Қазақстанда блокчейн технологиялары бойынша алғашқы халықаралық мамандандыру бағдарламасы іске қосылады
Қазақстанда блокчейн технологиялары бойынша алғашқы халықаралық мамандандыру бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов Digital Bridge-2022 форумында сөйлеген сөзінде айтты, – деп хабарлайды осы салалық ведомстваның баспасөз қызметі.

Цифрлық форум аясында Blockchain Academy ашылды. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов қатысты. Вице-министр өз сөзінде бүгінгі таңда цифрлық технологияларды дамытудың әлемдік тренді сапалы адами капитал болып табылатынын атап өтті. Озық технологиялардың, соның ішінде блокчейн бойынша академиялық бағдарламаларды енгізу индустрияның дамуына оң әсер етуі мүмкін.
– Сапалы адами капиталды қалыптастыру есебінен Қазақстанның блокчейн индустриясында жетекші орынға шығуына барлық мүмкіндіктер бар. Блокчейн технологиялары бойынша академиялық бағдарламаларды енгізу жеке адамның өмірін ғана емес, сонымен қатар жаңа шешімдер жасау мүмкіндігімен бүкіл экожүйенің тиімділігін айтарлықтай арттырады деп санаймыз. Өз кезегінде министрлік еліміздің университеттерінің жаңа бағыт бойынша озық бағдарламаларды әзірлеу және енгізу жөніндегі бастамаларына қолдау көрсетуге дайын, – деді Камиль Ақатов.