Реформалар жөніндегі жоғары кеңесте “Жайлы мектеп” жобасының орындалу барысы қаралды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын ұлттық жобаларды әзірлеуге қатысты мәселелерді талқылаудан басталды. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасады, – деп хабарлайды Ақорда ресми сайты.

Министрдің айтуынша, жобаның мақсаты – мектептердегі орын тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешу. Жобаның жүзеге асырылуы 800  мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салуға мүмкіндік береді. Жаңа қолайлы мектептердің қазіргі салынып жатқан мектептерден концептуалды артықшылығы мынада: құрылыстың бірыңғай стандарты сақталады, пән кабинеттері мен зертханалар толықтай жабдықталады.

1-4 сынып және 5-11 сынып оқушылары үшін дербес блок болады,  спорт залдарының саны оқушы санына қарай есептеледі және 1-4 сынып пен 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек орналастырылады, әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар қарастырылады. Осы және өзге де жаңашылдықтар балаларымыздың  дағдылары  мен қабілеттерін жан-жақты дамытуға бағытталған. 

Баяндаманы тыңдаған Президент білім алу үшін дұрыс жағдай жасау мемлекеттің аса маңызды міндеті екенін атап өтті. – Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет.

Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ұлттық жобаны келесі жылдан бастап жүзеге асыру үшін биыл барлық қажетті нормативтік актілерді қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің Samruk-Kazyna Construction-ды бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы ұсынысын қолдады. Осы ретте Президент бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалуын қатаң бақылауға алу қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы балалардың оқулыққа толы үлкен әрі ауыр рюкзактарды арқалап жүруге мәжбүр болуына байланысты ата-аналардың шағымдарына арнайы тоқталды.

Бұл балалардың денсаулығына зиян келтіретіні анық. Асхат Аймағамбетов проблемаларды шешуге бағытталған шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, цифрлық оқулыққа кезең-кезеңімен көшу ісі жүзеге асырылып жатыр,  сондай-ақ жаңа мектептер оқушылардың жеке заттарын, ауыстыратын аяқ киімдері мен оқулықтарын сақтайтын жеке шкафтармен жабдықталады. 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий