұмыс жасайтын үйірмелермен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда шәкірттер «Көркем-шығармашылық», «Туристік-қолданбалы», «Бейіндік оқыту бөлімдері» және «ІТ IMAQORDA балалар технопаркінің» жалпы саны 57 үйірмесінде уақыттарын тиімді өткізіп, кәсіби бағдар алуда. Сонымен қатар Оқушылар сарайында мектепалды даярлық топтары да жұмыс жасап, 200 бала мектепке дейінгі білім алуда.