Дарынды шәкірт – ұлт болашағы
Жаңа дәуір – білімділер заманы. Ғасыр талабына сай зерделі, ой-өрісі жоғары азаматты қалыптастыру – мемлекетіміздің стратегиясы болып отыр. Қазақстан – жаһандық даму заманында еңсесі биік, шаһары кең, шаңырағы тату, бәсекеге қабілетті, жастары қайсар рухты, барша елге атын таныта білген нық әрі орныққан ел. Осындай мерейі тасыған ел жастарының бүгінде мақсаттары айқын, жігері үстем.
Сондықтан, мемлекетіміз әрдайым жастарды қолдап, оларға сапалы білім беріп, жан – жақты дамулары үшін барлық жағдайларды жасап келеді. Дарындылықты анықтаудың дайын үлгісі, әдіс-тәсілдері жоқ. Дарындылық, жеке қабілеттілікті дамыту, интеллектуалдық, шығармашылық мәселесіне педагогтар, психологтар, әдіскерлердің көптеген еңбектері арналған. Бүгінгі таңда дарынды балалар мәселесін зерттеуге қатысты философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерде маңызды ой-пікірлер жинақталған.
Бұл мәселенің түп тамыры ғасырлар тереңінде жатыр. Адамның психологиялық ерекшеліктері жөніндегі идеялар, оның ішінде қабілеттілік туралы ойлар сонау ертедегі грек философтарының еңбектерінде, қайта өрлеу дәуірі ғалымдарының және алдыңғы қатарлы әр елдің озық ойлы педагогтерінің еңбектерінде кездеседі. Қабілеттілік пен дарындылық мәселесі- Орта Азия мен Қазақстан ойшылдарын да толғандырған мәселе.
Мысалы, Әл-Фараби «Бақытқа жету трактаты» еңбегінде этикалық мәселелермен қатар, адам қабілеттілігіне білім беруде түрлі озық әдіс-тәсілдерді қолдану жолдарына көңіл бөледі. Шәкәрім Құдайбердиевте «Насихат» атты өлеңінде өмірдің тұтқасы өнер мен білімде, өнерлі озады, білімді ғаламды билейді, ғылым таусылмас кен, оны жас күніңде үйрен деп насихаттайды. Қабілет-дәреже әр адамда әр түрлі денгейде болады. Іс-әрекетті шығармашылықпен орындау мүмкіншілігін қамтамасыз ететін қабілеттің түрін дарындылық деп атайды.
Біреулер «Дарындылық-іс-әрекеттің белгілі бір салада ерекше жетістіктере жетуге жағдай жасайтын, адам қабілеті дамуының жоғарғы дәрежесі» десе, енді біреулер «Дарындылық үш қасиеттің – ортадан жоғары ақыл-ой қабілеттілігі, шығармашылық жол таба білу және мақсатқа құштарлықтың үйлесімділіг» дейді (америкалық педагог Дж.Рензулли). Ал педагогикалық энциклопедияда төмендегідей анықтама берілген: «Дарындылық-белгілі бір әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғары деңгейі».
Белгілі психолог Н.С. Лейтестің айтуынша: «Дарынды бала-бұл белгілі бір салада жетістіктері айқын көрінетін немесе сондай жетістіктер әлеуеті мол бала». Дарындылық – қабілеттердің жиынтығы, қызметтің бірнеше түрінен көрнекті нәтижеге жеткен, қоғамға пайдалы ісімен көзге түскен жеке адам. Сондықтан да, біз баланың дарындылығы деп, оны өз құрдастарымен салыстырғанда бірдей жағдайда білім игеру деңгейінің шоғырлығымен аса ерекше байқалатын шығармашылық қабілетінің байқалуы деп түсінеміз.
В.Крутецский өзінің математикалық қабілеттіліктің құрылымын зерттеген еңбегінде: «Егер қабілеттіліктер деген ұғымды жеке психикалық қасиеттер деп түсінсек, онда дарындылық дегенді адамның ерекше қабілетінің жиынтығының бірлігі деуге болады»,-деп тұжырымдады. Дарындылық ұғымымен қатар шығармашылық, талант, данышпандық ұғымдары да бар. Шығармашылық – өзінің жаңашылдығымен, өзгешелігімен ерекшеленетін өнім алуға мүмкіндік жасайтын, жеке тұлға бойындағы қабілеттіліктің, білім мен біліктіліктің болуы. Талант-қабілеттіліктің ең жоғары деңгейі.
Әйгерім МОЛДАШЕВА,
“Ақтөбе – Дарын” өңірлік ғылыми – тәжірибелік
қосымша білім беру орталығының әдіскері