Әкенің қас қабағы – баланың бас сабағы

Нарық бәсекесі артқан мына қоғамда ұлттық болмысымыздың жоғалуы шын мәнінде қауіпке айналды. Шекарамыз шегенделіп тұр десек те, интернет желісі іске қосылғалы жан-жақтан ағылған ақпарат көздерінен малтығып шыға алмай қалғанымыз сонша ұлттық сана-сезімімізге қауіп төне бастады. Ұлттан ұлтты, халықтан халықты ерекшелеп, айқындап тұратын салт-дәстүрге, әдет-ғұрпына, тіліне, дініне сай ұлттық келбеті емес пе?

 

Ал қазақтың келбеті өзін жоғалтып алса не болғаны?! Қайтпек керек?  Ұлттық мәдени құндылықтарын еш уақытта материалдық құндылықтан жоғары қойып көрмеген қазақ үшін дәстүрлі отбасылық тәрбиені өз бағытына салып,  заман ағымына сай бейімдеп, жаңарту керек. Осы жолда аянбай тер төгіп жатқан «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі халқымыздың рухани болмысына тән қасиеттерді айшықтап келеді. Соның бірі қазақ отбасындағы бәрінен қымбат саналатын әкенің мәртебесін қайтару.

Осы жолда не істеу керек, қандай мақсат-міндеттер мен жобаларды басшылыққа алған жөн деген сауалдарға жауап іздеп және әке тәрбиесінің өзектілігін өзгеге түсіндіріп келеді. Расымен, бүгінгі таңда әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан қазақы тәрбие дәстүрінде әке рөлі солғын тартқаны жасырын емес. Тіршілік қамытын киіп, жан бағудың қамымен жүрген әкелер жұмысбастылықтан арыла алмай, жүйкелері тозған. Ашуын әйелінен, баласынан алады.

Желіні ашып қалсаң әйелін ұрған, қан-жоса қылған, өлтірген деген сұмдық ақпараттарды оқисың. Оны тіпті балаларының көзінше істеген әкелер бар. Неге соншама азғындап кеттік деп жауабын таба алмай дал болатын болдық. Иә, отағасы шаңырақтың иесі болғандықтан отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін тынбай еңбек етуі керек. Бірақ ақшаға сатып ала алмайтын құндылықтар да бар ғой. Отбасыңыз, бала-шағаңыз – сатып ала алмас теңдессіз қымбат қазынаңыз емес пе? Әйелі мен бала-шағасының алдында еркектік қасиетінің қадірін арттырып, абыройын асқақтатып отыруға кім кедергі? Ешкім! Айналып келгенде, адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне келіп тіреледі.

Қуаныш ҚУАТҚЫЗЫ, бірлестіктің Алматы қалалық филиалының психологы: – Бұл мәселенің өзектілігі сонша, бүгінгі күннің басты назарында тұрған мәселе дер едім. Әрине, бала тәрбиесінде ана мен әкенің рөлі бірдей. Алайда көп жағдайда балаға қатысты бар шаруаны анасына ысырып қоямыз. Жай ғана ата-аналар жиналысын алайық, бірен-саран әке болмаса, негізінен аналары барады. Неге? Бала ортақ болған соң оның тәрбиесіне қатысты дүниенің бәрі әке-шешеге ортақ болуы керек қой.

 

Саналы ұрпақты қалай жетілдіреміз деп шарқ ұрып жүрген бүгінгі тұста әкенің тәрбиесі тіпті ауадай қажет. Қазақ баланың ісіне тәнті болғанда, бойындағы жақсы қасиеттерін байқаса «тегі жақсы екен», «текті жерден шыққан ғой» деп сүйсініп жатады емес пе. Яғни, қанмен берілетін тектілікті – әкенің тәрбиесін бірінші айтады. «Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұм жүрек» деп өз дәуірінде «Көмекей әулие» атанған Бұқар жыраудың айтқаны есіме түсіп отыр. Шынында да, «әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді». Әке тәрбиесін көрген ұл мен қыз батыл келеді, өзіне деген сенімділігі жоғары болады. Әкенің иісін сезіп өскен бала болашағында кездескен қиындықтарға сынбай, өз орнын адаспай табады.

Қазір мемлекеттің идеологиясына түрлі деңгейдегі ҮЕҰ мүшелері атсалысып жүр. Бала тәрбиесіне, отбасы құндылығына қоғамның ықпалы күшейген сайын сол бағытта жұмыс жүргізіп жатқандардың саны артып жатқаны дұрыс та сияқты. «Тамшы тама берсе тас теседі» дейді ғой. «Сенімен Болашақ» РҚБ да сондай ұлы мақсатты ұстанған бірлестіктің бірі. Бірлестіктің аты айтып тұрғандай, «Сенімен болашақтың» болашағы – жастарымыздың қасынан табылады.

Оның үстіне, қазіргі қоғамда тек өз балаңды тәрбиелеу жеткіліксіз, балаң да қоғамның бір мүшесі болғандықтан тәрбиені өсіп жатқан ортасынан алады. Балаға жайлы орта қалыптастыру әрі ата-аналардың педагогикалық-психологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында құрылған платформаның басты бағыты – саналы ата-ана мәдениетін орнықтыру, әрбір ата-ананы саналы ұрпақ тәрбиелеуге жұмылдыру. Баланың бас ұстазы – ата-анасы болғандықтан, алдымен ата-аналарды тәрбиелеуді ниет еткеніміз де сондықтан.

Соның ішінде әкелер мектебін жолға қоюға бағытталған нақты жобаларымыз бар. Мысалы, әр өңірде ашылған филиалдарда «Толағай» атты әкелер апталығы өткізілді. Оны дәстүрге айналдыру қолға алынды. Одан қала берді Шымкент қаласында «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі», Абай облысының орталығы Семейде «Әке – отбасының тірегі», «Менің әкем ең жақсы адам», Павлодар облысында «Әкенің балаға берер ең құнды дүниесі – тәрбие», «Бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды» тақырыбында семинар-тренингтер өткізілді.

Онымен қоса саналы әке тұлғасын қалыптастыруды мақсат еткен дөңгелек үстелдер мен қоғамда беделі бар әкелермен кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрады. Мұндай іс-шаралардың ауқымын кеңейтіп, болашақта республикалық деңгейге өткізу  жоспарда бар.

Хызыр ЖАНАРЫС, Павлодар облыстық филиалының басшысы: – Баланың тұлғалық қасиетін қалыптастыруда әкенің рөлі жоғары екенін насихаттайтын әкелер мектебін құрып, оны дұрыс жолға қоя білуіміз керек деген бағыттан жаңылмай жұмыс жасап келеміз. Филиалда аузы дуалы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқата алған ел ағаларын қатыстырып, тренингтер ұйымдастырғанда осы мәселе қоғамда керек екенін білдік. Және сол жолдағы жұмысымызды жандандыру үстіндеміз.

Сондай-ақ ерлердің рөлін БАҚ бетінде, кино саласында насихаттап, дамыту керек. Қазіргі ақпарат ағымына қарай әлеуметтік желілерде әке статусын көтеруге бағытталған әлеуметтік роликтер, қысқа-қысқа сериалдарды көбейтсек, ұтарымыз көп болмақ. Қанша дегенмен, әкенің қас-қабағы №баланың бас сабағы бола алады. Әкенің ұстанымы үлкен тәрбие мектебі. Әкенің қаталдығы ол баласына мейірімсіз, қатігез дегенді білдірмейді.

Керісінше, жақсы әке осындай мінезімен үлгі болып, дараланып тұруы керек. Ол – ӘКЕ. Ертеңгі күні баласының жақсы-жаман болуы өзіне тиетіндіктен әкенің шешеге қарағанда қатал болуы заңдылық. Әке махаббатын сыртқа шығармаса да іштей сездіреді. Ол баласы үшін отқа да, суға да түсуге дайын, керек десеңіз жұдырықтай жүрегін баласы үшін жұлып беруге даяр жан. Жалпы әке отбасындағы, қоғамдағы беделін арттыруды өзінен бастағаны жөн.

Иә, Алла Тағала ЕРКЕК етіп жаратып, еркек болмысына тән намысқойлықты, жауапкершілікті берді ме, сол қасиетінен алыстамауы керек. Мұны «ұр да жық» дөрекілікпен шатастырмау керек. Өзін-өзі тәрбиелеуге қауқары жетпеген еркек балаларын қалай басқара алады? Қысқасы, «Еркекке тіс те керек, іс те керек, білек те керек, жүрек те керек…» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі жігіттің бесаспап болуын меңзеп тұр. Ендеше Әкелер мектебін қалыптастырып, әкенің статусын көтеруден ұтпасақ ұтылмасымыз анық.

Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ,
журналист, Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий