Рухани тәрбие адамгершілік бастауы

Қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақтың тәрбиесіне зор мән берген. Қазіргі қарыштап дамыған елде, ең алдымен, ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріліп отырғаны белгілі. Себебі ұлттың бүгіні де, болашағы да өскелең ұрпаққа байланысты. Осы тұста мектептің алдына қоятын басты мәселерерінің бірі-адамгершілік қасиеті мол ұлттық құндылығын жоғалтпаған, өрелі, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу.

Рухани – адамгершілік тәрбие – белгілі бір мақсатқа қол жеткізе білетін мақсатты, жүйелі, ұлттық көзқарасты, сенімді, парасатты, мінез- құлықтағы адами тәртіп пен рухани дағдыны қалыптастыратын жалпы азамзаттық тәрбиенің құрамдас бөлігі.. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады. Рухани- адамгершілік тәрбие- бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады.

Жеке адамның адамгершілік санасының дәрежесі оның мінез- құлқы мен іс әрекетін анықтайды. Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа-қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, тәрбиешінің, ата-ананың да болашағы зор болмақ. Бөбек оқу-сауықтыру кешеніне балалар 22 күнге келеді. Берілген уақыт ішінде оқу сауықтыру кешенінің арнайы дайындалған жоспары бойынша балаларды оқыту, емдік сауықтыру, әрі бөбектегі күндерін қызықты, пайдалы етіп өткізуге арналған іс шаралар жүзеге асырылады.

Тәрбиеші ретіндегі менің міндетім – балалардың тәрбие жұмысын, демалыс уақыттарын, көпшілік мәдени жұмыстарын жүргізу. Басты мақсатым – бала бойында оң өзгерістердің пайда болып, балаларға  әлемдегі  жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды бойларына сіңіруге ықпал ету. Қазақстанның әр аймағынан келіп бір ортаға жиналған балалардың бір- бірімен жақсы қарым қатынас орната алуы, жаңа ортаны жағымды қабылдай алуы өте маңызды. Осыны ескере отырып, таныстықтың алғашқы сәттерінен бастап балаларды ең жақын адамындай ерекше сүйіспенішілікпен қарсы аламын.

Келген балалардың көңіл күйлері көтеріліп кешенімізде 22 күн бойы қызықты сәттер күтіп тұрғанын сезеді. Осылайша, балалардың бөбектегі ең бірінші танысу күні өткізіледі. Танысу барысында толықтай қауіпсіздік ережелерін айтып балаларға сәттілік тілеймін. Әрбір күніміздің нұрлы болуы үшін тек жақсы ойлап көңілді болуымыз өте маңызды екенін түсіндіремін. Айналамен таныстыру жұмысы жүйелі жүргізіледі. Біз қоршаған ортаның жақын нысандарымен баларды таныстырамыз.

Күн тәртібі бойынша дене шынықтыру жаттығуларына, қимылды қозғалыс ойындарға қызығушылық көрсетуге үйренеді. Күнде 8-10 минут көлемінде таңертеңгілік жаттығулар өткізіледі. Әр топ өз әндерін жаттайды. Иә мағыналы, жақсы өлең балалардың жүрегіне жол тауып, бірден жаттауға кірісіп өте керемет орындап шығады. Адамгершілік тәрбиесі күнделікті іс-шара, ойын барысында қалыптасып отырады. Балаларға адамгершілік тәрбие негізін қалыптастыру үшін таңертеңгілік  шаттық шеңбері, ұйықтар алдында өткізілетін жүректен жүрекке шеңберінің маңызы орасан зор.

Шаттық шеңбері таңертең жүргізіледі. Шаттық шеңберінде балалар, бір-бірінің қолдарынан ұстап, алақан арқылы жүректің жылуын сезініп үйренеді. Таңертең сергек күйде әрқайсы сәттілік тілеп, жақсы көңіл күй сыйлап күнді ерекше шабытпен бастайды. Күнделікті ертеңгілік осы бір сәттер балаларға ерекше ұнайды. Біздің әрбір күніміз осындай керемет әсермен басталады. «Әр адамның бойында күн бар, тек оның нұрлануына мүмкіндік  беріңдер» – деп ежелгі грек философы Сократ айтқандай әр бір баланың бойында нұр бар, сәуле бар, жарық бар.

Бала бойындағы осы нұрды сәулелендіріп жарыққа шығару, оның шығармашылық қабілетін аша білу мақсатында ауысым сайын әр топтың өнер көрсету кештері жоспарлы түрде өткізіліп тұрады. Өнер көрсету кештерінде балалар адамгершіліктәрбиеге негізделген әндер орындап, көріністер қояды. Бұл балалардың бойында құндылық туралы түсініктерін кеңейтіп, ізгіліктің қалыптасуына жол ашады. Балаларды әрбір жыл мезгілінің ерекшелігіне байланысты табиғатпен үйлесімділікте өмір сүруге баулу үшін де арнайы іс шаралар ұйымдастырамыз.

Қысқы ауысым уақытында «Қыс қызықтары» деп аталатын спорттық жарыс өткізіледі. Бұл арқылы балалар қысқы ойындар мазмұнын меңгереді, дене белсенділігімен айналысады, таза ауада шынығады әрі уақытын қызықты өткізеді. Бұл фактілер өз кезегінде баланың жан дүниесінде үйлесімділік орнауына әсер етеді. Басты мақсат –әр адамның өмірден өз орнын табуына ықпал ету. Өмірдің қарапайым ақиқатына-ұлттық құндылықтарды меңгере отырып, баланы халқының адал ұлы мен қызы болуға нағыз адам деген ардақты атқа лайық болуға жастайынан үйрету.

Балаларды жақсылыққа үйрету жолында атқарылатын керемет іс шарамыздың түрі – тарихы тереңде жатқан, алмалары аңыз болып жеткен Алматы шахарының көрікті жерлеріне саяхат жасау. Әрбір ауысымда балаларды Медеуге, Президент саябағына, Алматы жануарлар саябағына және 28-гвардияшыл панфиловшылар саябағына апарып экскурсия жасаймыз. Экскурсия жасау барысында балаларды әрбір саябақтың салыну маңыздылығымен, тарихи мәні бар ескерткіштердің мазмұнымен таныстырамыз. Балалар әрбір ақпаратты қызығаушылықпен тыңдап, дүниетанымын кеңейтеді, көрікті жерлерді аралау барысында эстетикалық талғамдарын жетілдіреді.

Жүректен жүрекке шеңбері бүгінгі күннен алған әсерлерімен бөлісу мақсатында жүргізіледі. Бірінші балаларды сүйіспеншілік шеңберіне шақырамыз. Бойларына ішкі тыныштық орнатып, сабырлыққа баулимыз. Балалар тыныштық күйге енген соң, әрбір күннің тақырыбына байланысты адамгершілік тәрбиеге негізделген әңгіме өрбітеді. Сондай ақ, балалар бүгінгі күннен ойға түйген жақсы дүниелерімен, жаңадан білген, үйренгендерімен бөліседі. Қандай да бір сұрақтары болса ортаға салып жауабын тәрбиешімен бірге табуға тырысады. 

Бұл арқылы бала өз ойын ашық айтуға, ізденімпаздыққа үйренеді. Баланы сүйіспеншілік нұрына бөлеп, жеке тұлға ретінде дамыта білу – педагогикалық шеберлігі ұштасқан нұрлы жүректі тәрбиешінің ғана қолынан келеді. Тәрбиеші өз бойындағы нұрлы сәуле арқылы айналасына жарық береді, шуағын төгеді, балаларға сүйіспеншілік сыйлайды. Сүйіспеншілік жолымен өмір сүрейік, тек сонда ғана баланы жақсылыққа баули аламыз.

Айман Шайзадақызы ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
«Бөбек» оку-сауыктыру кешенінің
тәрбиешісі, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий