“Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!”: Ғасырлық мектептің ғибраты

Қайнар орта мектебі – ­­еліміздің ғылымы мен білімін, экономикасы мен мәдениетін дамытуға мол үлес қосқан мыңдаған талантты тұлғалар дайындаған жүз жылдық бай тарихы бар, көне мектептердің бірі.  Бұл білім ордасы Абай облысының Семей қаласына қарасты Қайнар ауылында орналасқан. Мектеп алғаш рет 1922 жылы Абыралы болысындағы «Қаратұмсық» бастауыш мектебі болып ашылды. Оның ұйымдастырушысы Тұрсынбай Дайырбеков өзінің екі бөлмелі үйін мектепке босатып берген. 1931 жылы шаруа жастар мектебі, 1934 жылы орталау, ал 1936 жылы орта мектеп болып құрылды.

1941 жылы мектептің алғашқы түлектеріне куәлік беріліп, осы жылы жүз балалық мектеп үйі салынды. 1974 жылы үш қабатты жаңа типті мектеп ғимараты салынып, 1983 жылы мектепке жерлес жазушы Сапарғали Бегалиннің есімі берілді. Абыралы елі бүкіл әлемге Кеңес Одағының алғашқы атом полигоны орналасқан жер ретінде танылған. Семей полигонында алғашқы атом бомбасы 1949 жылғы тамыз айының 29-ы күні жарылып, өңір тұрғындары қырық жыл бойы атом сынағынан қасірет шекті.

Қайнар ауылы 1928 жылы Абыралы, Бөрлі, Дегелең және Темірші болыстарын біріктіре отырып құрылған Абыралы ауданының орталығы болды. 1954 жылы атом сынағы зардабынан Абыралы ауданы жабылып, халық көшірілді. 1990 жылы Абыралы ауданы қайта құрылып, 1997 жылы қайта жабылды. 1950-1980 жылдардағы жақсы уақыттарда Қайнар ауылында жиырма мыңға жуық адам тұрды, 100 мыңнан аса қойы, он мыңнан аса ірі қара малы бар үлкен совхоз орталығы болды. Осы уақыттарда Бегалин атындағы Қайнар орта мектебінде бір мыңға жуық оқушы оқыды. 

Халық қанша бейнет көргенімен киелі жердің суы мен топырағы елдің өсіп-өкендеуіне, әр жылдары Қайнар орта мектебінде оқыған оқушылардың бойында ғылым мен білімге, адал еңбекке деген рухани бай адами қасиеттердің дамуына себеп болды деп толық айта аламыз. Мектеп түлектерінің ішінен жүздеген мемлекет, қоғам, ғылым мен білім, өнер мен мәдениет қайраткерлері және еңбек ерлері шыққан. Қайнар халқы Үкімет мүшесі, министр болған төрт адамның – Шырақбек Қабылбаевтың, Рымбек Байсейітовтің, Төлеутай Сүлейменовтың, Мұхаметқали Тәтімовтің есімдерін мақтанышпен айтады.

Алты адам – Бибігүл Төлегенова, Мұрат Бейсенбаев, Әлімбек Әшімбеков, Айтмолда Жақсыбаев, Қалыбай Қашағанов, Маратхан Бейсенбаев, Түйтебек Байскаков ­– Социалистік Еңбек Ері, алты адам – Ораз Әбішев, Төлеухан Садықұлов, Жабағы Тәкібаев, Рымғали Нұрғалиев, Сейіт Қасқабасов, Асқарбек Құсайынов – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды. Танымал ақын-жазушылар – Сапарғали Бегалин, Нұфтолла Шәкенов, Медеу Сәрсеке, Төлеужан Ысмайлов, Иса Байзақов, Жақсылық Төленов, Сейтқали Қалыбеков, Бауыржан Жақып – Қайнар жерінде дүниеге келіп, мектепте оқыған. Алпысқа жуық академик, профессор, ғылым докторлары мен кандидаттары Қайнар орта мектебінде дәріс алған. 

Бір мектептің түлектерінің ішінен осындай зиялы жандардың шығуын, сол мектепте еңбек еткен ұстаздар қауымының халықпен бірге атқарған еңбегінің жемісі деп бағалауымыз керек. Мектепте Мұсайынов Қапан, Мейірханов Серікқазы, Армия Ыдырысов, Серғазы Жөкебаев, Болат Жакишев, Қатира Әубакирова, Сәттар Түсіпбеков, Әнеш Мыңбаева, Кабдрахман Ғабдуллин, Еркебұлан Жөкеева, Нәзігүл Қабыкенова, Қалимаш Искакова, Қарлығаш Искакова сынды 60-тан аса Білім беру саласының озық қызметкерлері еңбек етті.

Біздер, мектеп оқушылары, осындай қасиетті ұстаздардан тәлім-тәрбие алдық. Ұстаз – мектептің жүрегі болса, сол ұстаздардың жемісті еңбек етуін мектеп директоры қамтамасыз етеді. Қайнар орта мектебінің ғасырлық тарихында Қапан Мұсайынов, Оспанқұл Мергенбаев, Әрін Иманакишев, Омархан Жартыбаев, Жаппар Иманакишев, Еркінғали Абдуахитов, Күлаш Нұрбикенова, Нәби Мекішев, Самат Сарсенбеков және басқа да еліміздің білім беру саласының талантты қайраткерлері басшылық жасады.

Қазіргі уақытта он екі жылдық мектепке өтуде басты назарға алынып отырған жағдай білімге бағдарланған оқыту жүйесінен, балалардың құзыреттіліктерін қалыптастырып, нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесіне көшу. Бұл барлық дамыған елдерде іске асырылып отырған күрделі мәселе. Ой елегінен өткізіп қарасам, Қайнар орта мектебінің ұстаздары, сол кездің өзінде, осы жүйені оқу процесіне енгізе бастаған екен. Олар балалардың құзіреттіліктері мен ниеттеріне қарай, сабақ үстінде және сабақтан тыс уақыттарда, өз пәндері бойынша көптеген нәтижеген бағдарланған жұмыстар атқартатын.

Сол ұстаздың ішінен Күләш Жұмағұлова есіме түседі. Оныншы сыныпта, математиканы жақсы оқитын оқушыларға, «Задачи для поступающих в МГУ», «Задачи для поступающих в МВТУ им.Баумана» деген журналдардан есептер шығартты. Орысша да дұрыстап сөйлей алмайтын ауылдағы қазақ мектебінің оқушыларына осындай есептер жинағын алдырып, сол деңгейде оларды дайындау үшін қаншалықты зиялы ұстаз болу керек, деп ойлаймын. Күләш мұғалімнің мектеп бітіргеннен кейін айтқан сөзі мәңгілік жадымда қалып, өмірлік ұстанымыма айналды: «Алдыңда үлкен өмір жолы бар, шамаң келгенше, ешқайда бұрылмай сол жолмен жүр. Мен сенің ғылым жолын таңдағанынды қалаймын!» – деді, қасиетті ұстазым.

Робототехника кабинеті

Математика пәнінің мұғалімі Өзипа Тасыбайқызының шығартатын есептері тек логикалық ойлау қабілетін дамытуға арналған шым шытырық, бірақ өте қызықты есептер болатын. Ол есептерді бірден шығара алмайтынбыз, бірақ қашан шығарғанша есімізден кетпей, көп ізденіп, әбден әуре болатынбыз. Сол есептердің бірәзі әлі жадымда. Жақсы ұстаздың бойында бала ұқсасам деп талаптанатын ерекше бір   қасиет болады. Тарих пәнінің мұғалімі Армия Ыдырысұлы жылдың кай кезінде болмасын тап таза жүретін, тіпті батпақ күндері де аяқ киіміне бір батпақ жұғыспайтын.

Есі (памяті) ерекше мықты болатын. Қандай сұрақ қойсақ та, оның жауабы қай кітаптың қай бетінде екенін жаңылмай айтушы еді. Қайран қалатынбыз. Бізге шахмат ойнауды үйрететін. Әр партияны күрделендіріп, оған терең талдаулар жасап, теориялық білім де беретін. Ал шахмат болса жастардың логикасын дамытудың таптырмас құралы ғой. Орыс тілі мен әдебиетінен дәріс берген Әнеш Дайырбайқызы үйінен ойнатқыш көтеріп келіп, Бетховен, Моцарт, Шопендердің пластинкаларға жазылған музыкалық шығармаларын қойып, сол ғажайып музыкалық туындының мән мағынасын түсіндіріп, біздің музыкалық сауатымыздың ашылуына ерекше көңіл бөлетін.

Болат Жәкішұлы физика ғылымын өте терең меңгерген ұстаз еді. Физика ғылымы саласында әлемде болып жатқан барлық жаңалықтарды қарапайым тілмен түсіндіріп, бізге оқу үшін көптеген журналдар беріп отыратын. Ол кісі деншынықтыру пәнінің мұғалімі болмаса да, әртүрлі қашықтықа жүгіргенде, болйбол, баскетбол ойнағанда физика ғылымының заңдылығын қалай пайдалану керектігі өзі жүгіріп, ойнап көрсететін және бізді де жүгіртіп, ойнатып түсіндіретін. Міне, қазір айтып жүрген нәтижеге бағдарланған білім деген осы. 

Сол кезде біздерге ауылдағы үлкен адамдар мол тәрбие беретін. 1969 жылы институтында оқып жүрген кезім, қысқы демалысқа үйге келдім. Көшеде, мұз басқан өткелден өткелі тұрған Түсіп ақсақалды көріп, көмектесейін деп жанына жүгіріп келдім. Сонда ақсақал байппен қарап тұрып, «Балам, сен әкең оқымаған оқуды оқып, үлкен қалада тұрып жатырсың. Көсегең көгерсін! Әкеңнің халыққа сыйлылығы соншалықты, Абыралы өңірінде оның атын ешкім атамайды, барлығы Қаба, Қабеке дейді. Осында құрметке бөленген жан бұл төңіректе жоқтың қасы.

Сегізінші сынып оқушылары робототехника кабинетінде, мұғалім А.Батырбекова, 2019 жыл

Сен қалай ойлайсың, көп оқып, көп білім алғанда, халықтың алдында әкеңдей абыройлы боламын деп ойлайсың ба?» – деп төтесінен сұрақ қойды. Мен мұндай сұрақты күтпеген едім, қатты сасып қалдым. Сонда қария, «Қайда болсаң да ­– адам бол!» –деп, батасын берді. Қарияның осы сұрағы мен берген батасы мәңі есімде қалды. Қазіргі ғаламдану заманында, қай елдің болмасын ғалымдарын жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселелері алаңдатады. Бұл проблема бізде де бар. Әр ауыл үлкендері ұлтымызға тән, халықымыздың бойында бар мол рухани бай қастиетін жастар бойыны сіңіру мәселесін басты назарда ұстаса деймін.

Тәрбие ортақ іс болса игі. Тәрбиелі һәм білімді баланың келешегі кемел болмақ.  Қазір Қайнар аулы өркендеп, өсіп келеді. Бұрынға аудан орталығы болған ауылдарды қолдау Мемлекеттік бағдарламасы негізінде жоғары талшықты интернет жүйесі орнатылды, бір орталықтанған ауыз су құбыры тартылып, әр үйге су берілді, Семей-Қайнар тасжолы жөнделді, «Шығыс» бағдарламасы  бойынша бір қабатты арендалық үйлер бой көтерді. Қайнар ауылын өркендету мақсатында 2021-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық кешенді жоспар құрылып, осы жоспар аясында спорттық-сауықтыру және ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті кешендер салу жоспарланған.

Қазір мектептегі жүз алпыс білімгерге 35 ұстаз сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. Мектеп үш қабатты үлкен ғимаратта орналасқан, жақсы жабдықталған көптеген оқу пәндері және робототехника кабинеттері, шеберхана, «Өнер» студиясы, музыка мектебі, мұражай, елу мыңнан аса кітап қоры бар кітапхана мен спорт залы бар. Мектеп оқушыларының үлгерімі жақсы, облыстың ауыл мектептерінің ішінде алдыңғы орындардың бірін иеленуде. Соңғы жылдары 100-ден аса оқушылар облыстық және республикалық олимпиадаларда, ғылыми жоба, ән-би және өнер байқауларында, сурет көрмелерінде, спорт жарыстарында жүлдері орындар иеленді. 

Алдағы қазан айының сегізі күні мектептің мерейтойына орай «Қайнар орта мектебіне 100 жыл: ауыл мектетбінің өзекті мәселелері мен даму келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылмақ. Бұл алқалы жиынға оннан аса шет елдердің ғалымдары мен оқу орындарынан, солардың ішінде Беларусия, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Татарстан елдерінен ғылыми зерттеу мақалалар мен құттықтау хаттар келіп түсуде. Еліміздің әр өңірінен жиналған мақалалардың саны жүзден асты. Басқосу аясында қазіргі уақыттағы аса маңызды мәселелердің бірі – ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру мәселесі жан-жақты талқыланып, маңызды шешімдер қабылданатындығы көзделуде. 

2022 – 2023 оқу жылының басталуы

Осы ғасырлық ғибраты бар бірегей білім ордасының ұйымшыл ұстаздар ұжымына «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінің алдағы 2023 жылға арналған бір жылдық жазылымын рухани сыйлық ретінде тарту етемін.

Асқарбек Қабікенұлы ҚҰСАЙЫНОВ,
Қайнар орта мектебінің түлегі, академик,
Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий