Қазақстандық балалар Австриядағы көрмеде

Венада алғаш рет «One world. New generation» мәдени шаралар апталығы аясында қазақстандық оқушылар салған сурет көрмелерінің сериясы жарық көрді. Олар республикалық балалар суретінің «Жануарлар – менің достарым» және «Менің жасыл планетам» байқауларының жеңімпаздары. Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшілігі мен «Edustream» бас демеуші білім беру орталығының қолдауымен 12 мен 17 жас аралығындағы 10 жас талант Еуропаның орталығына келді.

(солдан оңға қарай: Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Омаров, EduStream компаниясының бас директоры Наталья Мұхамеджанова, «Балалар бейбітшілікті салады» қоғамдық қорының директоры Мөлдір Бекжан, EduStream компаниясының басқарушы директоры Ермек Дерябин).

 

Осы шараны ұйымдастырушылардың баспасөз қызметінің ресми ақпаратына сүйенсек «Жануарлар – менің достарым» және «Менің жасыл планетам» байқаулары 2020 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қамқорлығымен өткен. Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин идеялық шабыт берушісі болды.

Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – қоғам санасының жануарларға деген қарым-қатынасын өзгерту және қатыгездікке жол бермеу. Тақырыпқа терең үңілген 6 000 астам  қазақстандық бала тек сурет салып қойған жоқ, сонымен қатар ересектерге арнап эссе, бейнеүндеу жазып, қатыгездікті сынады, мейірімділік пен махаббатқа шақырды.

«One world. New generation» апта аясында Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Омаровтың, БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің Бас директоры Гада Валидің, аустриялық парламент депутаттары, бірқатар мемлекеттердің елшілері, ЕҚЫҰ басшылары, Аустрия федералды жерлеріндегі ҚР-дың құрметті консулдары, сондай-ақ Вена мэриясы мен жергілікті мемлекеттік білім органдары өкілдерінің қатысуымен балалар суреті көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Балалар омбудсмені Аружан Саин ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде арнайы баяндама жасап, Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғау шаралары мен олардың дамуы мен білім алуына қолайлы жағдай жасау жөніндегі ел басшылығының саясаты туралы сөз сөйледі.

– Балаларымыздың жан айқайы еленетініне үмітіміз зор. Һәм олардың ересектерге, Парламентке және Қазақстан Үкіметіне жасаған ұсынысы жер шарын, біздің сүйікті Қазақстанымызды, табиғатты, жануарлар әлемін сақтап қалуға ықпалын тигізер. Балалардан бұрын, ересектердің санасы өзгерісті қажет етеді, неге десеңіз, бала жағдайы мен ғаламшарымыздың қауіпсіздігі соларға байланысты, – деді Қазақстандағы Бала құқығы жөнінде уәкіл Аружан Саин.   

– Бала білімі онда мәдениет пен өнер ескерілгенде ғана толыққанды бола алады. Және қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті бала кезден сіңіру, принциптік тұрғыда маңызды. Жалпы адамзат құндылығы және жануарымыз бен табиғатымызды қорғау дамыған елдердің мектепте білім беру стандартында ескеріледі. «Қазақстанның білім беру саласының қатысушысы әрі новаторы ретінде біз мектепке оқулық дайындағанда әлемдік талапты негізге аламыз, – деді сөз сөйлеген EduStream компаниясының бас директоры Наталья Мұхамеджанова.    

Жас жеңімпаздардың туындыларын Гада Вали жоғары бағалап, кеш қонақтарын қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау туралы балалардың пікірін тыңдауға шақырды. – Балалар – біздің болашағымыз және біз осы болашақтың жарқын болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет, – деді ізгілікті шараға қолдау көрсеткен БҰҰ өкілі. – Ересектер кіп-кішкентай қорғансыздарды қалай қаңғытып қояды, бұл менің миыма сыймайды. Адамдық қасиетімізді жоғалтпайықшы, үй жануарын және жер шарындағы барлық жануарды қорғайық, — деді Сарыөзек ауылынан қатысқан Ақжан Қайырбекқызы.

Павлодарлық Артем Кустов өлең арнады:
Қамқорлық көрсетемін
Еркіңе қоя беремін
Ешкімге ренжітпеймін
Көз алдыңда жүремін… Байқау жеңімпаздарына арналған іс-шараларға толы бағдарлама шеңберінде ЮНЕСКО-ның қамқорлығындағы Мәдени орталығында сурет көрмесі ұйымдастырылып, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының арнайы мектеп-интернаттары тәрбиеленушілерінің, «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қорының жұмыстары да ұсынылды.

Жас дарындардың Венаға сапары және олардың түрлі іс-шараларға қатысуы ресми тұлғаларды, халықаралық құрылымдарды және аустриялық қоғамды балалардың қоршаған ортаны қорғаудағы көркем және мазмұнды көзқарастарымен таныстыруға мүмкіндік берді. Көрме іс-шараларына келген қонақтардың жылы әрі ынталы лебіздері бойынша «Бейбітшілік месседжі» оларға жетті.

 
 

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,
Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий