Ұлы ұстаз ұлағаты

Жаңа Қазақстанның қарқынды дамуы мен өркендеуінің қайнар көзі – білім, ғылым және тәрбие триадасы екені анық. Себебі қай заманда да өркениеттің дамуы білім беруге, ғылымдағы шығармашылыққа негізделген, шығармашылық адам санасының жасампаздығын және іс-әрекетінің биік белсенділігін көрсетеді. Өз кезегінде, білім беру жүйесінің мәні, оқыту мен тәрбие саласындағы маңызды жаңа тұжырымдамалық тәсілдердің практикалық орындаушысы болып табылатын тұлға – мұғалім, педагог-ғалым. Сондықтан болар, ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Бұл мақала еліміздің білім және ғылым саласында ұзақ жылдар бойы ерен еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы, академик – Мағауова Ақмарал жайлы болмақ.

Ақмарал Сабитоллақызы 1985 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының тарих-педагогикалық факультетін үздік аяқтады. Еңбек жолын ШҚО Жаңа-Николаев атындағы орта мектепте тарих пәні мұғалімі болып бастап, 1987-1989жж Бесқарағай ЛКЖҰ хатшысы қызметін атқарды. Жоғары білім беру жүйесінде 1990 жылдан бастап жұмыс істейді: Семей мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика кафедрасының меңгерушісі, гуманитарлық факультет деканының орынбасары, содан кейін Семей мемлекеттік Шәкәрім университеті ректорының көмекшісі және “Қайнар” университетінің бірінші проректоры қызметін атқарды.

2011 жылдан 2014 жылға дейін Алматы гуманитарлық-техникалық университетінде тәрбие жұмысы жөніндегі проректор болып жұмыс істеді. Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры болып еңбек етеді. Талап пен ізденіс, қажырлы еңбектің нәтижесінде Ақмарал Сабитоллақызы – бүгінгі таңда педагогика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық педагогикалық білім беру ғылым академиясының академигі, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан әйелдерінің жетістіктерін қоғамдық танудың “Ажар” ұлттық сыйлығының лауреаты.

Ғалымның көпжылдық ғылыми ізденістері қазіргі білім беру парадигмасының талаптарына сәйкес келетін жаңа формациядағы мұғалімді даярлау мәселесін, сондай-ақ жоғары кәсіптік білім беру, инклюзивті білім беру мәселелерін зерттеумен байланысты өрбіді. Ұлағатты ұстаз үш жүз жиырмадан астам ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде Германияда басылып шыққан және әлемдік үздік кітаптардың халықаралық каталогына енген “Болашақ мұғалімнің этнопедагогикалық дайындығы” оқулығы, сондай-ақ “Мұғалімді балалардың тыныс-тіршілігін ұйымдастыруға дайындау”, “Жоғары кәсіптік мектеп педагогикасы”, “Педагогикалық ғылым мен білімнің ұғымдық аппараты”, “Адам қазіргі әлемде: бірегейлік және мәдениетаралық коммуникация”, “Мамандарды кәсіби даярлау жүйесіндегі Этнопедагогика”, “ЖОО-да студенттерді тәрбиелеу тұжырымдамасы” және тағы да басқа еңбектерді жазған, сонымен қатар ҚР БжҒМ мен “Сорос-Қазақстан” қорының байқау қорытындысы бойынша әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша үздік оқулықтар қатарына енген “Мұғалімнің кәсіби қызметі жүйесіндегі заманауи білім беру технологиялары” бағдарламасының тең авторы.

Кейіпкеріміз қазіргі кезде республиканың жоғары оқу орындарының шетелдермен халықаралық ынтымақтастығын дамытуға және “шетелде білім алу” бағдарламаларын іске асыруға елеулі үлес қосуда. Англия, Жапония, Германия, Чехия, Малайзия, Түркия, Кипр жоғары оқу орындарының ресми сапарларына және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюға Қазақстан Республикасының Білім беру қызметкерлері делегацияларын ұйымдастырып, нәтижелі жұмыстар атқаруда.

Өнегелі өмір иесі менің кандидаттық диссертациямды қорғауда диссертация қорғау советінің бекітуімен оппонентім ретінде берген ақыл-кеңесінен шабыт алып, ғылым жолындағы «жеті қарақшымның» бір жұлдызындай орын алды. Адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан, демекші, ғалымның көптеген шәкірттерінің бірі ретінде ыстық ықыласымды білдіргім келеді. Танымал тұлға ұйымдастырған халықаралық ынтымақтастық орнату делегациясының құрамында Кипр, Чехия, Германия және тағы да басқа мемлекеттерге іссапарларда бірге жүріп ғалымның қоғамдық, әлеуметтік-психологиялық және адамгершілік қасиеттеріне тәнті болдым.

Күздің әдемі күнінде үлгі тұтар ұлағатты ұстазымыз, ғалым, академик Ақмарал Сабитоллақызы 60 жасқа толып отыр. Мерейтойыңыз құтты болсын!   Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өмірін реформалау, ұрпақтың білім сапасын арттыру секілді өзекті мәселелерді шешуде ғылыми көзқарасы жетілген, жоғары санатты мамандарды даярлауда ұзақ жылдар еңбек етуіңізге тілектеспін.

Жадыра Керімбайқызы ЕРМЕКОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетіндегі техникалық физика
кафедрасының доценті, педагогика
ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий