– Осыдан қырық үш жыл бұрын Онды ауылына көшіп келіп, мұғалімдік жұмысымызды Онды орта мектебінде жалғастырдық. Мұғалім болу – адамды қалыптастыруға, дамытуға бағытталған үлкен еңбек. Осы орайда аға буын ұстаздардан көп нәрсе үйреніп, біліп қалуға тырысатын едік. Бақилық болған ағайлар мен апайларымыздың, мезгілсіз кеткен құрдастарымыздың жандары жәннатта болсын!, – дейді өткен күндерді еске алған аға буын ардагер ұстаз Гүлсара Байжан. – Мен жетекші болған 9-шы сынып оқушыларының көбісі елгезек, белсенді, пысық, еті тірі, фантазияға бай, тентектеу балалар болды. Ол кезде телефон совхоздың бас мамандарының үйінде ғана бар. Телевизор да жоқ. Қазіргі өркениеттік белгінің бір де бірі жоқ. Сонда да қандай шара өткізсек те, есте қалатындай ерекше ұйымдастыру үшін түрлі ұсыныстарын жиі айтып отыратын.

Әсіресе, Медиева Гүлзира, Қалиева Света, Боранбаева Майра, Манашев Есей, Қанкөшекова Гүлжан, Қаратауов Мұңал, Жеңіс пен Оразгүл Нармұханбетовтер, Нұрланова Бану… Гүлзира бір аптаның ішінде 30 шумақ өлеңді жаттап, облыстық сайыстан 1-орын алып келгені, Майраның 3-ші орын алып, «әнші Майра» атанғаны, Жеңістің неміс боп ойнағыны еміс-еміс есте қалыпты. Света, Гүлзира, Есей, Майрадан көшбасшы қасиеттері байқалатын еді. Өмірде де көшбасшы бола білді. Манашев Есей ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарды.

Ал Қалиева Света бүгінде Маңғыстау аудандық білім бөлімінің басшысы. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» дейді. Светаның ұстаздық жолды таңдауына аға-жеңгесі, марқұм Екібай мен Алтынның ықпалы болды. Мен де шәкіртімнің осындай жетістігіне қатты қуанып, аз да болса, үлесім бар деп есептеймін. Енді осы тентектердің есімде қалған бір оқиғасын айтайын. Мектеп бойынша дәліз кезекшісі болып, сабаққа қоңырау соғылғаннан кейін оқушылардың сыныптарына түгел кіруін қадағалап, сосын өзім мұғалімдер бөлмесінен журнал алдым да, өз сыныбыма келдім.

Ол кезде мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретінмін. Сыныпқа кірсем, жан жоқ. Жаңа ғана сыныпқа кіргендерін көріп едім ғой. Бұлар қайда кетті? Қалай шығып кетті? Есіктен шыққанда да бәрібір үлгермейді ғой, мен журналды алдым да, тез шықтым. Ойым сан-саққа кетті. Директорға барайын ба? Сынып өзімдікі. Директор не дейді? Өзің кінәлісің деп, әр педсовет сайын тағы айтып отырады ғой. Қой, болмас, сыныптан шықпай, күтейін деп отырдым. 45 минут өтті.

Қоңырау сыртқа шығуға соғылды. Менің тентектерім жоқ. Ішке кіруге соғылған кезде бірінен кейін бірі бастарын сипап сыныпқа кіріп келе жатып, мені көріп, бірін-бірі итере-митере тұрып қалды. Күн де салқын емес, беттерінен аққан терін сүртетін орамалдары да жоқ, қолдарымен беттерін сипалап, тізіліп есіктің алдында тұр. – Қайда болдыңдар? Үн жоқ. Орындарына отырғыздым. – Ал, енді қалай шықтыңдар? Қайда бардыңдар? Бұл – маған деген қарсылықтарың ба? Қорықпай кеттіңдер, енді неге жер шұқып отырсыңдар? Қане, кім айтады? Үн жоқ.

Он минуттай үнсіздік орнады. Бір кезде марқұм Қанкөшекова Гүлжан «Апай, егер айтсақ, ұрыспайсыз ба?» – деді. «Жақсы, тек шындықты айтатын болыңдар», – дедім. – Үнді фильмі келіп еді, кешке бара алмайтын болғандықтан, клубқа киноға бардық, сіздің сабағыңыздан тапсырманы келесі сабаққа міндетті түрде орындап келіміз, – деп, одан әрі қарай Гүлжан сыныптан қалай шыққандарын айтып бергенде, өзім қалай күліп жібергенімді білмей қалдым. Содан кейін балалар бір-біріне қарап, жымиып, «тіріле» бастады.

Міне, осындай да қызықтар өтті. Қазір бұлардың әрқайсысы өмірде өз орындарын тауып, елінің дамуына пайдасын тигізіп жүрген азаматтар, сүйікті ұл-қыздарының ата-анасы, немерелерінің ата-әжесі. Қиындығы мен қызығы мол ұстаздық жолды таңдаған барлық әріптестеріме Мұғалімдер мерекесі құтты болсын! мықты денсаулық пен бақытты ғұмыр кешулеріңді алла нәсіп етсін! Өздеріңді сыйлайтын шәкірттерің көп болсын!

Ұстаздардың ұстазы – Маңғыстау аудандық білім бөлімінің басшысы Қалиева Светлана Ақмұратқызына сый-құрмет көрсетіп, мереке алдында құттықтағаны үшін алла разы болсын деймін! Бала-шағаңның қызығына бөленіп, жапырағың жайыла берсін, алар биігің мен шығар асуың көп болсын демекпін.

Осы челленджде 10 сыныпты аяқтатқан сынып жетекшім Байжан Гулсара Құсайынқызын педагогтердің кәсіби мерекесі Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтап, отандық педагогика әлемінің жаршысы саналатын “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің алдағы 2023 жылға арналған жылдық жазылымын сыйға тартамын. Бұдан әрі “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” челленджін Маңғыстау ауданының мектеп және балабақша басшыларына жолдаймын. 

Светлана Ақмұратқызы ҚАЛИЕВА,
Маңғыстау аудандық білім бөлімінің
басшысы, Маңғыстау облысы