Болашақ мұғалімдердің шеберлігін шыңдайтын шеберлік сабағы
Мұғалімдер мерекесі қарсаңында 6В01301 – «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 4 курс студенттерінің шеберлігін шыңдайтын «Педагогикалық шеберлік» сабағы өте тартымды өтті. Болашақ мұғалімдердің шеберлігін шыңдау мақсатында көптеген қызыққа толы әдіс-тәсілдер пайдаланылды.
Шеберлік сабақты бастамас бұрын «Комплимент иесі» әдісі арқылы психологиялық ахуал тудырдық. Студенттердің мінез-құлықын, бейнесін теңеу сөздер арқылы жасырып, оны оқу барысында иесін табу керек болатын. Мектеп, оқушы, ата-ана сөздерін таңдау арқылы үш топқа бөлініп, презентация арқылы тақырыпқа қатысты мәліметтер берілді. «Конверт» әдісі арқылы әр топқа сұрақтар қойылып, ұтымды жауаптар берілді.
«Қызықты ақпарат» әдісі арқылы мұғалімге байланысты тың ақпараттар айтылып, талқыланды. «Мимикалық ситуация» әдісі арқылы студенттерге тақырыпқа қатысты жасырылған сөздер берілді, студенттер белсенділік таныта отыра шешімдерін тапты. «Авторға хат» әдісі арқылы өздерінің сүйікті ұстаздарына, қалаған адамдарына шын көңілімен хат жазу керек болатын.
Сабақ соңында студенттер жазған хаттарын оқып, керемет көңіл-күйлерімен бөлісті. Жалпы сабақ барысында зор белсенділік танытып, өз білімін ортаға салған студенттерге «Ең үздік эрудит» деген марапат берілді. Шеберлік сабағы өз мақсатына жетті деп ойлаймын.
Ж. КУМИСБЕКОВА,
“Мектепке дейінгі және бастауыш
білім беру” кафедрасының аға оқытушысы